Бір жобаның игілігін көру үшін жұрт пайдасын бұрыннан көріп келе жатқан басқа дүниені тас-талқан ету немесе жоққа шығару оп-оңай. Осыдан біраз жыл бұрын Кербұлақ ауданының аумағында, халықаралық маңызы бар Сарыөзек – Көктал – Жаркент – Қорғас автожолының жанында сингапурлық инвесторлардың қатысуымен алып цемент зауыты тұрғызыла бастағанда, жұрт қуанып, екі қолға күрек таппай жүрген жүздеген жан еңбекпен қамтылатын болды деп алақайлаған еді. Алғашында түсінбестіктер болып, шеттен келген мамандар мен жергілікті тұрғындар арасында кішігірім қақтығыстардың болғаны да рас. Алайда билік органдарының дер кезінде араласып, түсіндіру жұмыстарын уақытында жүзеге асыруының арқасында өзара келіспеушіліктер шектен шықпады, шиеленіскен жоқ.
Алайда цемент зауыты іске қосылған соң жаңа әрі тым күрделі проблеманың шеті көрінді. Ол кезде Жетісу өңірі Алматы облысына қарайтын. Облыс орталығы Талдықорған мен сол аймақта тұратындар Панфилов, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандары мен сол жақтағы саудасы қызып тұратын шекаралық кедендерге, көрші ел – Қытайға жоғарыда айтылған Сарыөзек – Қорғас жолымен қатынайтын. Бұл республикалық дәрежеде дегенімен, халықаралық маңызы бар автожол табиғаттың қазаққа тарту еткен кереметінің бірі – Алтынемел таулары арқылы өтетін. Жылдар бойы бірнеше ауданның халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тақтайдай тегіс тас жолдың Алтынемел асуы арқылы өтетін 68 шақырымдық бөлігінің бірер айда түте-түтесі шықты. Одан бері де үш жылға жуық уақыт өтті. Қазір автожолдың цемент зауыты жанынан басталып, Алтынемелдің Жаркент өңіріне шығатын тұсына дейінгі бөлігі мүлде істен шықты десек, артық айтқандық бола қоймас. Наурыздың басында Панфилов ауданына іссапарға барамыз деп жетпіс шақырымға жуықтайтын бөлік арқылы батпаққа белшеден батып, ой-шұңқырды айналып өтумен жарты күнімізді жоғалттық. Сонда барып, кейінгі жылдар барысында бірнеше рет күре жолды жауып, биліктегілерді шақырып, талаптарын қойған жергілікті халықтың назын түбегейлі түсінгендей болдық.
Үш жылда облыста бірнеше әкім ауысты. Осыдан екі жыл бұрын жолды жауып тастағандарға А.Баталовтың өзі зауыт басшылығын ерте барып, «бір айда бәрі реттеледі» деген болатын. Одан кейін де бірнеше рет арнайы сапарлап, жұрт алдында сол жаттанды сөзін қайталаған. Алматы облысын жарты жыл басқарған Қ.Бозымбаев та «барлығын қатырам» деген еді. Жаңадан құрылған Жетісу облысының тізгінін ұстаған Б.Исабаев та аудандағы жұртшылықпен жүздесулерінде «бәрі жөнделеді» деп отыр. Ал аудан әкімдерінің үйіп-төккен құрғақ уәделеріне сан жетпейді. Бірақ мәселе ушықпаса, шешілген жоқ. Бүгінде жолдың жоғарыда айтылған бөлігі мүлде жоқ деуге болады.
Жылдар бойы жұрт қызығын көрген күре жолға аяқасты не болды деген сауалға жауап іздесек, тағы да алдымыздан сол жауапсыздық, жоспарсыздық пен талаптың тұрақсыздығы, қадағалаудың нашарлығы шығады. Алып кәсіпорынды іске қосқанда, Алтынемел асуының Жаркент жақтағы бөлігінен Сарыөзектің жанындағы зауытқа шикізат таситын ауыр жүк көліктеріне арналып, қосалқы жол жасалмаған. Ал бұрынғы трасса аса ауыр жүк таситын көліктерге шыдас бермесі айдан анық. Жолмен ары кеткенде 30 тоннаға дейін жүк тиелген көліктер жүре алады. Ал зауытқа Алтынемел тауларынан қопарып алынған әктасты таситын алып көліктер бір тиегенде 50-53 тонна жүкті алып жүрген. Жергілікті халық бірден дабыл қағып, жолдың жағдайы нашарлайтынын айтқанымен, естір құлақ табылмаған. Жоғары жаққа Кербұлақ ауданында жүздеген жанды жұмыспен қамтитын, өз еліміздегі шикізаттан жылына мыңдаған тонна сапалы цемент шығаратын зауыт ашылды деп мақтанып қойғандар, шетелдік кәсіпкерлердің өз пайдалары үшін асыра сілтеуіне, ауыр жүк тасымалдауға арнайы қосалқы жол салуға құлшыныс танытпауына назар аудармаған.
