Банкроттыққа тапсырған жеке тұлғалардың тізімі өткен аптадан бері жариялана бастады. Содан бергі үш жұмыс күні ішінде борышкерлер саны 1 700 адамға жетіп отыр. Ендеше олардың арасында кімдер бар? Ең үлкен борыш сомасы қанша? Банкрот болғанның салдары қандай? Мәселен, мамандар банкрот болған адамдардың соңғы үш жылда сатқан дүние-мүлкіне байланысты мәмілелер күшін жоюы мүмкін екенін айтады. Ал банктер қарызын қайтарып алу үшін өзге клиенттеріне пайыздық үстемақы қосуы ықтимал. Сондықтан да банкрот болғандардың қарызын сіз бен біз төлеп қалуымыз ғажап емес... Ең үлкен сома – 282 млн Соттан тыс банкроттық процедурасы басталған борышкерлердің санын https://tazalau.qoldau.kz/ru/list/debtor?p=1 сілтемесі арқылы көруге болады. Бір жұмыс күні ішінде 500-600 адамға дейін толығып отырған бұл тізімнің мына қарқынмен тоқтамай жалғаса беретін түрі бар. Сондықтан сіз қараған кезде бұл сан біз жоғарыда атаған саннан да асып түскен болуы әбден мүмкін. Бірақ қызығы онда емес, қызығы ең үлкен соманың қанша екенінде. Өйткені, біз әрі кетсе, 5 миллион теңгені зорға алып, оны жапқанша ас батпай, ұйқы қашып күн кешсек, бұл тізімде 100 миллиондап борышқа кіргендер бар екен. Әрине, көп емес. Бастапқы үш күндегі 1 700 адамның ішінен осындай 4-5 адамды көзіміз шалып қалды. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны, 1970 жылғы Жанбеков С. есімді азамат Еуразиялық банкке 282 млн 784 мың 016 теңге (!) қарыз. Ал Қарағанды облысы Абай ауданының тұрғыны Жүнісбекова А.Ш. деген 1966 жылғы әйел адамның «Home Credit Bank» АҚ мен «Kaspi Bank» АҚ-на жалпы сомасы 208 млн 142 мың 161 теңге қарыз екенін көруге болады. Ал Түркістан облысы Сарыағаш ауданының қос тұрғыны да алғашқы бестікте: 1962 жылғы Төребаев К. есімді азамат 183 млн 248 мың теңге қарыз болса, 1991 жылғы Мүсірәлиева Ж. есімді азаматша 98 млн 981 мың 992 теңге борыш. Бұл екеу де «Kaspi Bank» АҚ-на берешек. Сондай-ақ, Алматы қаласы Медеу ауданының 1969 жылғы Бектасов А. деген тұрғыны «ForteBank» АҚ-на 106 млн 539 мың 959 теңге қарыз. Енді қарыз үстіне қарыз жамап, өзін осы жағдайға жеткізген замандастарымыз туралы сөз етсек, кредиторлар саны ең көп азамат – Алматы қаласы Медеу ауданының 1973 жылғы тұрғыны Арзанбеков А. Ол банктері бар, қаржы ұйымдары бар, коллекторлық агенттіктері бар – 14 кредитордың алдында 3 млн 200 мың теңге қарыз. Одан кейінгі орында 8 кредитор 1 млн 541 мың 038 теңгемен Маңғыстау облысы Қарақия ауданының 1987 жылғы тұрғыны Давлетов А. деген азамат тұр. Осындай қарызды ала бергендер саны соншалықты көп емес. Бірақ олардың кредиторлар саны 5-6 қаржы ұйымын құрайды. Ал енді ең аз несие сомасына келер болсақ, ол – «Kaspi Bank» АҚ-на небары 11 995 теңге қарыз Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Ботабеков Б.
