Рудныйда еліміздегі алғашқы керн қоймасы – ERG GeoHub-тың тұсауы кесілді. Геологиялық кешеннің ашылуы геологтардың кәсіби мерекесіне тұспа-тұс келді. Ашылу салтанатына ҚР ИжИДМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров және ірі тау-кен және геологиялық барлау компанияларының жетекшілері қатысты. Ал керн материалдарын зерттеуге және жүйелеп сақтауға арналған жаңа нысанды салу үшін 320 млн теңге қаражат жұмсалған.
Геологтар пайдалы қазбалар кенінің орны мен оның басқа да ерекшеліктерін керннің әр метрін зерттеу арқылы анықтайды. Ал жаңадан ашылған керн қоймасында жер қойнауынан бұрғыланып алынатын жерасты жынысының сынамалары сақталып, одан әрі терең зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Жалпы әлемдік стандарттарға сәйкес геологиялық зерттеумен айналысатын аймақта керн қоймасының болуы міндетті. Себебі барлау жұмыстары 6-дан 11 жылға дейін ұласуы мүмкін. Керн қоймасы осы уақыт аралығында сынаманың сақталуын және кен орнының қорын есептеу кезінде құрамында металдардың бар-жоғын растау үшін қажет.
Бүгінге дейін Қазақстанда толық циклді мамандандырылған керн қоймалары болған жоқ. Керн материалдары базаларда немесе ашық аспан астында сақталып келді. Ал бұл зерттеу сапасына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Осы ретте ERG компаниясы Қостанай және Ақтөбе облыстарында керн қоймаларын салумен айналысты. Ақтөбе облысындағы көлемі 50 мың метр болатын екі негізгі қойманы да биыл іске қосу жоспарланып отыр.
– Жеке ERG GeoHub керн қоймасының болуы бізге керн материалдарын сенімді жерде сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек ол қажет болған жағдайда қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізуге және кез келген сыртқы немесе ішкі аудитке тиісті геологиялық ақпаратты растау үшін де керек. Сонымен қатар елдегі геологиялық барлау жұмыстарының әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеуіне, қызмет тиімділігінің артуына да септігін тигізеді. Мұның барлығы өз кезегінде ERG тобының тиімділігін нығайтуға ықпал етпек, – дейді «ERG Exploration» ЖШС Бас директоры Азамат Шалабаев.
«Бұл геологиялық хабтың құрылысы мен оның іске қосылуы – саланың дамуына серпін береді. Мұндай хаб алғаш рет жеке инвестициялар есебінен салынды. Ол республикада осындай форматта жұмыс істейтін жалғыз кешен. Астанада 300 мың қума метр сынама қоймасын салу жоспарланған. Жұмыстарды жобалау жүріп жатыр. Ол материалдарды сақтауға арналған үлкен қор болады», - деп атап өтті Ерлан Ақбаров.ERG Exploration геологиялық барлау жұмыстарының толық циклімен айналысады. Яғни, жобалау, далалық және геофизикалық жұмыстар, ұңғымаларды бұрғылаудан бастап кен орындарын 3D форматта модельдеу және KAZRC, JORC сияқты халықаралық стандарттарға сәйкес қорлар мен ресурстар туралы есептер әзірлеу сынды жұмыстарды қамтиды. Жоспарды жүйелі жүзеге асыру үшін жоғары білікті мамандар құрамы жасақталды.