Қазақта «Тұқымың құрысын» дегеннен ауыр қарғыс жоқ. Өйткені ұрпақсыз қалу тұтас бір әулеттің, ата-тектің жоғалуына соқтырады. Қазақстанда тура мағынасында тұқым құрып барады. Отандық нарықта тұқым деп, қапталған қоқыс сатылып жатқанын Ауыл шаруашылығы министрлігі де мойындады. Сапалы тұқымсыз тұтас сала күйреп, елдің ұлттық қауіпсіздігіне, ел болашағына қатер төнбек. Онсыз да Қазақстан егіннің өнімділігі жөнінен бүкіл әлемнің соңында қалды. Сондықтан тоқыраған тұқым шаруашылығын түзейтін тың реформа қажет. Осы орайда Қазақстан Нидерланд тәжірибесін енгізуге бел буды.Центнер деп сөйлеу енді ұят
Келесі салыстыруға назар аударған жөн. 2022 жылы Қазақстанда бидайдың орташа өнімділігі әр гектардан 13,5 центнерден айналды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны жетістік деп дәрежеледі, өйткені оның алдында 2021 жылы бұл көрсеткіш небары 10,1 центнер болыпты. Бірақ бұл марқаятын, мадақтайтын емес, керісінше ұялтатын жайт. Себебі 2022 жылы егіннің өнімділігі орта есеппен Өзбекстанда – 75-85 центнерге, Беларусьте – 50 центнерге, Әзербайжанда – 31,9 центнерге, Ресейде – 34,4 центнерге жетті.
Дамыған елдерде ше? Bloomberg хабарлауынша, нидерландтық Infarm компаниясы жабық фермаларда өсірген бидайдың әр гектарынан 117 тонна (!) егін орды.
«Бұл бүкіл әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешіп, адамзатты аштықтан құтқарып қала алады. Бұған дейін осы тәрізді тәсілмен тек көкөніс, жеміс-жидектер мен шөптер ғана өсірілді. Бұл тәсілдің озық тұсы сол, онда өсімдік пестицидтермен өңделмейді. Бұған қоса дәстүрлі егіске қарағанда аз су қолданылады. Біз бидайды жабық панажайларда, кез келген климатта өсіріп, мол өнім алуға болатынына сенімдіміз», – деді Infarm тең құрылтайшысы және бас техникалық директоры Гай Галонска.
Bloomberg АҚШ пен Еуроодақтың егіншілері бүгінде әр гектардан тиісінше 3,1 және 5,6 тонна бидайдан жинауға үйренгенін еске салды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының белгілі генетигі Падраик Фладтың түсіндіруінше, мұндай нәтижеге сапалы тұқым, топырақтағы ылғал көлемін реттеу, өсімдікті тыңайтқыштармен дұрыс қоректендіру секілді ғылыми негізделген тәсілдемелер арқасында қол жеткізілген. Оның бәрі сақталса, өсімдік індетсіз және стрессіз өсіп, өне береді екен. Яғни, Қазақстанның шенділері әр гектардан санаулы центнер өнім жиылғанына мәз болып жүргенде, дамыған елдер өнімді тонналап орып, жаһандық азық-түлік нарығындағы ойын ережелерін өзгертіп жатыр.
Мұның сыртында соңғы жылдары өзі де аста-төк астық ала бастаған Өзбекстан қазақ астығынан бірте-бірте бас тартуда. Ал Қазақстаннан он еседен көп егін жинайтын, әрі өнімділігі де біздікінен көп артық Ресей қазақстандық нарықты арзан астыққа қарық қылды. Бұл республикада бидайдың әр тоннасы бағасының 2023 жылы 80-85 мың теңгеге дейін құлдырауына соқтырды. Салыстыратын болсақ, 2022 жылы әр тоннасы 170-185 мың теңгеге дейін жететін. Салдарынан, отандық аграршылардың жиған астығы табыс таппақ түгіл, олардың шығындарын, кредиттерін өтеуге жетпей, біраз агрофирма, шаруа қожалықтары банкрот болғалы тұр. Істің насырға шапқанын түсінген Үкімет алдағы аптаның басында Ресейден автокөлікпен бидай тасуға тыйым салуды жоспарлады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрығының жобасы дайын. Бірақ шектеу шаралары салада қордаланып жатқан проблемаларды шешпейді, тек кейінге ысырады.
Отандық озық тұқымдар қайда?
