1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыс кезінде Петропавл уезінде әртүрлі 47 кітапхана болды. Тарих ғылымдарының докторы В.Галиевтің Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының материалдарында жарияланған «Петропавл мұсылман кітапханасы» мақаласында осындай дерек келтірілген.
Петропавл қалалық кітапханасы 1885 жылы ашылған. Ал 1903 жылдан бастап Петропавл станциясында теміржол кітапханасы жұмыс істей бастады. Петропавл қалалық кітапхана-оқу бөлмесі 1909 жылы құрылды. ХХ ғасырдың басына қарай Петропавл қаласында бастауыш және орта оқу орындарының тұтас жүйесі қалыптасып үлгерді, әрі олардың әрқайсысының өз кітапханасы болды.
Мәселен, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың «Тоқай. Өлеңдер» атты кітабында (1909 жыл) «Ақмола облысы Петропавл қаласының мұсылман әйелдер приходтық училищесі» деген мөр басылған. 1910 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Қырғыздарға арналған орыс тілінің практикалық сабақтары» оқулығында «Ақмола облысы Петропавл уезінің Сухотин екісыныптық мектебі» деген мөр бар.
Сонымен қатар оқушылардың үйірмелері жанында да кітапханалар болғанын аңғарамыз. Оған дәлел – Қазан қаласында 1911 жылы татар тіліне аударылып басылып шыққан Лев Толстойдың «Счастье в чём?» очеркінің мұқабасында және бірінші бетінде «Бірлік» Петропавл мұсылман оқушылар үйірмесі» деген мөр бар.
ЖЕКЕ КІТАПХАНАЛАРДЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Сондай-ақ Петропавлда көптеген орыс, татар, қазақ зиялыларының жеке кітапханалары да болған. Тарихта олардың кейбіреуінің аты-жөні мәлім: Исан-Ғазы Булатов, Пётр Казанцев, Иван Буторин, Ахмед-Валей Ибрагимов, Гайнутдин Шикаев, Сағит Нұрғалиев, Зәкіржан Әлханов, Халима Такинова, Закир Қадыров, Ғарифолла Зейнуллин. Олар Л.Блюментальдің, ағайынды Овсянниковтардың, А.Ганшиннің кітап және жазу дүкендерінен, газет-кітап киоскілерінен сатып алған кітаптарынан жеке кітапхана жасаған. Жекелеген кітаптарда «Мүсілімов және Айдаровтың кітап саудасы», «Нияз-Мұхамед Сүлейманов, Петропавл», «Нияз-Мұхамед Сүлейманов, Омбы» деген сауда белгілері бар. Айтпақшы, ақмолалық буржуазиялық тап өкілі Сүлейманов кітап саудасымен айналысып қана қоймай, діни трактаттар да жазған. Кейін Омбы мешітінің имамы болып, кеңінен танылды.
Қазақ зиялысы Исан-Ғазы Болатовтың осы күнге дейін сақталып қалған кітап қоры бүгінде қызығушылық туғызып отыр. Бұл – татар, тәжік, парсы, араб және орыс тіліндегі көркем әдебиет, діни, медициналық, балаларға арналған кітаптар, қоғамдық-саяси басылымдар. Молда Болатовтың кітапханасында әсіресе ислам діні жайлы кітаптардың орны бөлек: «Ислам тарихы», «Орынбор, ХХ ғасырдың басы», «Ұлы пайғамбарлардың тарихы», «Ғибадат мәселелері», «Құран сүрелері» деген кітаптар болған.
Мұсылмандардың киелі кітабы – Құранның алғашқы қолжазбасы (авторы халиф Осман бин Аффан) Ташкентте болса, Булатовтардың отбасылық архивінде сол қолжазбаның көшірмесі сақтаулы. Діни кітаптар арабшадан әлемнің басқа тілдеріне аударылғаны мәлім. Исан-Ғазы Саржанұлының жеке кітапханасында орысшаға аударылған сондай кітаптардың бірі бар. Ол – ресейлік мүфтий, татар діншілі Ғалымжан Барудидің 1906 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Ислам негіздері» кітабы.
Көркем әдебиетке келсек, атақты және аса белгісіз авторлардың кітаптары баршылық: «Кавказ тұтқыны» (Қазан, 1908 жыл), «Сурат кофеханасы» (Қазан, 1908 жыл), философиялық-діни еңбектер: орыс жазушысы Лев Толстойдың 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Не ексең, соны орасың» (Қазан, 1908 жыл) кітабы. Лев Толстойдың шығармаларына қоса, Н.Гогольдің, А.Герценнің, И.Тургеневтің кітаптары да бар. Жеке кітапханада орыс классиктерінікімен бірге татар ақын-жазушыларының кітаптары да болған. Ең алдымен, демократшыл ақын, татар әдебиетіндегі революциялық азаматтық лириканың бастамашысы Ғабдолла Тоқайдың кітаптары лайықты орынға ие. Шайырдың жинағында татар және орыс тіліндегі өлеңдері келтірілген.
