Атбасарды су басты
Атбасарды су басты
1,323
оқылды
Ауа райының күрт жылынуы ақмолалық жұртты біраз әбігерге салды. Әсіресе, бірнеше жыл бойы қарғын судан зардап шегетін атбасар­лықтардың жағдайы аса мүшкіл. Тұтастай көшелер суға батып, тұрғындар баспаналарынан шыға алмайтын халге жеткен. Өкініштісі, жылда қайталанса да жергілікті әкімдік су тасқынының алдын алуға қарсы еш амал-айла таба алар емес... Өзен тасымаса су қайдан келді? Атбасар қаласы көктемгі су тасқыны кезінде Ақмола облысын­дағы су басу қатері төнетін «Қызыл аймақ» қатарынан еш шыққан емес. Жылда су басу салдарынан тұр­ғындар зәрезап болып, шы­ғынға шаш етектен батады. Мәсе­лен, 2014 және 2017 жылдары Ат­басар қаласында су тасқынының сал­дары аса қатты болды. 2014 жылы 554 үй суға кетсе, 2017 жылы 600-ге жуық тұрғын үйді су басып, жарам­сыз күйге түскен. Бюджет қаржысы шығындалып, үйлері мүлдем қалпына келтіруге бол­май­тындарға жаңадан баспана са­лынған. Дәл осы жылдары Жабай өзенінің арнасы 6 метрге дейін көтеріліп, шекті межеден екі есе асып кетті. Дегенмен бұл жыл­дары тас­қын судың қатері аса күшті бол­ғанымен су өзенге таяу орналас­қан тұрғын үйлерді ғана шайған. Ал биыл атбасар­лық­тарды аса қатты алаңдатып тұр. Өйткені бұған дейін ешқашан су баспай­тын Жабай өзенінен шет­кері ор­наласқан көшелер мен аудандар­ды да су басып, аулаларға оның ішінде кейбір жер үйлерге дейін су кірген. Бірақ биыл Жабай өзені арнасынан асқан жоқ. Сонда кө­шелерге лықси аққан су қайдан келді деген заңды сауал туындайды. Мұны жергілікті тұрғындар қала сыртындағы дала арықтары мен су арналарының бұзылып тастал­ғанынан көреді. Тұрғындар Атба­сардың бұрынғы әкімі салдырған бөгенді бұзып тастаса ғана мәселе шешіледі деп санайды.
– «Никишов атындағы» бө­генді тезірек алып тастаған жөн. Су өзенге қарай ағып кету үшін трасса бойынан арықтар қазу ке­рек. Мұнымен қоса қаланың сыр­тында далада бейберекет қа­зыл­ған жерлер ескі арналарды бе­кітіп арнасын бұрып жіберген. Да­ладағы еріген қар суының бар­лығы еңісте жатқан қалаға кір­мегенде қайда кетеді? Бұған дейін Кеңес Одағы кезінде қар қазіргімен са­лыс­тырғанда бірнеше есе көп бол­ғанымен су тасқыны ешқашан болған емес. Өзендегі мұзды жа­рып, оның жа­ғасына екі метрлік бөген қойғаны мәселені шешпейді. Бұл – Ники­шов қызметінің «жемісі». Өзеннің арнасын тазар­тып, трассаны бой­лай жылдам арық­тар қазу қажет. Сонда су қа­ланың сыртынан өзі-ақ ағып ке­теді. Қазір өзеннің деңгейі тіпті төмендеп кетті. Тізеден де аспай­ды. Өзеннің арнасын тазар­тып те­реңдетсе, өзен арнасындағы бө­геннің көзін жойса, мәселе шешілер еді, – дейді Игорь есімді қала тұрғыны.
Жабайдың арнасы тартылып барады Қала тұрғынының бұл уәжін «Ақмола облысының табиғи ре­сурстар басқармасы мамандары да қуаттады. Ведомство маманда­ры­ның айтуынша, гидрологтар мә­лімдеген. Жабай өзенінің арнасы соңғы жылдары қатты төмендеп кеткенін анықтаған. Өзендегі су қорының кө­лемі де бірнеше есе азайған.
