«Өз есімімнің тарихын есейе келе білдім. Ерекше есім мені тарих іліміне деген қызығушылығымды арттыра түсті. Сондықтан тарих пәнін қызыға оқыдым. Есімімді естігендер алғашында таңырқап қарайтыны жасырын емес. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кетеді. Өз атымнан ешқандай ағаттық көріп тұрғаным жоқ. Өзіме ұнайды. Әрі осы есімім арқылы әлем елдерінің мәдениеті мен тарихын білуге деген құлшынысым арта түсті», – дейді Саддам Хусайн.Саяси тұлғаның есімін арқалаған өрен Жосалы кентідегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектептің 10-сыныбында оқиды. Мектепте үлгерімі өте жақсы. Әсіресе, дүниежүзі тарихы пәнін сүйіп оқиды. Саддамның мектеп қабырғасында белсенділігі жоғары. Түрлі іс-шараларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мерекелік кештерде жүргізушілік қабілетін де танытып келеді.
«Негізінен жолдасым Хусайн Тұрсынбаев екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Әкесі – бір үйдің жалғыз баласы. Сол жылдары ғаламтор деген болмаған. Бәріміз көбіне жаңалық көретінбіз. Сол кездері Ирактағы жаңалықтарды жиі тыңдайтын едік. Үлкен қызым Айғаным Саддам Хуссейннің есімін жиі айтып жүруші еді. Тегі әкесінің атымен аттас болғасын тез жаттап алды. Тіпті, қуыршақтарын да осы есіммен атайтын. Артынша, ұлымыз дүниеге келіп, есімін жанұямызбен Саддам деп қоюды ұйғардық. Бұған қызымыздың ықпалы зор болды леп айтуға болады. Бүгінде ерекше есімді иеленген баламыз мектепішілік іс-шараларға белсене қатысады. Бойынан жақсы қасиеттерді жиі байқаймыз. Өте алғыр, бәрімізге қолғанат болып жүр. Сабаққа да үлгерімі жақсы. Жаңалыққа жаны құмар. Әлем тарихын, түрлі саяси оқиғаларды жанұямызбен осы ұлымыздан естіп, біліп отырамыз. Тіл байлығы өте жоғары. Саясаттан да хабары бар. Болашағынан зор үміт күтіп отырмыз», – дейді анасы Гүлнар Ерсейітова.Анасының айтуынша, ұлының ізденімпаздығы, білім алуға деген құштарлығы кішкентай кезінен байқалыпты. Бүгінде орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген баласының болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді. Ал жарқын болашаққа жол бастаған бала тарих пәнін меңгеріп, еңбек жолында білікті дипломат болуды армандайтынын алға тартты. Сол үшін де білімін жетілдіріп, сүйікті мамандығын меңгеруді мақсат тұтып отыр.
«Тарих, жаратылыстану пәндерін қызыға оқимын. Сәтін салып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде білімімді жетілдіріп, білікті маман атансам деймін. Қазір осы арманымды ақиқатқа айналдыру жолында ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық жүргізіп жатырмын. Болашақта дүниежүзі елдерінің мәдениеті мен тарихын жетік меңгеріп қана қоймай, еліміздің әдеп-ғұрпы мен тарихын айдай әлемге танытсам деген асқақ арманым бар. Арманымды ақиқатқа айналдыру жолында аянбай еңбек ететін боламын. Ата-анамның маған артқан сенімін ақтауды мақсат тұтамын», – дейді Саддам.Білім қуған жасөспірім әлемге танымал ұлы тұлға болып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуді көздейді. Ата-анасының үкілеген үміті жоғары оқу орнына грант негізінде оқуға түсуді армандайды. Осы мақсатына жету жолында қазірден бастап күн-түн демей қызу дайындалып жүр. Талабы таудай балғынға біз де «арманыңа жет» деп ізгі тілегімізді арнадық.
Қызылорда облысы