Қазақстанда жалпы көлемі 11 мың шақырым болатын бірнеше жаңа жол жекеменшік компанияның ақы жинауына беріліп жатыр. Сонымен бірге ақылы жолдардың аса табысты бизнес екені мәлім болды. Біз бұл «майшелпектің» кімге тигенін анықтадық.
«Сан ғасыр бойы бабамыз аттың белін қайыстырып, найзаның ұшын майыстырып, осы даланы қанымен қорғады. Ал енді оның ұрпағына осы далада «темір тұлпарымен» тегін жүрер жол қалмады». Әлеуметтік желіде таралған осы қыжылды қалжыңның астарында шындық жатыр. Үкімет жыл өткен сайын ақылы жолдар ауқымын арттыруда. Қазақстандықтарды қынжылтатыны сол, жеке фирмалардың ақы жинау жүйелері миллиардтап ел қаржысы шығындалған су жаңа трассаларда орнатылуда. «Байтақ даламызда шұрық тесік ескі жолдар көп. Неге бизнесмендер соларды жөндеп, ақы жинамайды?» деп ашуын жасырмайды автокөлік иелері.
Айтпақшы, «жиналған ақыға жолды лайықты күтіп ұстайды және оған жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі» деп сендірген шенеуніктер уәдесінің шындық ауылынан алыс қонғанын биылғы қыс дәлелдеп берді: ақы жинаушы уақытылы қардан тазартпауы кесірінен азаматтар жол игілігін көре алмады. Жолға шығып, қарға малтыққан қаншама көлікті құтқаруға құзырлы құрылымдар қыруар шығын шығарды, қызметкерлері тоңып-жаурап азапқа түсті. Қаптаған көлік істен шықты, апатқа килікті. Тауар уақытылы жеткізілмей, кәсіпкерлер мен тасымалдаушы шығынға отырды. Көптеген адам мақсатты жеріне жете алмай, сан соқты. Сұрауы кімнен?
11 мың шақырымда монополист өркен жаяды
Ақылы жолдарды басқару әу баста «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына тапсырылды. Ізінше оған ұқсас «Казахавтодор» компаниясы құрылып, жекенің сенімді басқаруына берілген.
– Біздің акционерлік қоғам ақылы жол телімдерімен айналысады. Бүгінде Қазақстанда 4 ақылы жол бар. Бұлар: Нұр-Сұлтан–Щучинск, Нұр-Сұлтан–Теміртау, Алматы–Қапшағай және Алматы–Қорғас. 2019 жылы осы ақылы жол телімдерінен жалпы көлемі 5,4 миллиард теңге қаржы жиналды. Жоспар тек 5,1 миллиард болған. Яғни, 105% артты. Ақылы учаскелерді жеке-жеке қарастырсақ, олар бойынша әртүрлі қаржы түсті. Мысалы, Нұр-Сұлтан–Щучинск – 1,7 млрд теңге, Нұр-Сұлтан –Теміртау – 1,7 млрд теңге, Алматы–Қапшағай – 1 млрд теңге, Алматы–Қорғас та 1 млрд теңге табыс әкелді, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.
Енді қараңыз: осы 5,4 миллиард теңгенің 3,5 миллиарды ғана аталған жолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалыпты. Өткен жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Нұр-Сұлтан–Щучинск жолына 122 миллион теңге сомаға ағымдағы жөндеу жүргізді, сондай-ақ автобанды ұстап тұруға 1,5 млрд теңге шығындады.
Қалған 3 ақылы жолды күтіп ұстауға «Казахавтодор» ЖШС жауапты болды. Ол 1,47 миллиард теңгені игерді. Жоспар 1,62 млрд теңге болған екен, яғни 91% ғана орындалды. Осы орайда «өзіне жүктелген келісімшарттық міндеттемелерді «Казахавтодор» қанағаттанарлық деңгейде орындамағаны үшін» 2020 жылдан бастап 4 ақылы жолды да «ҚазАвтоЖолдың» қарауына алу туралы шешім қабылданыпты.
Бұдан өзге, осы ұлттық компания 2019 жылдан бері өз бетінше ұзындығы 230 шақырым болатын Щучинск–Петропавл жолында төлем алу жүйесін ендіріп жатыр. Былтырғы 15 қазанда жүйе тестілік режимде іске қосылған. 2020 жылғы мамыр айынан бастап өнеркәсіптік пайдалануға беріледі, басқаша айтқанда жолды басып өтетін барлық көлік түрлерінен жаппай ақша жинауға кіріседі.
Әрине, тегін жүруге тыйым салынатын мемлекеттік тасжолдар қатары тек бұлармен шектелмейді.
– 2019 жылғы желтоқсанда біз өзге ақылы жолдарға қатысты инвестициялық конкурс өткіздік. Оның қорытындысы бойынша жалпы көлемі 11 мың шақырымды құрайтын жаңа жолдарда төлем жинау жүйесін құру және оған қызмет көрсету жөнінде Computer Vision Technologies ЖШС бастаған консорциуммен келісімшартқа қол қойылды. Консорциум жүйеге 25 миллиард теңге инвестиция құймақшы және ол қаражатын осы жолдардан 11 жыл ішінде қайтарады, – деді Ұлан Әліпов.
Ашық дереккөздеріне жүгінсек, бұл компания Нұр-Сұлтан қаласының «Есіл» ауданында тіркелген. Computer Vision Technologies (CVT) беткеұстар жобасына тоқталсақ, ол атышулы «Сергек» жүйесінің бүкіл видеоаналитикасын әзірлепті.