Әрине, егін өнімділігінің тым төмен болуына әсер ететін факторлар көп: арзан несие қолжетімсіз болғандықтан, сапалы тыңайтқыштар алуға қаражаты жетпеген фермерлер оның не арзанын алады, не мүлдем пайдаланбайды, топырақты пайдалы заттармен, макроэлементтермен, бірінші кезекте азотпен және фосформен жете қоректендірмейді. Сондай-ақ бұған жер жырту, тыңайту және өңдеу технологияларының сақталмауы, агроном кәсібінің деградациялануы, яғни майталман мамандардың аздығы, су ресурстарының тапшылығы, қуаңшылық, тамшылатып суару және басқа технологиялардың ендірілмеуі және басқасы кесірін тигізіп отыр.
Дегенмен, саладағы түйіні шиеленіскен түйткілдерді шешудің басты алғышарты бәрібір, тұқымға тіреледі. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі, депутат Закиржан Кузиевтің айтуынша, Қазақстанның тұқым нарығының басым бөлігі көлеңкеге кетті. Мемлекеттік бақылау жоқ.
«Тұқым шаруашылығының қолданыстағы жүйесі тұқымдар сұрыптарының (сорт) өндірісін де, сатылуын да, пайдаланылуын да басқарусыз, бассыз жіберді. Салдарынан, нарық тұқымдардың жалған партияларына толып кетті. Тіпті ілеспе құжаттарының толық топтамасының болуы да өнімнің сапасына еш кепілдік бермейді. Еш сәйкестендірілмеген, тіркелмеген, қапқа толтыра салынған, өнімділігі өте төмен тұқымдар айналымда еркін жүр. Сондай дәнді сепкен диқандар әрі кетсе, мардымсыз өнім ғана алады. Бірақ қаражаты аз болғандықтан, аграршылар амалсыз ең арзанын алуға мәжбүр. Мұның бәрі еліміздің өсімдік шаруашылығын құртып барады. Сайып келгенде, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне алапат соққы жасалуда», – деді З.Кузиев.
«Біздің нарыққа ұсына алатын жетістіктеріміз бар. Олар үлкен сұранысқа ие. Дегенмен, басқа проблема бас көтерді: тұқым шаруашалығы жүйесі ақсап жатыр. Сұрыпты жасап шыққан соң оны серіктес шаруашылықтарға беруге тиіспіз. Тұқымның тауарлық партияларын солар өндіреді. Ал бізде серіктес шаруашылықтар өте аз, саусақпен санарлық. Бұл мемлекеттік маңызды іс, бірақ онымен айналысуды қалайтын кәсіпкерлер тым аз», – дейді орталықтың өкілі, дәнді, бұршақ, майлы дақылдар селекциясының маманы Ирина Ошергина.
Голландия тәсілі ауылды гүлдендіре ме?
Ауыл шаруашылығы министрлігі ашығын айтып отыр: арзан тұқымға елігіп кеткен аграршылардың көбі жерге дән емес, қоқыс себеді. Әйткенмен, бұған мемлекеттің өзі де айыпты. 2000 жылға дейін Қазақстанда Мемлекеттік астық инспекциясы болды, ол тұқым материалдарының сапасына бақылау жүргізетін. Артынша Doing Business бизнесті жүргізу индексі сияқты жаһандық рейтингтерде өрлеуге үйір болған, әрі әр саладағы олигархтардың мүддесін ілгерілеткен бұрынғы билік мемлекеттің бақылау, қадағалау функцияларын жаппай жоя бастады. Мұның бәрін нарық өзі реттейді деп дәйектеді. Нарық реттеді ме? Бұдан не шықты?
«Тұқым шаруашылығының қолданыстағы жүйесі Қазақстанда өндірілген тұқымдарға сенімсіздік тудырады. Лайықты бақылаудың жоқтығы салдарынан «жоғары репродукциялы тұқым» деп шынында ондай емес, нашар тұқымдар жаппай сатылып жатыр. Себебі, мемлекеттен тұқым өндіру процесіне жүйелі бақылау жоқ. Тексеруге тек шағымдар ғана негіз бола алады. Қолданыстағы жүйенің тиімсіздігінің бір мысалы сол, Ресейден немесе басқа елдерден көбіне тұқым деген атпен қоқыс тұқым жеткізіледі. Ал фермерлер олардың арзан бағасына қызығып, сатып алады», – деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомствоның ақпаратынша, мұндай тұқымсымақтар сапасы жөнінен талапқа сай болмаса да, олар әлдебір жолдармен қазақстандық ілеспе құжаттарға қол жеткізеді. Яғни, құжаттары толық болады.
Саланың тоза бастауына басқа да түйткілдер ықпал етті. Мысалы, диқандарда – білім мен білік, салада – білгір маман тапшы. Соның кесірінен, шаруалардың көпшілігі тұқымдық емес, тауарлы астықты егіп жүр. Министрлік көптеген агрономның тұқымның сорттық және егістік қасиеттерін шатастыратынына назар аудартты. Тұқымның егістік және өнімділік қасиеттері арасындағы айырмашылықты түсінбейді.
