Абылай ханның «Жеңіс туы»
Абылай ханның «Жеңіс туы»
1,202
оқылды
Тарихтың ақтаңдақ беттерінде талай құпияны қойнауында бүгіп жатқан дерек көп. Олардың бірі уақыт келе жарық көріп жатса, екіншіcі ел ішінде ауыздан-ауызға тарауда. Міне, сондай тарихи деректің бірі – Жауғаш батыр хақында. 1733 жылы дүниеге келген Жауғаш Қырбасұлы туралы кейінгі жылдары көп жазыла бастағанымен, халықтың біртуар тұлғасына қатысты әлі де ашылмаған ақиқат көп. Соның бірі – Абылай ханның «Жеңіс туы» Жауғаш батыр ұрпағының қолында осы таңға дейін сақтаулы тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Ең әуелі дарихи деректерге зер салсақ, қазақтарды шығысында Шың патшалығы, солтүстігінде Ресей империясы, ортасын­да ойран салған ойрат, Оңтүстікте өктем­дік еткен өзгеде хандықтар жан-жақтан қыспаққа алып тұрған тұста ұлт үшін ұлы шайқасқа Абылай хан шыққаны белгілі. Ұлы хан үш жүздің басын біріктіру жолын­да қанша ұрыс пен айқасқа түскені де ақиқат. Міне, осы жорықтарында ханның қасында ту ұстаған сенімді серік­тері болған. Сол серіктестерінің бірі, әскер қолының басы – Жауғаш батыр Қырбасұлы. Ол – Абылай ханның қолбас­шыларының бірі ғана емес, ханның өзі «Жаралы жолбарысым» деп жанына жа­қын тартқан жандардың бірі. 1756 жылы қытайлармен болған соғыста жараланған Абылай ханды Жауғаш батыр жау орта­сынан аман-есен құтқарып алып шық­қаны да тарихтан мәлім. Жауғаш батырдың Абылай ханмен байланысы оның өмірінің соңына дейін жалғасқан. Жоңғарлармен болған талай соғыстарда көтерген «Жеңіс туын» Жау­ғаш батырға аманат етіп тапсырғаны Абы­лай хан мен батыр арасындағы баян­ды бай­ла­нысты, селкеу түспес сенімді білдірсе керек. Абылай хан аманаттаған сол «Жеңіс туы» бүгінде мерейлі Меркі өңіріндегі Жауғаш батыр ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр. Ал аманатқа қиянат жасау­ды жат көретін батыр ұрпақтары адал­дық­тың ақ туын құлатпай, Абылайдың «Жеңіс туын» ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Абылай ханның туын көзінің қара­шығын­дай сақтаған Жауғаш батыр­дың сегізінші ұрпа­ғы Тоқтар Сансызбаев батыр баба­ларына ұлы ханнан «Жеңіс туы» қалай аманат­талғанын аңыз қылып айтып отыр. – Жауғаш Қырбасұлы 1733 жылы қазір­гі Алматы облысының жерінде дү­ниеге кел­ген. Ел басына күн туған жыл­дары бұл ай­мақ жоңғарлардың қарауына өтіп, Жауғаш бабамыз бірде жоңғардың бір сарбазын өлтіріп қойған екен. Содан 15-16 жасында Абылай сұлтанды іздеп, соның қоластына өтеді. Алғашқыда әскердің жеке құрамына алынып, ұрыс кезінде ту ұстаушы болады. Кейіннен әскер басы болып, жоңғар шап­қыншылығын қайтарған бірнеше шайқасқа қатысады. Бірде жаралы Абылай ханды ұрыс алаңынан аман алып шықса, енді бірде өзі қытайларға тұтқынға түсіп қала­ды. Алайда өзінің даналығы мен мәмілегерлігінің арқасында тұтқыннан аман есен босап шығады. Бұл қасиетін бай­қаған Абылай оны оңтүстік өңірлерді жаудан азат етуге, қырғыздармен туындаған текетірестің түйінін тар­қатуға жібереді. Мұнда да Жауғаш өзінің мәміле­гер­лігімен көзге түседі. Қазақ жерін жоңғар­лардан азат еткеннен кейін Жауғаш батыр Абылай хан­нан Жамбыл жеріне