Смайылов Үкіметін «мүмкіндіктер Үкіметі» деп атаса, лайық. Бірақ бұл оның ел үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашқанын білдірмейді. Оның өзіне көп «шанс» берілгенін меңзеп отырмыз. Ә.Смайыловтың командасы «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін билік басына келді, оған көп үміт артылды, әрі еркін қимылдауына мол мүмкіндік берілді. Ол үмітті ақтады ма? Былтыр «инфляцияны құрықтамаса, Үкіметке қатысты күзде ауыс-түйіс болады» деген Президент тағы мүмкіндік беруге ұйғарыпты. Күні кеше Әлихан Асханұлына жаңа Үкіметтің тізгінін табыстап тұрып, жаңа депутаттар: «Үкіметке 6 айға екінші мүмкіндік береміз» десті.Осы мүмкіндіктің бәрін жаңа-ескі Үкімет одан ары ұтымды пайдалана алса, игі. Қымбатшылық қажытқан шақ
Отставкаға кеткен ескі Смайылов Үкіметі жаңа Смайылов Үкіметіне 2023 жылғы бюджеттің 3,2 триллион теңге тапшылығы түрінде ауыр мұра қалдырды. Бұл ретте 2022 жылы бүкіл әлемде және елімізде экономика мен салалар толық қалпына келді. Ендеше бұл Үкімет Мамин басқарған Министрлер кабинеті сияқты бар айыпты пандемияға және соның қиыншылықтары мен шектеулеріне жаба алмайды.
Амалсыз, жаңа Үкіметке қайтадан Ұлттық қорға қол салуға, қол салғанда мол салуға тура келеді: бұрын бекітілген 2,2 триллион теңге сыртында, қордан тағы 800 миллиард теңге көлемінде нысаналы трансферт қаражатты қосымша тартады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр жаңа Үкіметтің басты бір міндеті ретінде – инфляцияны төмендетуді белгіледі. Алайда 2022 жылы баға қымбатшылығы ел азып, экономика тозған 90-шы жылдардан бері болмаған деңгейге жетті. Елде әлеуметтік кернеу туды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы инфляция 8,4% құрады. Соның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы – 9,9%, азық-түлік емес тауарларынікі – 8,5%, ақылы қызметтер құны 6,5% өсіпті. Енді салыстырыңыз: 2022 жылы инфляция 20,3%-ға шарықтады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 25,3%-ға, азық-түлік емес тауарларында – 19,4%-ға, ақылы қызметтер құны 14,1%-ға шығындап кеткен.
Яғни, қымбатшылықты ауыздықтауға Үкіметтің қауқары жетпеді, амалы әлсіз болды.
Смайылов Үкіметіне Президент еліміздің дамуын тежейтін, аяғына оралғы болатын шектен тыс бюрократияны жүйелі түрде жоюды жүктеді. Өйткені бюрократия ауқымының ұлғайғаны сонша, көптеген мемлекеттік құрылымның еңбек, қаржы ресурстарының үлкен бөлігі соны еңсеруге босқа шығындалады. Мемлекеттік қызметшілер түрлі келісім алу, құжатқа қол қойдыру үшін саналуан ведомстволар арасында жүгіріп жүр. Содан Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 сәуірді «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» арнайы, жеке Жарлық шығарды. Әйтсе де, тарихта теңдесі жоқ осы құжатты әр сала бойынша жүзеге асыруға қажетті заңнамалық түзетулердің, нормативтік-құқықтық актілердің әлі күнге әзірленбегені анықталды. Тиісті заңдарда Үкімет жаңа Мәжіліске тек биыл енгізбек.
Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған жаңа Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «шынайы дебюрократизация жүзеге асырылмағанын» мәлімдеді. Жаңарған Конституцияда барлық қажетті қосымша құзыр берілгенімен, батыл қимылдауға Үкіметтің жүрегі дауалар емес. Салдарынан, маңызды шешімдер жеделқабыл өмірге жолдама алу орнына, бюрократияның батпағында малтығып жатыр. Шенеуніктер ведомстволар, Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасында қаптаған келісу рәсімдерінен өтуге алтын уақытты сарп етуде. Министрлер өз бетінше шешім қабылдаудан тайсақтайды, ұжымдық жауапкершілік болуы үшін құжат астына өзге әріптестерінің қолын молынан жинауға күш салады.
Жаңа Үкімет жарты жылда орынтағынан ауып қалғысы келмесе, осы және басқа жаман әдеттерінен дереу арылғаны абзал.
Өзіне-өзі қандай мұра қалдырды?
Бірақ бір жыл ішінде Үкіметтің қолынан келген істер де жетерлік. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы оны дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндеттеді. Соның ішінде ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жүктелді. Қ.Тоқаев мұны – экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы деп атады. Себебі, қанды қаңтар оқиғалары ұлттық валюта бағамына орасан зор қысым жасады. Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық «жасырын» ақша аударылымдарына байланысты болды.