«Егер азамат өзінің қарыздарын 5 жылдан астам уақыт төлей алмай жүрген болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады. Бұл жерде оның дүние-мүлкі бар-жоғы, берешек сомасының қанша екені маңызды емес. Сондай-ақ бұл заң бір реттік акцияға жатпайды. Биыл үшінші наурыздан құжаттар қабылдана бастады, енді ол күшін жойғанша ұдайы қолданыста болады. Десе де, борышкерлер өте қатты тексеріледі. Мәселен, бүгінгі таңға дейін 37 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оларға 15 жұмыс күні ішінде не қабылданғаны, не бас тартылғаны туралы хабарланады, барлығы бірдей бұл тізімге іліккен жоқ. Облыстар бойынша айтар болсам, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал ең азы – Ұлытау облысы. Тізімдегі борышкерлер мен кредиторларға 6 ай уақыт беріледі. Борышкердің мүлкі бар-жоғы, қаржылық жағдайы, әдейі банкроттыққа барып отырмағаны тексеріледі. Өкілетті орган осы уақыт ішінде борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді. Соңғы 3 жылда дүние-мүлкін біреулердің атына аудармады ма деген сияқты теріс фактілерді анықтайды. Егер осы 6 айдың ішінде кредитор тарапынан шағым түспесе, онда автоматты түрде банкрот деп танылғаны туралы шешім шығарылады», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева.[caption id="attachment_247536" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті наурыз айының қорытындысын шығарып отыр. Онда соттан тыс банкроттыққа 37 000-нан астам өтініш берілгені, оның 11 000-ға жуығы қаралып, тек 2 670 өтініш мақұлданғаны хабарланған. Оның себебі, банкрот болуға ұмтылушылардың талапқа сәйкес келмей жатқаны. Мәселен несие бір жылдан көп уақыт төленбей қалған болуы керек болса, олардың арасында ішінара төлегендері бар. Болмаса, «некеде жоқпын» деп көрсеткендердің eGov-та үйленгені туралы ақпараттар шыққан. 11 мыңның ішінен 1349-ының жылжымайтын мүлкі, 941-інің жер телімі, 789-ының автокөліктері бар екені анықталған. Тағы да басқа себептермен көп адамға бас тартылған. Жеке мәліметті жариялау заңға қайшы емес Бұл тұста бізді таңдандырғаны, борышкерлердің жеке мәліметтері осылайша ашық жариялана бере ме деген сұрақ. Әйтсе де, бұл заңға қайшы емес екен. Өйткені Банкроттық туралы заң бойынша несиесін төлегісі келмейтіндер мен төлей алмайтындарды ажырату үшін мемлекет осындай жеңілдіктерге барып отыр.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» Заңның 12-бабы 4-тармағына сәйкес осы Заңда көзделген рәсімдерді жүзеге асыру кезінде мұндай мәліметтер құпия болып табылмайды. Сондай-ақ, Салық кодексі 30-бабы 1 тармағы 11 тармақшасы бойынша да ЖСН құпия саналмайды. Борышкер соттан тыс банкроттық процедурасына сәйкес келсе, өкілетті орган ол туралы ақпаратты 15 жұмыс күні ішінде «Электронды үкіметтің» веб-порталына жариялайды. Бұл мәліметтер осы процесті сапалы түрде жүзеге асыру үшін, мәселен, одан кейін несие алмауын қадағалау үшін, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептеуді тоқтату үшін, соттың қарызды өндіріп алу туралы шешімін тоқтату үшін және тағы да басқа жағдайлар үшін керек. Ал ЖСН аттас, фамилиялас адамдарды ажырату үшін қолдану мақсатында көрсетіледі», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.МКК мамандары банкроттыққа тапсыру ол қай азаматтың болмасын қаржылық жағдайы шынымен де нашарлағанда баратын ақырғы қадамы екенін айтады. Өйткені бұл азаматтарға осы тізім шыққаннан бастап ең кемі 5 жыл несие берілмейді, одан кейін 7 жыл бойына олар өздерін қайтадан банкрот деп тани алмайды және 3 жыл бойына қаржы ұйымдарының бақылауында болады. Сондықтан да азаматтардың әуелі несие алар кезде өз мүмкіндігін ерте бастан дұрыс бағалап, қиын жағдайға тап болған күнде де өз күшімен шығып кетуге ұмтылғаны абзал. Қаржылық жауапкершілік қажет-ақ Десе де қазақстандықтардың Президент берген осынау тапсырманы мойынындағы қарызынан оңай ғана құтылу мүмкіндігі деп қарайтындары көп екен. Осылайша кредитордың алдындағы қаржылай міндеттемелерін орындаудан бұлтармақ. Ал бұл заң несиесін төлегісі келмейтіндерді емес, төлей алмай жатқандарды анықтауға арналған. Бірінші кезекте қаржылық қиын жағдайға тап болғандарды қорғайды. Сондықтан да процедураның талаптары өте қиын. Мұны азаматтар да, кредиторлар да дұрыс түсінгені абзал. Бірінші кезекте, несие берушілер, соның ішінде микроқаржылық ұйымдар ендігі жерде азаматтарды қарыз қақпанына түсіру пиғылынан бас тартуы керек. Өйткені заң күшіне енсе де, олар жарнамаларын тықпалап, келісім-шарттағы міндеттемелерін бұрмалап көрсетіп, қарыз алушыларды тікелей алдауға көшкен. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Мемлекет осы заң аясындағыларды да тәртіпке шақыратын болады. Ал енді азаматтар үшін банкроттықтың қандай салдары бар?
