Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Қордаланған мәселелерді шешу үшін билік пен бұқара арасына ашық диалог орнату мақсатында өткен басқосуда тұрғындардың өтініш-тілегі тыңдалды.
Қабылдауға келген Шымкент қаласының тұрғыны, энергетика компаниясының директоры Бақыт Әлімқұлов Түркістан облысында күн электр стансасын салып жатқанын айта келе, алда атқарылатын ауқымды жұмыстар бойынша бірнеше ұсынысын ортаға салды. Өз кезегінде вице-премьер мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың жұмысын жақсартуға септігін тигізетін кез келген оңды ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтты.
Ал Ақмола облысы Қажымұқан ауылының тұрғыны Азамат Кеңесұлы қабылдау барысында шалғай елдімекендердегі өзекті мәселені көтеріп, көптің тілегін жеткізді. Өзі тұратын ауылда ауызсудың тапшылығын, ұялы байланыс қызметінің сапасы сын көтермейтінін тілге тиек етті.
– Мен тұратын ауылда жаңа ықшамаудандардың саны артып, тұрғындардың қатары да көбейіп келеді. Бірақ ауылымыздағы кей жағдайларға көңіліміз толмайды. Бірінші кезекте ауызсу мәселесі дұрыс жолға қойылғанын қалаймыз, – деді Азамат Кеңесұлы.
Кезекті өтініш иесінің әңгімесін толық тыңдап, шалғай ауылдың жағдайымен таныс болған Роман Скляр бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.
Премьер-Министр орынбасарына өзге аймақтардан бейнеконференция арқылы байланысқа шыққан тұрғындар да ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Қоғамдық қабылдауда азаматтар тарапынан айтылған орынды ұсыныстар қабылданып, қарастыруға алынды. Роман Скляр тұрғындарды тыңдай келе, олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, мәселелерін оңтайлы шешуге ықпал ететінін жеткізді.
Әбілмансұр ЖАСАН