Мысалы, кез келген репродукциядағы суперэлита, элита, I, II, III сияқты сұрыптар ол сұрыптың тазалығын және бастапқы элитаны қайта отырғызғаннан кейінгі алынған тұқым буынын ғана көрсетеді. Бұл ол сұрыптың міндетті түрде жоғары өнім беретінін білдірмейді. Бұған ақылы жетпеген агрономдар, аграршылар неғұрлым жоғары сұрыбын ексем, мол астық жинаймын деп үміттенеді. Шынында, әрбір сұрыпқа, оның жергілікті жерге бейімделуіне және басқа да қасиеттеріне мән берген жөн. Мұның бәрі тұқымның ілеспе құжаттарында болуы қажет.
Әр тұқымның өнімділігін, олардың қасиеттерін тек бағалау арқылы анықтауға болады. Осы бағалау жүйесін мемлекет жолға қоюы керек.
Саладағы ұсынылып отырған жаңа реформаның бір бағыты да осыны қарастырмақ. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдарды сертификаттау жүйесін енгізуге ниетті. Бұл, оның байламынша, тұқым өндіру процесін бақылауға мүмкіндік береді.
Мұның қолданыстағы жүйеден не айырмашылығы бар? Қазіргі кезде мемлекет тұқым шаруашылығы субъектілерін әр 5 жыл сайын аттестаттап отырады. Содан аттестатталған тұқым өндірушілер кез келген тұқымға өз бетінше куәлік беру құқығына ие. Сонда тіпті тұқымның сапасын да тексермеуі мүмкін. Бұдан мүдделер қақтығысы туындайды: өзі жасайды, оны өзі бақылайды.
«Осыған байланысты инспекциялаумен және сертификаттаумен соған нақты маманданған, кәсіби ұйымдар айналысуы тиіс. Олар өздері берген құжаттарында көрсетілген мәліметтердің растығын кепілдендіруге және соған жауап беруге міндетті болады», – деп хабарлады ауыл шаруашылығы ведомствосы.
Яғни, қолданыстағы аттестаттау жүйесі жойылады. Тұқымдардың сұрыбын, егіс қасиеттерін анықтау, олардың өндірісі мен сатылымын қадағалау рәсімі концептуалды түрде өзгертіледі. Сонымен қатар инспекциялауды және тұқым сапасына сертификат беруді енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйеде тұқым шаруашылығын реттеумен мемлекет емес, кәсіби ұйымдар айналысады. Олардың үстінен арнайы мемлекеттік реттеу енгізіледі: кәсіби ұйымдарды мемлекет аттестаттайды. Басқаша айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргідей барлық тұқым шаруашылығы субъектілерін емес, тек осы салаға кәсіби маманданған ұйымдардың қызметін ғана қадағалайды.
Кәсіби ұйымның талап пен заңды бұзғаны анықталса, уәкілетті орган сот арқылы оны аккредиттеу туралы куәліктен айырады немесе оны кері қайтарып алады. Өз кезегінде кәсіби ұйымдар төл инспекциялық қызметтері, зертханалары арқылы тұқым сапасын тексеріп, бақылап, құжаттандырып отырады. Сол құжатына басымен жауап береді.
Жалпы, бұл біздің шенеуніктер ойлап тапқан «ноу-хау» емес: Қазақстан жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Нидерланд Корольдігінің тәжірибесін негізге алады. Өйткені дәл осы ел тұқымдарды сертификаттаудың жетекші жүйесіне ие. Тек Қазақстанның жергілікті ерекшелігі саналатын жемқорлық бұл жаңашылдықты жарға жықпаса...
Нидерландта 4 кәсіби ұйым бар, сертификаттаушы фирмалар соған мүше. Бұлар NAK (ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары), Naktuinbouw (бау-бақша шаруашылығын бақылау), KCB (импорт және экспортқа бағытталған жаңа піскен жемістер мен көкөністердің сапасын бақылау), BKD (гүл дақылдарын тексеру).
Қазақстанда Үкімет Парламентке «Тұқым шаруашылығы туралы» заңына түзету енгізетін жаңа заң әкеледі. Ол қабылданса, бірінші жылы Картоп өсірушілердің кәсіби ұйымы құрылмақ. 2-ші жылы – бақша өсірушілердің, 3-ші жылы – дәнді дақыл өсірушілердің, 4-ші жылы – майлы дақыл өсірушілердің, 5-ші жылы – қалған барлық дақылдың кәсіби ұйымдары құрылып, өндірістік бақылаудың инспекциялық қызметін жүргізеді. Соның негізінде нақты белгіленген әдістемеге сай тұқымға сертификат береді. Ал егіншілер тек сол ұйымдар сертификаттаған тұқымдарды ғана егуге міндеттеледі.