Серік Күдебаевтың қашуы: ҰҚК Шекара қызметі мәлімдеме жасады
Серік Күдебаевтың қашуы: ҰҚК Шекара қызметі мәлімдеме жасады
© mail.kz
9,266
оқылды
Серік Күдебаев Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өткен жоқ. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі хабарлады. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтың (01.01.1965ж.т.) ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды. Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесе отырып, тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады», – делінген хабарламада. Еске салайық, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы С.Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Алайда, прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтың елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынған. «Бүгінгі таңда Қылмыстық-процестік кодекстің 324-бабына сәйкес, іс іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Іс іздеуді қадағалау үшін Жетісу облыстық прокуратурасына жіберілді», – делінген Талдықорған қалалық сотының хабарламасында. Мәлім болғандай, Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды. «Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұны шекара қызметінің деректер базасы дәлелдеген. Сотталушының бұдан ары өзге елдерге жүріп-тұруының алдын алу және тұрғылықты жерін анықтау үшін шұғыл түрде Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялап, оған бұлтартпау шарасын тұтқынға алуға өзгерту қажет», – деді судья әлеуметтік желіде тараған видеода. Талдықорған қалалық сотының Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, С.Күдебаев ауырып қалуына байланысты бірнеше рет сот отырысына келмеген. Оның ауруханаға түскенін дәлелдейтін анықтаманы адвокаты сотқа ұсынған. Осыған байланысты сот отырысы кейінге шегеріліп келді.