Содан бері қабылданған шаралар арқасында елде ауқымды девальвация болған жоқ. Ұлттық банк дерегінше, 2022 жылғы 1 қаңтарда доллар бағамы 431,8 теңге болыпты. Ал 2023 жылғы 31 наурызда 1 доллар 448,05 теңгеге тең болды. Үкімет пен қаржылық реттеуші Ұлттық қорды мол шығындап, биржаға көп интервенция жасамады. Шетелдік валютаны сыртқа шығаруға шектеу енгізді. Ірі институционалдық құрылымдарға, инвесторларға шетелдік валютаны тек өзінің шарттық міндеттемелерін орындау үшін ғана сатып алуына рұқсат етті. Ал «Самұрық-Қазына» қорын, ұлттық компанияларды және жер қойнауын пайдаланушыларды керісінше, шетелге шикізат сатып тапқан валюталық табысының бір бөлігін ішкі нарықта өткізіп, биржаны валютамен молықтыруға мәжбүр етті. Жинағын теңгеде сақтаған қазақстандықтарға салымының 10% көлемінде сыйақы берді.
Тағы бір маңызды жұмыс – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Бұл міндет әсіресе, жаһандық ауыр геосаяси ахуал, Украинадағы қарулы қақтығыс, Ресейге қарсы батыстық қатал санкциялар және жеткізілім тізбектерінің бұзылуы аясында аса көкейкесті еді. Бұған Президент те баса назар аударды. Қазақстанда тауар тапшылығының туындау қаупі артты. Жұрт пандемия кезіндегідей, қайтадан сауда орындарын шабуылдап, үйлерінде «ұлы қор» жасақтауға жандәрмен ұмтылды. Әкімдіктердің тапсырмасымен, бір қолға сатылатын әлеуметтік маңызды тауарлардың көлемі шектелді. Дүрбелеңге бой алдырған қазақстандықтар сөрелердің қаңырап бос қалмағанын, отандық және шетелдік өнімдер тоқтаусыз жеткізіліп жатқанын көріп, көңілі орнына түсті. Ешкім де аштан өліп, көштен қалмады.
Масқарасы сол, қаңтар оқиғаларынан кейін көптеген диқанның көктемгі егіске әлі дайын еместігі анықталды. Үкімет пен әкімдіктер мәселені бақылауға алды, шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз етті. Оқшауланған Ресейді айналып өтіп, шетелден ауыл шаруашылығы техникаларының, тұқым мен тыңайтқыштың тасымалын жолға қойды. Ал күзде жиналған астықтың экспортына арналған балама жолдарды дамытты.
Жалпы, Смайылов Үкіметі билік еткен 2022 жыл Ресейді орағытып өтетін халықаралық баламалы көлік-транзит маршруттері қарқынды дамыған жылға айналуымен есте қалды. Бұл тақырыпты «Айқын» газеті бірнеше рет сараптады. Сондықтан егжей-тегжейлі тоқталмағанды жөн көрдік.
Сонымен қатар Үкімет былтырдан бері сарапшылармен, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін, ауыл кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау, субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, жетілдіріп жатыр. Министрлер кабинеті бұл жұмысын да ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алып отыр.
Қалай болғанда, жалпы алғанда, Смайылов Үкіметі қолынан біршама іс келетінін дәлелдей алды. Дегенмен, ол да бұрынғы жолашарларының бір дертінен арыла алмай тұр: тірлігі шабандау. Билік алмағайып замандағы шалт өзгерістерге тез бейімделіп, шетін мәселелер бойынша жедел шешім қабылдап, оны шұғыл жүзеге асыруы қажет. Жайбасарлыққа салынуға, шенеуніктік формализмге бой ұруға жол берілмейтінін Президент те айтты.
Алайда Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, былтырғы жолдауларында өзге де жиындарда қойған тапсырмалары толыққанды орындалды деуге келмейді. Сөзбұйдаға салынып, сиырқұйымшақтанып кеткені жетерлік.
Қалай болғанда, Смайылов Үкіметін биыл ірі міндеттер күтіп тұр. Мемлекет басшысы енді Үкіметтің толығымен электронды форматқа, цифрлық өріске ауысқаны дұрыс болатынын жеткізді. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін ол барлық саладағы деректер қорын өзара кіріктіріп, «ақылды технологияны» пайдалануға көшуі тиіс. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ қияндағы ауыл тұрғындары да интернет арқылы осы игіліктің бәріне қол жеткізеді.
Биыл Үкіметке бірінші Президент тұсында қабылданған және өзектілігін жоғалтты деп танылған «Қазақстан– 2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарап, орнына Қазақстанның жаңа Стратегиясын түзу жүктеліп отыр. Жаңа Үкіметтің әлеуетін жарқырата жүзеге асырып, жасампаздық пен іскерлік танытатын бір тұсы да осы болса керек. Еліміздің ғасыр ортасына дейінгі жаңа стратегиялық даму құжаты қандай болады? 2012 жылғы желтоқсанда қабылданып, небары он жылда ескіріп қалған «Қазақстан– 2050» стратегиясының жолын құшпай ма? Бұл да енді Әлихан Смайыловтың командасына байланысты. Республиканың жаңа, ұзақ мерзімді даму бағдарламасында заманауи жаһандық үрдістер толық ескеріліп, ел дамуының онжылдықтарға арналған басымдықтары толыққанды айқындалуы шарт.
Ал бизнес пен бұқараны мазалаған мәселелер мен олардың шешімі алда Президенттің қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында пысықталады және жаңа Министрлер кабинетіне жаңа міндеттер белгіленеді деп күтілуде.
Жаңа, әділетті Қазақстан тек саяси, экономикалық және әкімшілік жаңғыруларды қатар алып жүру, үйлесімді ілгерілету арқасында ғана дәуірлей алады.