1900 жылдардың басында апта сайын шығып тұрған «Тәржіман» газетінде (редакторы Қырымның зиялы азаматы, саясаткері, ағартушысы, қаламгер, баспахананың құрушысы мен бастығы Ысмайыл Ғаспыралы) жаңа кітаптар туралы мағлұмат жарияланып тұрған. Мәселен, 1903 жылғы номерлердің бірінде сиясы кеппеген оралдық Камил Тухватулиннің «Бақытты Мәриям» повесі келіп түскені, бағасы 40 тиын екені жазылған.
Бұл кезде қоғамда орыс тілі, білімі мен мәдениетіне назар аударыла бастаған болатын. Жергілікті молдалар бұған қарсылық білдіріп бақты. Исан-Ғазы Болатов көзі ашық, көкірегі ояу болғандықтан, жаңа бағытқа бірден бет бұрғанға ұқсайды. Оған дәлел – жеке кітапханасында «Жә-
дідшілер туралы сыни мақала», «Ағарту реформасына дейінгі мұсылман мектебінің оқушысы туралы әңгіме» кітаптарының болғандығы.
Бұл кезеңдегі шығармаларда әлеуметтік мәселелер, қыз-келіншектердің аянышты тағдыры сипатталған. Медициналық брошюраларда сол кезде кең таралған тырысқақ, аусыл, сондай-ақ маскүнемдік туралы баяндалған. Балаларға арналған әдебиет негізінен әзіл-оспақ, көңілді әңгімелерден құрылған.
Х.Хусаиновтың Орынбордағы кітап және жазу дүкенінің 1912 жылы татар және орыс тілдерінде жарық көрген жарнамалық анықтамалығында марапаттар мен сыйлықтарға арналған кітаптар ұсынылған. Сыйлықтардың бірін 1914 жылы Петропавл әйелдер гимназиясының 3-сынып оқушысы Евгения Круглова жеңіп алған. Бұл туралы: «Петропавл әйелдер гимназиясы педагогикалық кеңесінің қаулысымен 3-сынып оқушысы Евгения Круглова үлгілі тәртібі мен үздік оқуы үшін марапатталсын» деген жазба сақталған. Кейін Евгения гимназияны алтын медальмен тәмамдап, зейнет демалысына шыққанша Петропавл қаласындағы мектептерде математика пәнінен сабақ берген екен.
РЕКВИЗИЦИЯЛАУ ЗАРДАБЫ
Мұсылман көпестері мен орыс өнеркәсіпшілері қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар ретінде де танылғаны белгілі. Олар өз қаржысы есебінен мектептер мен медреселер ашып қана қоймай, кітап, мерзімді басылым басып шығаруға да ат салысқан. Мәселен, Исан-Ғазы Болатовтың жеке кітапханасындағы кітаптардың басым бөлігі Қазан қаласындағы «Ағайынды Кәрімовтер» сауда үйінің және Орынбор мен Уфадағы «Кәрімов, Құсайынов және К» әдеби баспаханасында басылып шығарылған. Болатовтардың отбасылық кітапханасында өз кезегін күтіп жатқан түптелген және түптелмеген бірнеше қолжазба да бар.
Жалпы, Болатовтардың жеке кітапханасы 200 шақты кітап пен мерзімді басылымнан тұрады. Бұл – осы күнге дейін сақталып қалған ат төбеліндей кітапханалардың бірі. Себебі Петропавл қаласы Колчак әскерінен босатылғаннан кейін, 1920 жылдың сәуірінде барлық жеке кітапханалар мен музыкалық аспаптарды жеті күндік мерзім ішінде тіркеу туралы қаулы шығарылған болатын. Бұл құжатқа Петропавл қалалық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі Кайгородов пен қалалық мектеп бөлімінің меңгерушісі Барлебен қол қойған. Бәлкім, бұл тіркеу кейін ревизициялаумен аяқталған болар. Әйтпесе, «Петропавл мешітінің имамы Бегішев» деген экслибрисі, немесе «Акчурин,1913, Петропавл» автографы, «Нияз-Мұхамед Сүлейманов, Петропавл» сауда белгісі бар кітаптар Алматыдағы орталық ғылыми кітапхананың қорында қайдан жүр? Бұған қоса, 20-30-шы жылдары өзге тілдердегі кітаптардың көзі жойылуы мүмкін. Ол кездері араб әліпбиімен жазылған кітаптардың барлығы дінмен байланыстырылып, жойылғаны көпшіліке мәлім.
Лидия МЕЛЁХИНА,
өлкетанушы