Келісімшартқа сәйкес, консорциум жаңа учаскелерде төлем жинау жүйесін 2 кезеңмен ендіріп шығады: «2020 жылы 5,7 мың шақырым жолда тестілік режим енгізіліп, 2021 жылдың мамыр айынан бастап ақы жиналады. Екінші кезеңде 2021-2024 жылдар аралығында тағы 5,3 мың шақырым жолдар ақылы жүйеге көшеді», – деді «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Ұ.Әліпов.
Ол компания салған қаражатын өтегесін (11 жылдан кейін) төлем жинау жүйесі мемлекет меншігіне өтетінін жеткізді. Алайда ол кезде технология ілгері кетіп, бұл жүйе әбден ескіреді. Оны айтасыз, осынша уақытта ақылы жолдардың өзін қайта салу қажет болуы ықтимал. Демек, қайтадан миллиардтаған бюджет қаржысы шығындалмақ, шетелден келер ұрпақ өтейтін заем тартылуы да ғажап емес.
Ақысы бар, қызметі қайда?
Арнайы талдау жасаған Мәжіліс депутаттары «осы жолдар елден ақы жинауға тұрмайды» деген пікір айтады. Өйткені кейбірінде ескі жолдың үстінен жаңа жабынғы ғана төсей салған. Әрі екі жолақ күйінде қалған, яғни заманауи автобанға айналмады. Нұротандық депутат Глеб Щегельский ақылы жолдар елді ашынтқан мәселе дейді.
–Нұр-Сұлтан–Павлодар автожолын қолданысқа беру мерзімі екі рет кейінге шегерілді: бірінші рет – 2016 жылға, екіншісі – 2018 жылға. Бірақ жол теліміндегі жұмыстар сол бойы аяқталмаған. Осы бір жолға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалып, 8 сот өтті. Ол да құрылыстың аяқталуын созбалаңға салуға үлес қосуда. Депутаттар екі рет барып, қарадық. Қазіргі кезде жағдайы аянышты. 2017 жылы қол қойылған Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы заем туралы келісім ратификацияланды. Оған сәйкес, Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы (Астрахан) автожолы реконструкциялануға тиіс еді. Оның шығын сомасы – 273 миллион 65 мың доллар. Бұл қарыз әлі күнге алынбаған. Жол құрылысы бюджеттен қаржыландырылуда, – деді ол.
Бұдан «Не үшін ақы төлейміз?» деген сауал туады. 2019 жылғы шілдедегі ведомстводағы отырыста Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев трассада мал мен жабайы жануар өтетін өтпелер жабдықталмауы мәселесін көтерді. Меморган қолданыстағы ақылы жолдардан төлем жинайтын «ҚазАвтоЖолға» осы мәселемен әлденеше рет жүгініпті. ІІМ дерегінше, жаңа жолдардағы көптеген апаттар малдың жолда тұруы кесірінен туындайды. Салдарынан адам шығыны болады, мал да өледі. Алайда мал өтпелері сол бойы жасалмады.
–Қар жапқан, мұз басқан трассаның да аса қауіпті екені белгілі. Көлік жүргізушілеріне жолдағы көктайғақ пен қалың күртік қар көп проблема әкеледі. Одан қалды, жол бойында тіпті жылыну бекеттері де қарастырылмаған. Ақпарат агенттіктері Қарағанды облысында 29 қаңтарда тек бір тәулікте 20 автожол телімінде 322 адам, соның ішінде 12 бала құтқарылғанын хабарлады. Олар үсіп кетпеуі үшін жол бойындағы дәмханаларда бой жылыту орындары жабдықталыпты. Не деген сорақылық! Жол құрылысы жобалары қымбаттап барады. Сонда осындай бір-екі бекет қарастыруға болмай ма? Осының барлығы саладағы жұмыстың нашарлығын және үйлесімсіздігін білдіреді, – дейді Глеб Щегельский.
Қорқыныштысы сол, ақылы жолдарда көктайғақ кесірінен апат болса, адамдардың шұғыл жәрдем қызметтеріне қоңырау шалу мүмкіндігі жоқ. Себебі автожолдардың үлкен бөлігінде ұялы байланыс ұстамайды. Сондықтан сарапшылар ұялы байланыс жоқ телімдерде әлемдік тәжірибе бойынша жол бойындағы бағаналарды шұғыл қызметтерді шақыратын «дабыл нүктесін» жабдықтауды ұсынады.
Ақылы жолдар қарапайым дәретханамен де жабдықталмаған. «Ал жолда барына бір шақырымға жолай алмайсың!» деп ашығын айтады депутат Г.Қарақұсова. Шетелдік туристер де қаншама сынады. Шенділерге сөз өтер емес. «ҚазАвтоЖол» дерегінше, жалпы алғанда, еліміз бойынша 297 санитарлық-гигиеналық торап, қарапайым тілде заманауи әжетхана орнату жоспарланған. Биыл оның тек 40-ы ғана пайда болмақ. Қалғаны 2024 жылға дейін асықпай тұрғызылады.
Жол құрылысының құны шынында, шығандап барады. Ақтөбе–Атырау – Астрахан жолының әр шаршы шақырымы бюджетке шамамен 145 миллион теңгеге түспек. Одан да қымбат жолдар бар. Ел қаржысына салынған жолда ізінше жеке компания халықтан миллиардтап ақы жинайды. «Жортқанда жолың болсын!» дейді қазақ. Әзірге ақы жинаушылардың ғана аты озып тұрғанға ұқсайды.
Елдос СЕНБАЙ