Ақшатауға мектеп қашан салынады?
Ақшатауға мектеп қашан салынады?
2,306
оқылды
Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылдық округі Ақшатау ауылындағы мектептің жыры бітер емес. Есесіне, күн өткен сайын білім ошағына қатысты мәселе ушығып барады. Тұрғылықты халық көрші ауыл мен аудан орталығын жағалап, оқып жүрген балаларының бас амандығына алаңдап отыр. Қазір ауылда балалар білім алып жүр­ген мектеп алғаш 1983 жылы балықшылар жатақханасы ретінде салынған ғимарат екен. Қырық жыл бұрын салынып, ке­йіннен білім ұясына айналған ғимарат балалардың сапалы білім алуына еш сай емес. Білім нысанының апаттық жағдайын айтпағанның өзінде, асханасы, кітап­ха­насы, спорт залы жоқ. Өркениетті қоғамда жетімнің күйін кешкен балалардың жағ­дайы ескерілмей тұр. Бұған қоса, мектепті жылыту мәселесі мен ыстық тамақпен қамту ісі де жолға қойылмаған. Ауыл балалары бұл мектепте 4 жылдық білім алады. Одан кейін көрші ауылға, аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Көрші ауылға қатынау үшін жаз уақытында дариядан қайықпен жүзіп өтсе, қысқы мезгілде көк мұздың үстімен жүруге тура келеді. Бұл жерде ауыл тұрғындары оқу­шылардың қауіпсіздігіне алаңдап отырған жан болмай тұрғанына ашынады.
«Көп жылдан бері ауылымыздағы осы мектептің мәселесін көтеріп келемін. 2017 жылы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа ең алғаш осы мәселені жеткіздім. Сол кезде облыс әкімі 50 орынға негізделген 9 жылдық мектеп пен 20 орындық балабақша салуға шешім қабылдады. Осының негі­зінде тіпті 2018 жылы құрылыс басқар­ма­сының қызметкерлері мектеп салынатын жерлерді белгілеп, сызба жұмыстарын да жүргізді. Бірақ, әне-міне, мектебіміз салы­нады деп жүргенімізде сол кездегі облыс әкімі басқа қызметке ауысып кетті. Ауыл тұрғындары үміт күткен жоба аяқсыз қалды. Одан кейін облыс әкімі қызметіне келген Қуанышбек Ысқақов, Гүлшара Әбдіхалықовалар да ауылға мектеп салу бастамасын қолдаған болатын. Үш әкімнің тұсында да мектептің сызбасы жасалып, қаржысы да белгіленіп қойылды. Алайда жұмысты бастамастан, бәрі басқа қызметке ауысты. Екі арада тек ауыл халқы зардап шегіп келеді», – дейді бұл жайында ауыл тұрғыны Нұртай Әбенов.
Ауыл тұрғынының айтуынша, 2019 жылы осы мәселе бойынша сол кездегі Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Ақшатау ауылының халқымен арнайы кездесу де өткізіпті. Жиын барысында ауыл мектебіне қатысты мәселе сөзге арқау болған. Сол уақытта да бұрынғы аудан бас­шысы ауылға жаңа мектеп салынаты­нын, тіпті оған 283 нөмірлі атау берілетінін сенімді түрде жеткізіпті. Одан кейін ау­данның қазіргі басшысы Серік Сермағам­бетов те бұрынғы әкімдердің ізімен ауылға жаңа мектеп салынатынын айтудан жа­лығар емес. Тіпті, өткен 2022 жылы ақпан айында бұл білім ордасы салынатын бо­лып, арнайы тендер де өткізілген. Соның негізінде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданынан «Алау» ЖШС жеңімпаз таны­лыпты. Бұл тұрғылықты халықтың өше бастаған үмітін оятқандай болған. Бірақ бастаманы қолдаған сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова былтыр қызметінен кетті. Әкімнің кетуімен халықтың үміті де өшті. Мектеп құрылысы басталмай қалды.
«Көп жылдан бері жыр болған мектеп құрылысы түрлі желеумен тоқтатылып келеді. Бір әкім екіншісінің бастаған ісін мақұлдамай, аяқсыз қалдырып жүр. Алды­мен облыс басшысы болған Қы­рымбек Көшербаев білім ордасын салу­ды қолға алып, қаржысын да бекіткен болатын. Бірақ облысты басқаруға келген кезекті әкім Қуанышбек Ысқақов пен Гүлшара Әбдіхалықованың тұсында да бұл бастама аяқсыз қалды. Қазір мектеп салу мәселесі тіпті тұралап тұр. Сонда балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындар­дың талабының бес тиын қүны болма­ғаны ма? Бүгінде өзімнің де бес немерем аудан орталығында оқып жүр. Солардың амандығына алаңдап, күн кешіп жа­тырмыз», – деп ашынады ауыл тұрғыны Нұртай Әбенов.
