Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында жергілікті ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, түрлі сала көшбасшыларымен кездесті.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова жүргізді. Еркін әрі ашық форматта өткен шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
Елбасы – Nur Otan партиясының көшбасшысы Н.Назарбаев «Алаштың анасы» деп бағалаған қасиетті Сыр өңіріне бұл алғаш рет келгенін, түрлі даңқты тұлғалар шыққан осындай киелі елде халықпен кездесудің жемісті боларына сенетінін айтқан партия хатшысы Nur Otan партиясының алға қойған мақсаттары мен елімізде жүзеге асырып жатқан саяси реформаларына, қолға алған жұмыстарына тоқталды.
– Nur Otan партиясы өңірлерге шығып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайымен танысуды нақты қолға алуда. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысында болды. Оның алдында Атырау, Павлодар облыстарына барып, жергілікті халықпен жүздесіп, түйткілді мәселелермен танысты. Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ ол осы аудандардағы бірнеше мәселелердің шешілуіне атсалысады. Jas Otan Жастар қанаты да өңір жастарымен кездесулер өткізіп, белсенділік танытуда. Барлық аймақтарды аралап, өзекті сұрақтарды көпшілікпен бірге зерделеу жоспарымызда. Мұндағы мақсат – халықпен етене араласу арқылы оларды мазалап отырған мәселелерді анықтап, партия бағдарламасында қамтып, шешімін табуға себепкер болу. Nur Otan партиясы ауыл-аймақтардың мәселелеріне түбегейлі көңіл бөліп отыр. Оны өз бағдарламасының өзегі етіп алды, – деді ол.
Хатшы партия қолға алған жобалар мен бағдарламаларды кеңінен түсіндіріп, оның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ партиялықтардың праймериз өткізгенін қызылордалықтардың қолдайтынын айтты.
– Nur Otan халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуде. Соның бірі әрі бірегейі – ішкі партиялық сайлау, яғни праймериз. Бұл партияның алдағы сайлауға үміткерлерді іріктеу үшін жүргізетін іс-шарасы. Бұйыртса, көктемде кәдімгідей дода, дебат, үгіт-насихат жұмысы болады. Суырылып шыққан ең мықты, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, сайлауға түседі, – деді партия хатшысы.
– Сын айтылуы керек. Дегенмен тек сынап қана қоймай, мүмкіндікті пайдаланып, тізе қосып, елге қызмет етейік. Мәселен, өткен жылы қарашада 14 өңірде пилоттық жоба ретінде праймериз өтіп, оған сол жерлердегі партияластардың 98%-ы қатысты. 1 орынға 4 адамнан келетін жақсы бәсеке болды, – деді Арман Оразбайұлы.
Партия хатшысымен кездесуде қызылордалықтар ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, «Невада-Семей» республикалық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәбит Әбіш талқыланып жатқан ардагерлер туралы заң жобасында Ұлы Отан соғысы, тыл және ауған соғысы ардагерлерінің мәселесі ғана қаралып жатқанын, аталған заңда елімізде болған түрлі апаттарда зардап шеккен ардагерлердің де статусы айқындалуына партия ықпал етсе деген өтінішін жеткізді.
– Қызылорда облысында бүгінгі таңда 80 қолөнер шебері бар. Осы кісілермен облыста «Қолөнер орталығын» құрдым. Бұл жұмысымызға қолдау көрсетіп, орталық салынса, онда түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Басқа облыстармен салыстырғанда біздің өңірде бұл өнердің дамуы төмен, – деді Қазақстан қолөнер шеберлерінің мүшесі Қарлығаш Ілиясова.
Облыстық жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Серік Теңізбаев көлік құралдарына заңсыз салық салу мәселесін айтса, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ директоры Мұрат Жұмаділдаев Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының өңірде орындалуы төмен деңгейде екендігіне шағымданды. Ал облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев ауылдық жерлердегі кәсіп ашу туралы заңның ірі қалалардағы сауда үйін ашумен бірдей екенін, бірнеше қиындықтар барын атап өтті.
Ұсыныс-пікірлер мен өтініштерді жіті тыңдаған А.Қырықбаев сауалдарға жауап беріп, айтылған мәселелерді партия бақылауына алатынын жеткізді. Шараны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов партия хатшысына ашық форматтағы еркін жүздесуі үшін алғысын айтып, көтерілген ұсыныс-пікірлердің облыс деңгейінде шешімін табатындығын айтты.
Бұдан соң Nur Оtan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев «Жастар ресурстық орталығында» Сыр жастарымен кездесті. Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бисенбаев және ақын Мұхтар Ниязов бастаған 200-ден аса жастар партия хатшысымен пікірлесті.
– Партияның мақсаты «Жеті серпін бағдарламасы», тек біздің елдің емес шет ел жағдайына байланысты да қабылданған болатын. Nur Оtan партиясы Павлодар, Түркістан, Атырау облыстарында кездесулер өткізді. 18 наурызда партияның отырысы өтеді. Nur Оtan құрамындағы жастардың мәселесі қаралады. Өткен жылы «Жастар жылы» деп жарияланды. Жастарға грант берілді, биыл да бұл үрдіс сақталады. Елбасы: «2025 жылға дейін жастарды жатақханамен қамтамасыз ету керек» деген болатын. Қазақстан бойынша бүгінде жоғарғы оқу орындарына тиесілі 600-ден аса жатақхана бар. Еліміздегі ЖОО-ғы жатақханалардың жетіспеушілігі үлкен проблема, – деген партия хатшысы, кейбір жатақханалардың жөндеуден өтпегенін, жатын орындарының ескіргенін де тілге тиек етті.
Шарада жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайы баяндалып, олардың проблемалық мәселелері, шешу мүмкіндіктері қарастырылып, идеялары мен мүмкіндіктері тыңдалды. Бұдан соң талапты жастарды Nur Otan партиясының қатарына қабылдады.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,Қызылорда облысы