«Біріншіден, бұл жерде соңғы сөзді қаржы басқарушы айтады. Өйткені, бүкіл процедураны жүргізетін сол. Ал ол қандай маман болып шығады? Мәселе – осында. Егер жеке басын көксеген біреу болса, онда мүлкіңізді бағалауда қарпып қалуы ғажап емес. Екіншіден, банкрот болғанға дейінгі соңғы үш жылда жасаған мәмілелер бәске түсіп, күшін жоюы мүмкін. Өйткені борышкер осы мерзім ішінде жылжымайтын мүлкін сатып, соның ақшасына бизнес ашып, үстіне несие алып, ақыры банкроттыққа ұшыраған болуы ықтимал. Онда оған пәтері қайтып беріліп, сатып алушыға ақшасы қайтарылуы мүмкін. Ал бұл уақытта ол пәтер құны одан да аспандай түскені анық. Мұны да шешетін қаржылық басқарушының ар-ожданы. Үшіншіден, борышкер банкрот деп танылған жағдайда оның қарызы банктерге қайтарылмайды, жәй ғана есептен шығарып тасталады. Мұндай жағдайда банктер бұл шығынын қайтару үшін несие пайызын көтеріп жіберуі мүмкін. Сонда ол пайыз жаңадан несие алушының мойынына артылады деген сөз», – дейді қаржыгер Ләззат Сатаева.Маманның айтуынша, бұл бағытта тәртіпті қатаңдата түспесе болмайды. Қаржылық басқарушылар қатаң қадағалауда болып, түрлі тәуекелдерге алғышарты жасалмауы тиіс. Өйткені егер сәл босаңсыса қарызын әдейі төлемейтін несие алушылар қатары көбейіп шыға келуі мүмкін. Себебі, елімізде бұған дейін де атаулы көмек алу үшін әдейі ажырасып, жәрдемақыға құжат тапсырған ерлі-зайыптылардың болғанын білеміз. Қалай болғанда да елімізде қай тарапқа да қаржылық жауапкершілік жетіспейді. Өйткені заңның қабылдануына елімізде банктер өте үлкен қарсылық көрсеткен болатын. Мысалы олар борышкерді банкрот деп танығаннан кейін алимент төлеуден, адамның денсаулығы мен өміріне келтірген залалы үшін өтем төлеуден, сот шешімі бойынша өндірілетін бюджетке шығындарды төлеуден босату нормаларын тықпалап, шетелге шығуға тыйым салғысы келді. Десе де, Үкімет банкирлердің лоббиіне берілмеді. Бұл тұста оларға Мәжіліс депутаттары көмектесті. Олардың басым бөлігі «AMANAT» партиясының мүшелері. Естеріңізде болса, тіпті осындай бірқатар депуттарға қарсы БАҚ-та қаралау кампаниясы жүрген болатын. Бірақ лоббисттердің онысынан ештеңе де шықпады. Бұл мұнымен текетірес аяқталды деген сөз емес. Ендігі мәселе, осы талаппен Әділетті Қазақстанды орнату жолындағы қажырлы күресті жалғастыра беру. Десе де қатардағы азаматтарға да қаржылық жауапкершілік қажет-ақ!