қоныс тебуді сұраған екен. Батырдың талай жылғы адалдығына разы болған ұлы хан қандай тілегін болса да орындауға келісіпті. Сол кезде Жауғаш Абылайдың балдызы, қалмақ қызы Жөлкені тоқалдық­қа беруді сұрапты. Хан батырдың өтінішін құп көріп, Жөлке Жауғаштың жетінші әйелі болады. Екінші тілегі ретінде Жауғаш Абылай ханнан жорықтарға бастап шыққан «Жеңіс туын» беруді сұрайды. Ұлы хан бұл тілеуін де құп көріп, оған «Жеңіс туын» аманаттайды. Міне, осылайша Абылай ханның «Жеңіс туы» Жауғаш батыр ұрпағында бабадан балаға мұра болып келеді, – дейді Тоқтар қария. тарихи дерек Жамбылға қоныс аударған Жауғаш батыр ұлысының қазығын қаққан жерді «Жаңа жайлау» деп атайды. Міне, осы «Жаңа жайлауда» 1782 жылдың күзде Жауғаш батыр ақтық сапарға аттанады. Оның неден қайтыс болғаны беймәлім. Алайда Абылай ханды жер қойнына тап­сыр­ғаннан кейін бір жылдан кейін көз жұ­мып отыр. Жауғаш батыр хан Абылайды жерлер кезінде Қожа Ахмед Ясауи кесене­сінен өзіне де жер дайындап келген екен. Осылайша, ұлы батыр ұлы ханның қасына баратынын сезсе керек. Тоқтар Сансызбаев – Жауғаш батырдың Әуез есімді баласынан тараған бір ұрпағы. Ал Абылайдың «Жеңіс туы» қалмақ қызы Жөлкеден тараған ұрпақтың қолында сақтаулы. Аталы ағайындар қазір Меркі ауылында қатар тұрып жатыр. Жауғаш батырдың тағы бір ұрпағы Қырғыз жерінде қоныстанған. Тоқтар қарияның айтуынша, олардың қолында Абылайхан жауға шапқанда оқыған дұғалар жазылған кітап бар көрінеді. Жалпы, Жауғаш батыр ұрпақтары әр онжылдықта «Жеңіс туын» ашып, әруақ­тарға құран бағыштауды өздеріне серт еткен. Алайда 1930 жылдардағы қуған-сүр­гін кезінде Жауғаш батырдың қылышы кәмпіскеленіп, «Жеңіс туын» ұрпақтары беліне байлап, жасырын алып шыққан екен. Кейіннен туды Алматы қаласындағы орталық мұражайға өткізгенімен, музей қыз­меткерлері тудан белгісіз дауыс шыға­тынын айтып, оны кейіннен алып кетіпті. Міне, осы қасиетті туды меркілік Жауғаш батыр ұрпақтары араға 16 жыл салып өткен күзде қайта ашып, құран оқытқан. Уақыт өз дегенін жасап, қазір тудың алтын жалатылған басы қалып, матасы әбден жұқарып біткен. Десе де, сол кезде аудандық тарихи-өлкетану музейінің инспекторы Талғат Сұлтановтың ұйымдас­тыруымен Тараз қаласынан арнайы зергер-реставратор маман шақырылып, тудың өлшемі алынып, көшірмесін жасау шешімі қабылданған. Қазір Жауғаш батыр ұрпақтарының қолында тудан бөлек, батыр сауытының құрамдас бөліктері, қолына ұстаған найза ұшы сияқты жәдігерлер де сақтаулы тұр. Тоқтар Сансызбаев биыл Жауғаш батырдың 290 жылдығын атап өтуді ойлап отырғанын, ол үшін «Жауғаш батыр» қоры құрылып, қазірден дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Осы шарада Жауғаш батырдың ерлігі дәріптеліп ғана қоймай, құнды жәдігерлерінің көшірме­лері мұражайларға өткізілмек. Иә, бұл – көпке үлгі іс. Абылайдай ұлы хан­ның серігі болып, жауды бірге жайрат­қан батырға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Әлі бұл бабалар алдында орын­далған перзенттік парыз болмақ. Мұндай ауқымды бастамадан жергілікті билік те шет қалмай, Жауғаш батырды барынша дәріптейді деген сенімдеміз.

Жамбыл облысы