«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы Өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Ләззат Темірова «Жеке тұлғалар үшін соттан тыс банкроттық рәсімін түсіндіру» бойынша тақырыптық қабылдау өткізді.
Қабылдауға сонымен қатар Қызылорда қаласында ресми филиалдары бар екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты. Келушілерге сала мамандары мен банк қызметкерлері банкроттық рәсім алгоритмін түсіндіріп, қажетті құжаттар тізімін ұсынды. Даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен қалай реттеуге болатынын, қайта құрылымдау дегеніміз не және ол қашан қолданылатынын, банкроттық рәсімдерін қолданудың қандай салдары барын ашып айтты.
Президент былтыр 30 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң 3 наурызда күшіне енген болатын. Осы заңның ережелері борышкерлермен қатар кредиторлардың да мүдделерін ескереді, осылайша екі тараптың мүдделерінің тепе-теңдігі сақталады.
«Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық шеңберінде азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге қатысты қарыздарын есептен шығару жөнінде өтініш бере алады. Мұндай рәсімді қолында мүлкі жоқ адамдар пайдалана алатыны және олардың жиынтық кредиттік міндеттемелері 1 600 АЕК-тен аспау керектігі жөнінде айта кеткен жөн, бүгінде ол 5 520 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ міндетті талап – қатарынан 12 ай өз міндеттемелерін өтемеу болып табылады.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. Бұған 1 600 АЕК шекті мәннен асатын сомаға міндеттемелері бар барлық борышкерлер кіреді. Бұл өлшемге сәйкес келетін азаматтар тіркелген жері бойынша сотқа банкроттыққа өтініш бере алады.
Үшінші рәсім, «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады және одан өткен борышкер банкрот деп танылмайды. Бұл ретте мұндай рәсімді жиынтық міндеттемелері олардың мүліктерінің құнының мөлшерінен аспайтын азаматтар пайдалана алады», – деді Ләззат Болатқызы.
Маманның айтуынша, банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін ол адам бес жыл бойы банктен несие де, қаржы ұйымдарынан микрокредит те ала алмайды, тіпті кепілгер немесе қоса қарыз алушы да бола алмайды. «Банкрот» мәртебесі бар адам автокөлікке немесе ипотекаға кредит берудің мемлекеттік жеңілдікті бағдарламаларына қатыса алмайды. Кредиттік ұйымдардың ішкі саясаттарына сәйкес, 5 жыл өткеннен кейін де кредиторлар бұл адамдарды басты назарда ұстауы әбден мүмкін. Сонымен қатар «банкрот» мәртебесі бар адамдар жеті жыл ішінде бұл рәсімге қайта өтініш бере алмайды.
Ләззат Темірова келушілерге толық ақпарат ұсынып, қосымша мәлімет қажет болса өңірлік басқармаға жүгінуге болатынын немесе https://www.fingramota.kz/kk сайтынан білуге болатынын жеткізді.