Қазіргі уақытта ауыл мектебінде 15 бала білім алуда. Ал қалған балалар орта мектепте білімін жалғастыру үшін Сырда­рия өзені арқылы қалқымалы понтон көпірмен Аманөткел ауылындағы 73 мектеп-интернатына және аудан орталы­ғына қатынап жүр. Бұл елді мекен мен Аманөт­кел ауылының арасы 25 шақырым болса, Арал қаласынан 130 шақырым қашықтық­та орналасқан. Осы аралыққа күнделікті алты орындық көлікке 20-ға жуық оқушы бүктетіліп, мініп барады екен. Көпір да­риядан уақытша алынған кезде қайықпен қатынайды немесе мұз үстімен жүріп өте­тін кездері де болады. Мұның балалардың өміріне қаншалықты қауіпті екенін осы­дан кейін бағамдай беруге болады. мектеп Жыл басында яғни, ақпан айында Қызылорда облыстық білім басқарма­сы­ның басшысы Мейрамбек Шермағанбетов ауылға арнайы келіп, мектептің қазіргі жайын көзбен көріпті. Бірақ одан да еш нәтиже болмай тұр. Ауыл халқы осылай деп мұңын шақты.
«Ауылымыздағы мектептің ахуалын қанша басшы келіп көрсе де, «баяғы жар­тас – бір жартас» күйде тұр. Бүгінде ауылда 30 үй, 200-ге жуық адам тұрады. Жұмыс орындары ашылып, бала саны да жылдан жылға артып келеді. Алайда мектептің мәселесі шешімін таппай тұр. «Әне-міне, жаңа мектеп салынады» дегенімізде, об­лыс әкімі ауысып, басталған жоба аяқсыз қалды. Бүгінде бұрынғы әкімдердің ықпа­лымен мектепке бөлінген қаржының ке­йін қайтарылғанын естіп отырмыз. Сонда халықтың неше жылдық үміті түкке тұр­ғысыз болғаны ма? Қуанышымыз су сеп­кендей басылды. Осы наурыз айының 6-шы жұлдызынан бастап Сырдария өзе­нінен сең жүрді. Соған орай 17 наурызға дейін Аманөткелдегі мектеп-интернатқа қатынайтын балалар сабағына бара алмай, ауылда болды. Өйткені дариядан қатынау мүмкін болмады. Осындай қиындықтар бізде жиі болып тұрады. Бірақ әкімдік тарапы мұны ескерер емес», – деп өкпе-назын жеткізді Ақшатау ауылының тұрғыны Шанжархан Жұбатханов.
Әкімдер жыл сайынғы халыққа беретін есепті кездесуінде осы ауылға мектеп са­лынатынын айтудан бір жалығар емес. Бірақ уәде қүрғақ сөз күйінде қалып келеді. Осы жылдың басында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов журналистерге өткен жылдың есебін жеткізді. Сол бри­фингте де Ақшатау ауылындағы мектепке байланысты сауалға жауап берген болатын.
«Былтыр желтоқсан айында атал­мыш ауылдың мектебінің жоба-сме­талық құ­жаты жасалынды. Енді 2025 жыл­ға дейін Ақшатаулықтарға жаңа білім ор­дасын салу жоспарда бар. Ауылдың қазіргі ахуалын жақсы білеміз. Бұл жағдай біздің жіті назарымызда тұр», – деп қысқа қа­йырды брифингте Арал ауданының әкімі.
Осы мәселеге орай Қызылорда облыс­тық білім басқармасына, Қызылорда облысы әкімдігіне хабарластық. Құзырлы орын тарапынан сауалымызға орай тиісті жауабын беретінін айтты. Алайда әлі күнге дейін нақты жауабын алмадық. Жыл өткен сайын сөзбұйдаға салынып, сиырқұйымшақтанып кеткен мектеп құ­рылысына тұрғындардың сенімі де жоғала бастаған. Халық алақандай ауылға мектеп салудың мәні жоқ екенін желеу етіп, бастаманы аяқсыз қалдырған әкімдердің әрекетін түсінбей дал. «Ауылға мектеп са­лудың мәні болмаса, бұған дейін өткізілген тендер қорытындысы теріске шығар еді» деп күмәнданады.

Қызылорда облысы