Кейінгі кезде әлеуметтік желіде жеке брендін қалыптастыру тақырыбы трендке айналды. Осы мақсатта бірталай қаржы жұмсап жатқандар бар. Сол сияқты университет брендін көтеруде маңызды. Бұл оқу орнының артықшылығын көрсетіп, бірегей атануына көмектеседі. Мәселен, Оксфорд, Кембридж атауының өзі брендке айналып отыр. Сайып келгенде, аталған университеттер осы жолда қыруар қаржы мен уақыт жұмсағаны белгілі.Түрлі тәжірибе бар
Университет брендін қалыптастыру, көтеру жайын зерттеп жүрген менеджерлердің пікірінше, талапкер алдымен оқу орны брендіне мән береді. Одан кейін білім беру бағдарламасын қарайды. Расымен, елімізде де университет атауына бола қаламаған мамандығына тапсыратын талапкерлер бар. Себебін сұрай қалсаң, сол оқу орны атмосферасын сезініп, көшке ілескісі келетінін алға тартады. Бұл қалай десеңіз, осы турасында шетелдік оқытушы Анна Веклич сәтті талдау жасаған. Мәселен, оның айтуынша, университет студентіне үш нәрсе «сатады». Біріншісі ата-ана мен талапкер мән беретін оқу орнының жеке ерекшелігі, құндылығы, атауы. Мұның өзі шешім қабылдауға орасан зор әсер етеді. Екіншісі – орта. Қазір жастар арасында жиі айтылып жүрген дамушы ортаны меңзеп тұрмыз. Яғни, университет «тұтынушыға» оның белгілі бір мерзімнен кейін де араласатын, ресурс алмасатын ортасы болатынына кепілдік береді. Үшіншіден, эмоция «сатады». Дәлірек айтсақ, бұрын сол оқу орнын бітірген тұлғаның естелігі немесе танысының жылы әңгімесі талапкерді елітеді. Оның ой көкжиегінде «мен де сол күйді кешсем» деген аңсау сезімі оянады. Байқасаңыз, қазір көптеген университет таныстыру бейнеролигін белгілі бір оқиғаға, естелікке негіздеп түсіреді.
Қазір альма-матер тіркесін жиі естіп жүрміз. Рухани ортасын, ішкі тірегін тапқан студент білім алған ордасын осылай атайды. Бұл сөз университетте өткен жылдарына, қалыптастырған ортасы мен құндылыққа құрметі іспетті. Бірақ заман ағымына байланысты бренд ұғымының мәні де, атқаратын қызметі де тереңдей береді. Мысалы, бұрын журналистика факультеті десе, ҚазҰУ-ды айтып, медицинаны ҚазҰМУ-мен байланыстыратын. Яғни, оқу бағдарламасы, одан түлеп ұшқан шәкірттердің жетістігі жарнама еді. Ал қазір еліміздегі біраз университет ребрендинг жасап, атауын ауыстырып, PR-ға көңіл бөліп жатыр. Айталық, M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti 1994 жылдан бастап 2015 жылға дейін тіркелу нысанын және тиісінше атауын бірнеше рет өзгерткен. Ерекшелігі университет атауын қысқартып жазғанда қазақ тілінде де, орыс тілінде де айырма болмайды. Бұл маркетинг жағынан да, басқасы үшін де тиімді. Сол сияқты біраз оқу орны бренд дамыту бөлімін ашып, альма-матерде өткен әр бастаманы жарнамалауға тырысады.
Брендбуктың сыры көп
Жоғарыда ребрендинг жасау жайына тоқталдық. Соның жарқын үлгісі – Алматы Менеджмент Университеті. Аталған оқу орны 2014 жылы университет статусын алып, атауына ребрендинг жасады. AlmaU өкілінің айтуынша, атаудың астарында жаһандық университет болуды мақсат етіп, Алматы қаласын, Қазақстанды насихаттауды көздеген. Мәселен Оксфорд, Кембридж, Стэнфорд және тағы басқасы орналасқан қала атауымен аталып, бүкіл әлем осы қалаларды оқу орны арқылы танып жатқаны бар.
«Жоғары білім саласы – елге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін салалардың бірі. Біз де әлемге әсем қаламыз Алматыны насихаттау мақсатында осы атауды таңдадық. Яғни, университет брендін шетелдерде жаһандық тұрғыда тарата отырып, Алматы қаласының, жалпы Қазақстанның жоғары оқу жүйесі жайлы жағымды пікір қалыптасыруға болады. Шетелдік тәжірибені қарастыратын болсақ, АҚШ-тың Иллинойс штатының Университетінде (University of Illinois at Urbana-Champaign) тәжірибеден өттім. Университеттің логотипінде I – әрпі орналастырылған. Ол бір жағынан Illinois-штатының бас әріпін білдірсе, екінші жағынан «Мен» деген ұғымды білдіреді, осылайша университет The power of I атты науқан ұйымдастырған еді. Яғни, мұнда әр студент өзінің жеке артықшылығын осы университетте ашып, жетілдіреді деген месседж бар. Бұл науқан университет брендіне жағымды әсер береді», – дейді AlmaU-дың академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын.
Бұл жерден байқағанымыз, бренд тұрғысынан келгенде ерекшелену маңызды. Мұнда оқу орнының логотипі, символы, гимні, рейтингтегі орны мен қоғамдағы беделі рөл ойнайды. Бір жағынан мұны бизнеспен байланыстыруға болады. Өйткені оқу орнын кампус ретінде бейімдеп, қалашық жасап, ішінде студенттің бар қажетін өтейтін университеттер бар. Яғни, поликлиника, спорт кешені, кинотеатр, сауда орны, шаштараз, бәрін-бәрін қамтиды. Астарында инвестор тарту, бизнесмен назарын аударту жатыр. Одан бөлек, университет логотипі бар киім-кешек, кәдесый да бренд қалыптастыру үшін айтарлықтай рөл ойнайды.
Осындайда брендбук терминіне мән береміз. Бұл белгілі бір мекеменің жеке куәлігі сияқты. Брендбук – компанияның мақсаты, концепциясы, бағыты жазылатын құжат. Брендті қалыптастырған соң, осы жайлы брендбукке жазылады. Қазір біраз университеттің өзіндік брендбугі бар. Ол бренд, фирма стилі, ереже мен дизайннан тұрады. Жоғарыда жазылғанның дені фирма стиліне кіреді. Яғни, әркімнің өзіне тән ережесі болмаса іс құрдымға кететіні бар. Сондықтан дизайнер мен маркетолог оқу орнының бұрыннан келе жатқан құндылығын жоғалтпай, жаңа заманға бейімдесе игі.
Сайып келгенде, PR бөліміне артылар жүк көбейді. Медиа, ақпарат беру тәсілі түрленген соң, аудитория сұранысы күшейді. Мысалы, бір ғана әлеуметтік желідегі иірімге ілесіп, алғышартты орындаудың өзі орасан зор пайда. Өйткені – бұл заманауи брендбук. Сондықтан білім беру саласындағы бренд қалыптастыруды балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін қолға алып жатыр. Байқасаңыз, елорданың өзінде бәсекеге қабілетті, брендбугы толымды білім беру мекемелері көбейіп келеді. Сәйкесінше, сапасына қарай бағасы да біршама.