Біздегі қолда бар гидролог ма­мандар ұсынған деректер бойынша жыл сайын қардың мөлшері аза­йып келеді. Жабай өзені де тарты­лып, су деңгейі төмендеп барады. Биылғы жылы қар көлемі біршама бар екені айтылды. Бірақ жылдан-жылға өзеннің арнасының тарты­лып бара жатқаны рас, – дейді басқарманың бөлім басшысы Базаргүл Жаханова.
Ал биыл өзен арнасына құйыл­ған қар суының көлемі біршама жо­ғары екенін жеткізген Қазгидро­мет гидролог мамандары су басу қаупі бар екенін жеткізді.
– Апта сайынғы гидрология­лық болжамдарға сәйкес, Жабай өзеніндегі жиналған судың көлемі 77 миллион текшеге азайып, қа­зіргі уақытта 1100 миллион тек­шені құ­рап, орташа жылдық кө­лемнен 23 пайызға көбейді. Қазіргі уақытта Жа­бай өзені бассейнінде мұздың босауы байқалады. Бал­кашино село­сында су деңгейінде аса қатты өзгеріс жоқ. Атбасар қаласында су деңгейі 26 санти­метрге көтерілді. Бірақ шекті ме­жеден асқан жоқ. Алдағы күндері өзен деңгейі көте­ріліп, еріген қар сулары ағынынан өзен арнасынан асып, жергілікті маңызға ие жол­дарды су басуы мүм­кін, – дейді «Қазгидромет» РМК гидрогеологы Надежда Гуришкина.
Аулалар мен көшелерді су басты Қазіргі уақытта Атбасар қала­сының ірілі-ұсақты бірнеше кө­ше­лерін су басқан. Тұрғындар тө­­тен­ше жағдайлар мен жергілік­ті атқа­рушы орган қанша әрекет етіп жатқанымен біршама кө­шелер судан арылмай тұрғанын жеткізді.
– Қаланың бұрын су баспай­тын Қапай ауданында да аулалар мен көшелерді су басып жатыр. Да­ладағы еріген қар суы қалаға тұ­тастай ағып кіріп жатыр. Тө­тен­ше жағдай қызметкерлері суды ағы­­зу, тазарту жұмыстарын жүргі­зіп жатқанымен қауіп әлі сейілген жоқ. Ынтымақ, Әуезов, Қапай ау­­даны, басқа да көшелерде тұр­ғындар­дың аулаларына дейін су кіріп кет­кен, – дейді Ат­басар қаласының тұрғыны Асыл­бек Есмаганбетов.
Тұрғындар су тасқыны қаупі әлі қатты деп топшылағанымен, Ақмола облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті қатердің алдын алғандарына сенімді.
– 28 наурыз күні далалы жер­ден еріген қар суы қаланың Лука Белаж, Островский, Әуезов кө­шелерін басып өтті. ТЖ департа­ментінің шұғыл әрекетінің нәти­жесінде аталған учаскелерге құм қапшықтары төселді. Жеке құрам­ның 25 сарбазы мен екі су сору техникасы жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органмен де инертті материалдар жеткізілуде. Қазіргі уақытта қауіптің беті қайт­ты. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, – дейді Ақмола облысы тө­тенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Аймақта жылда қайталанатын су басу жайын Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың өз аузынан да естіп көрмек болдық. Алайда аудан әкімі комиссия келгенін айтып, жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.
– Үкіметтен комиссия келіп жа­тыр. Уақытым жоқ. Халық күт­се-күте берсін, – деп қысқа қа­йыр­ды Аманбек Қалжанов.
Қалай десек те, аудандағы жыл­дағы су басу қаупі атбасар­лықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ жергілікті атқару­шы органдардың сылбыр қимылы мен әрекетсіздігі түйіннің шеші­луіне емес, керісінше ушығуына әкеліп соғып жатқандай...

Ақмола облысы