Былтыр жаздан бастап Алматы облысы екіге бөлініп, Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандарының халқы облыс орталығы Қонаев қаласына Еңбекшіқазақ ауданы мен Алматы қаласы арқылы қатынау қиындығынан құтылды. Оның есесіне, Жетісу облысындағы ең ірі Панфилов ауданының тұрғындары мен өңірдің кәсіпорындары мен кәсіпкерлері, шаруа адамдары, тұрғындары Қытайға, екі арадағы шекаралық кеденге, онда орналасқан халықаралық сауда орталығына бару үшін Алтынемелді асып өте алмай, Алматы арқылы сапарлап, 300 шақырымның орнына, 600 шақырымға сабылып жүр. Кейде азапты жолға айналған жетпіс шақырымға тәуекел жасайды. Жолда қалып жатқандар жетерлік. Ал Кербұлақ ауданының асудың арғы жағында орналасқан ауылдары мен Жаркенттік шаруалар жол азабынан әбден қажығандарын айтады. Әсіресе, нағыз науқан басталатын, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім кездерінде қарға адым жерге қатынай алмай, тірліктен түңіліп кетеді.
Бұл жолдың жыры 2021 жылы басталған. Сол жылы жазда күре жол жүруге жарамай қалғанда барып, өз міндеттерін орындауға кіріскен көліктік бақылау қызметі екі ортада арлы-берлі ағылған ауыр жүк көліктерін жаппай өлшеу барысында олардың барлығына белгіленген 30-32 тоннаның орнына 50-53 тонна жүк тиеп, тасымалдайтынын анықтайды. Шұғыл шаралар қолға алынып, аудандық және облыстық әкімдіктің ықпалымен «ҚазАвтоЖол» АҚ мен ALACEM цемент зауыты өзара келісімге келіп, жолды бірлесе отырып, реттеуге уағдаласқан. Сол кезде біршама жұмыс атқарылды. Одан кейін де бірнеше мәрте ойылып кеткен тұстар тегістеліп, қиыршық тас төселген. Бірақ жолдың негізгі төсемі бұзылғандықтан, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарының нәтижесі ұзаққа бармады. Көліктік бақылау қызметі мамандары да күнде күре жолға шығып, жүк көліктерінің салмағын өлшеп тұрмайды ғой. Ақыры, жол мүлде істен шықты десек, артық кеткендік бола қоймас. Сондықтан зауытқа шикізат таситын жүк көліктеріне арнап қосалқы жол салу, бұрынғы трассаны түбегейлі қайта төсеу мәселесі кезек күттірмей шешуді қажетсінеді. Әне-мінемен уақыт өтіп барады, қажыған халық соңғы кездері жақсылықтан күдер үзе бастады.
Жетісу облысына жолы түскен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев облыс орталығындағы жүздесулерінен соң Кербұлақ ауданына арнайы атбасын бұрып, жолдың жағдайын өз көзімен көріп, жұртшылықтың Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар жолмен ауыр жүк тиеген көліктерді жүргізбеу туралы талабы орындалуға тиіс деп мәлімдеді. Бұл мәселеге Үкімет назар аударып отырғанын айтып, тұрғындардың үмітін жақты.
Жанына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл және «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларын ерткен министр күре жолдың Алтынемел асуы арқылы өтетін бөлігінің жай-күйіне баса көңіл бөлді. «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, ALACEM цемент зауытына шикізат таситын жүк көліктері жолдың быт-шытын шығарған. Сондықтан жергілікті тұрғындар зауыттың өзіне қажетті шикізатты тасуы үшін қосалқы жол салып алуын, бүлдірген жолды жөндеп беруін талап етіп отырған көрінеді. Цемент зауыты биылға дейін Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолды жөндеуді бірнеше рет міндетіне алған және мүмкіндігінше атқарған. Алайда үздіксіз қатынайтын ауыр жүк көліктері бәрібір шыдатпайды. Жолдың жөнделген жерлері қайтадан жарылып, асфальты уатылып кетеді. Мұны жергілікті қоғам белсенділері де растайды. Министр жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселеге Үкіметтік деңгейде назар аударылғанын айтты. Биылғы бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, Алтынемел асуы мен Сарыөзек кентіне дейінгі ұзындығы 68 шақырымдық жолды жөндеу «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылыпты. Осы серіктестік директорының орынбасары Нұрсұлтан Нұрғисаны қасына шақырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
– Алтынемел асуына дейінгі жолдың жөндеуін биыл толық бітіре аласыздар ма? Дәл қазір жолдың осы бөлігін бітіру аса маңызды болып тұр. Әсіресе, 45-68 шақырымының құрылысын аяқтау кезек күттірмейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі көңіл бөліп, назарында ұстап отыр, – деп сауалды төтесінен қойды және оған «орындаймыз» деген жауап алды. Министр жергілікті қоғам белсенділерінен қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуін, жұмыстың сапасын үнемі назарда ұстап, бақылап отыруды өтінді.
Қазақстан – Сингапур әріптестігі арқасында дүниеге келген ALACEM цемент зауытына барып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бас директорының орынбасары Станислав Щербаковқа жергілікті тұрғындардың талабын жеткізіп, жүк көліктеріне қосалқы жол салу керек екенін тағы да ескертті. Қысқа уақыттың ішінде Сарыөзек – Көктал бағытындағы автожолдың Алтынемел асуынан асар тұсындағы 45-68 шақырымын жөндеу мәселесін шешу жолдарын қарастыруды өзі басқаратын министрліктегі тиісті мамандарға тапсырды. Цемент зауытының басшылығы қосалқы жол салу үшін үлес қосуға тиіс. Оның есесіне кәсіпорынның басқа бастамаларына қолдау көрсетіледі. Сонда ғана жұртты толғандырып отырған мәселе шешімін табады.