Ауа райының күрт жылынуы ақмолалық жұртты біраз әбігерге салды. Әсіресе, бірнеше жыл бойы қарғын судан зардап шегетін атбасарлықтардың жағдайы аса мүшкіл. Тұтастай көшелер суға батып, тұрғындар баспаналарынан шыға алмайтын халге жеткен. Өкініштісі, жылда қайталанса да жергілікті әкімдік су тасқынының алдын алуға қарсы еш амал-айла таба алар емес... Өзен тасымаса су қайдан келді? Атбасар қаласы көктемгі су тасқыны кезінде Ақмола облысындағы су басу қатері төнетін «Қызыл аймақ» қатарынан еш шыққан емес. Жылда су басу салдарынан тұрғындар зәрезап болып, шығынға шаш етектен батады. Мәселен, 2014 және 2017 жылдары Атбасар қаласында су тасқынының салдары аса қатты болды. 2014 жылы 554 үй суға кетсе, 2017 жылы 600-ге жуық тұрғын үйді су басып, жарамсыз күйге түскен. Бюджет қаржысы шығындалып, үйлері мүлдем қалпына келтіруге болмайтындарға жаңадан баспана салынған. Дәл осы жылдары Жабай өзенінің арнасы 6 метрге дейін көтеріліп, шекті межеден екі есе асып кетті. Дегенмен бұл жылдары тасқын судың қатері аса күшті болғанымен су өзенге таяу орналасқан тұрғын үйлерді ғана шайған. Ал биыл атбасарлықтарды аса қатты алаңдатып тұр. Өйткені бұған дейін ешқашан су баспайтын Жабай өзенінен шеткері орналасқан көшелер мен аудандарды да су басып, аулаларға оның ішінде кейбір жер үйлерге дейін су кірген. Бірақ биыл Жабай өзені арнасынан асқан жоқ. Сонда көшелерге лықси аққан су қайдан келді деген заңды сауал туындайды. Мұны жергілікті тұрғындар қала сыртындағы дала арықтары мен су арналарының бұзылып тасталғанынан көреді. Тұрғындар Атбасардың бұрынғы әкімі салдырған бөгенді бұзып тастаса ғана мәселе шешіледі деп санайды.
– «Никишов атындағы» бөгенді тезірек алып тастаған жөн. Су өзенге қарай ағып кету үшін трасса бойынан арықтар қазу керек. Мұнымен қоса қаланың сыртында далада бейберекет қазылған жерлер ескі арналарды бекітіп арнасын бұрып жіберген. Даладағы еріген қар суының барлығы еңісте жатқан қалаға кірмегенде қайда кетеді? Бұған дейін Кеңес Одағы кезінде қар қазіргімен салыстырғанда бірнеше есе көп болғанымен су тасқыны ешқашан болған емес. Өзендегі мұзды жарып, оның жағасына екі метрлік бөген қойғаны мәселені шешпейді. Бұл – Никишов қызметінің «жемісі». Өзеннің арнасын тазартып, трассаны бойлай жылдам арықтар қазу қажет. Сонда су қаланың сыртынан өзі-ақ ағып кетеді. Қазір өзеннің деңгейі тіпті төмендеп кетті. Тізеден де аспайды. Өзеннің арнасын тазартып тереңдетсе, өзен арнасындағы бөгеннің көзін жойса, мәселе шешілер еді, – дейді Игорь есімді қала тұрғыны.Жабайдың арнасы тартылып барады Қала тұрғынының бұл уәжін «Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасы мамандары да қуаттады. Ведомство мамандарының айтуынша, гидрологтар мәлімдеген. Жабай өзенінің арнасы соңғы жылдары қатты төмендеп кеткенін анықтаған. Өзендегі су қорының көлемі де бірнеше есе азайған.
Біздегі қолда бар гидролог мамандар ұсынған деректер бойынша жыл сайын қардың мөлшері азайып келеді. Жабай өзені де тартылып, су деңгейі төмендеп барады. Биылғы жылы қар көлемі біршама бар екені айтылды. Бірақ жылдан-жылға өзеннің арнасының тартылып бара жатқаны рас, – дейді басқарманың бөлім басшысы Базаргүл Жаханова.Ал биыл өзен арнасына құйылған қар суының көлемі біршама жоғары екенін жеткізген Қазгидромет гидролог мамандары су басу қаупі бар екенін жеткізді.
– Апта сайынғы гидрологиялық болжамдарға сәйкес, Жабай өзеніндегі жиналған судың көлемі 77 миллион текшеге азайып, қазіргі уақытта 1100 миллион текшені құрап, орташа жылдық көлемнен 23 пайызға көбейді. Қазіргі уақытта Жабай өзені бассейнінде мұздың босауы байқалады. Балкашино селосында су деңгейінде аса қатты өзгеріс жоқ. Атбасар қаласында су деңгейі 26 сантиметрге көтерілді. Бірақ шекті межеден асқан жоқ. Алдағы күндері өзен деңгейі көтеріліп, еріген қар сулары ағынынан өзен арнасынан асып, жергілікті маңызға ие жолдарды су басуы мүмкін, – дейді «Қазгидромет» РМК гидрогеологы Надежда Гуришкина.Аулалар мен көшелерді су басты Қазіргі уақытта Атбасар қаласының ірілі-ұсақты бірнеше көшелерін су басқан. Тұрғындар төтенше жағдайлар мен жергілікті атқарушы орган қанша әрекет етіп жатқанымен біршама көшелер судан арылмай тұрғанын жеткізді.
– Қаланың бұрын су баспайтын Қапай ауданында да аулалар мен көшелерді су басып жатыр. Даладағы еріген қар суы қалаға тұтастай ағып кіріп жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері суды ағызу, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқанымен қауіп әлі сейілген жоқ. Ынтымақ, Әуезов, Қапай ауданы, басқа да көшелерде тұрғындардың аулаларына дейін су кіріп кеткен, – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Асылбек Есмаганбетов.Тұрғындар су тасқыны қаупі әлі қатты деп топшылағанымен, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті қатердің алдын алғандарына сенімді.
– 28 наурыз күні далалы жерден еріген қар суы қаланың Лука Белаж, Островский, Әуезов көшелерін басып өтті. ТЖ департаментінің шұғыл әрекетінің нәтижесінде аталған учаскелерге құм қапшықтары төселді. Жеке құрамның 25 сарбазы мен екі су сору техникасы жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органмен де инертті материалдар жеткізілуде. Қазіргі уақытта қауіптің беті қайтты. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.Аймақта жылда қайталанатын су басу жайын Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың өз аузынан да естіп көрмек болдық. Алайда аудан әкімі комиссия келгенін айтып, жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.
– Үкіметтен комиссия келіп жатыр. Уақытым жоқ. Халық күтсе-күте берсін, – деп қысқа қайырды Аманбек Қалжанов.Қалай десек те, аудандағы жылдағы су басу қаупі атбасарлықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ жергілікті атқарушы органдардың сылбыр қимылы мен әрекетсіздігі түйіннің шешілуіне емес, керісінше ушығуына әкеліп соғып жатқандай...
Ақмола облысы