Есті жұртқа естіртем деп даусымды...
Есті жұртқа естіртем деп даусымды...
833
оқылды
Елордадағы «Жастар» са­ра­йында Тäuel[dı]sız жобасының HÏKAYA заманауи өнер кеші өтті. Тäuel[dı]sız – ән мен әуендi, би мен өнердi поэзиямен ұштас­тырған арт-жоба. Оның ая­­сында еліміздегі және әлем­дегі әр­түрлі әлеу­­­меттік мәселе­лер пер­­фо­манс түрінде көп­шілікке ұсыны­лады. «Поэзия кештерінен қарным ашып қайтатынмын» Кеште адамзат пен жасанды зият байланысы, саяси ахуал, табиғат пен діл мәселесі және әлем назарын аулаған сұм соғыс медиасауат тұрғысынан сахналанды. Сондай-ақ сыни ойлау, пропаганда, ма­нипуляция, боттар, фактчекинг мәселелері жаңаша форматтағы қойылым ретінде көрініс тапты. Кеш қатысушылары заманауи қазақ поэзиясының өкілдері – Әсел Кәрібай, Тұрсынбек Башар, Жұлдыз Молдағали, Фай­золла Төлтай, Мақпал Жұмабай, Ис­лам Қабыл, Әсем Құлманова, Бауыржан Майтай сияқты ақындардың әлеуметтік тақырып­тарға жазған өлеңдерін оқыды. Арт-пер­фоманстың жүрекке жеткені сонша, кей тұсында тіпті көрермен көзіне жас алды. би Тäuel[dı]sız жобасының авторы әрі продюсері Руслан Жұбаныштың айтуынша, поэзияны осындай жаңаша форматта жеткізу идеясы 2019 жылы келген екен.
«Өзім негізі оқушы кезімнен поэ­зияға қызығатынмын, поэзия бай­қауларына жиі қатысатынмын. Қазақ поэзиясының әлеуеті Отан, ана, махаббат деген тақы­­рыптардан да кең ауқымды қамти алатынын жақсы білетінмін. Жур­факта болатын ақын замандаста­рымыздың поэзия кештеріне барғанда қарным ашып қайтатынмын. Өйткені бізде поэзияның қалыптасып қалған формасы бар: кез келген кешті алып қарасаңыз, өлең оқи­тын адамдар сахнаға шығады, оқиды, кетеді. Сөйтіп жүріп басыма ой келді: неге поэ­зияны заманауи форматқа бейімде­меске, сол арқылы әлдеқайда үлкенірек ауди­торияға көп дүние жеткіз­беске?! Бұл ой­дың жемісі болған алғашқы кешіміз 2019 жылы өтті. Жалға алатын орын сұрау үшін Астанадағы Жастар театрына бардық. Студентте қайдан ақша болсын?! Жағ­да­йымызды театр басшылығына түсін­дірген едік, олар бізге қазір халықтың театр­ға он­ша келмей жүргенін, егер олар­дың қойы­лымына 300 билет сатып бере алатын бол­сақ, бір кешке театр залын тегін беретіндерін айтты. Ол кезде командада жеті адам едік. Келістік. Сонымен не керек, әлгі билет­тер­ді түгелдей сатып, есесіне концерт өт­кізуге тегін орын таптық», – дейді ол.
Әдебиет азшылықтың мүлкі емес Алғашқы кеште тәжі­ри­бе жоқ, аң­ғал­дықтары тағы бар, біраз кемшілік кетіпті. «Анонсты кеш өтуге бір күн қалғанда бердік. Соның өзінде 100-ге жуық адам келді. Ол шақ елде үлкен саяси өзгерістер болып, бұрынғы президент отстав­каға кетіп, астана аты ауысып жатқан кез еді. Сонда ақын Саян Есжанның: «Бояуы осы боямасыз күндердің, Кеше кім ем? Бүгін енді кім болдым?! Баспанасыз босып жүрген кезімде. Астанасыз қаларымды білген кім?», – деген тармақтарын сахнаға алып шық­қан­быз», – деді Руслан Жұбаныш. 2020 жылы пандемия болып, Тäuel[dı]sız жобасы сахнаға 2021 жылы қайта ора­лады. Екінші кеш елордадағы «Конгресс Холл» ғимаратында «Betperde» деген атау­мен өткен. Постпандемия кезеңі болған­дықтан символикалық мән-мағынаға ие осы атау таңдалыпты. Ол кезде де шы­ғармашылық топтың қаржылық демеу­ші­лері болмаған. 1000 теңгеден 200 билет сатып, залдың жалға алу құнын топ мүше­лері өздері көтерген.
«2021 жылдың соңына қарай «Тәуел­сіздік ұрпақтары» атты гранттың жеңім­пазы атандық. Сол грант арқылы 2022 жылы «Betperde» кешімен Алматыға гас­трольге шықтық. Көрермен тарапынан қызу қолдау таптық. Ол грант екі кешке берілген болатын. Екінші ретте – былтыр шілде айында алғашқы HÏKAYA кешін ұйымдастырдық. Кешегі өткен HÏKAYA кеші бесінші мәрте өткізіліп отыр. Оған Internews ұйымы демеуші болды. Жоба­мыздың аты Тäuel[dı]sız болғандықтан, мейлінше тәуелсіз ұйымдармен жұмыс істеуге тырысамыз. Өйткені көп ұйым­ның бізге грант бере қоюы қиын­дау», – дейді жоба продюсері.
ән Русланның пікірінше, біздің қоғамда «әдебиет – азшылықтың мүлкі» деген түсінік қалып­тасқан. Поэзияны да солай, санаулы адамдарға ғана тән дүние деп біледі. Жастар осы таптаурынды жо­йып, оны зама­науи шоу-форматқа ай­налдыру ар­қылы көпшілікке бейімдегісі келеді.
«Ол мақсатымыз жү­­зеге асты. Бұл – бесінші кешіміз. Алғашқы кеш­­­пен айыр­машылық жер мен көктей. Қазір промоу­шнмен жұмыс істеп жатырмыз. Кешті на­сихат жасаудың жаңа әдістерін қолданамыз. Командада бәріміз бірдей өнер адамдары емеспіз, дегенмен өнерді жақсы көретін адамдармыз. Шығар­ма­шы­лық құрам бес адамнан – мұғалімдер мен журналистерден тұрады», – дейді жоба авторы.
Неліктен Тäuel[dı]sız? Әлеуметтік тақырыптарды еркін көтеретін жоба болғандықтан ба екен, кейде кедергілерге ұшырасып жатады екен.
«Үлкен кедергілердің бірімен кеше бет­пе-бет келдік. Концерт басталуға 2-3 са­ғат­тай уақыт қалған. Біз ең соңғы репети­ция­мызды жасап жатқанымызда, іштегі қыз­меткерлер біздің кейбір қойылымда­ры­мызды суретке, видеоға түсіріп, бас­шы­лықтарына жолдап, кейбір нөмірлерімізді біржола алып тастағысы келді. LED экран­нан көрсетілетін бір видеомызды солай алып тастады. Әйтпеген күнде кон­церт өтіп жат­қан кез келген сәтте микро­фонды неме­се жарықты өшіріп тастай­тындарын айтты. Біздің елімізде цензураға тыйым салын­ғанымен, өз көлеңкесінен қорқатын осын­дай адамдардың кесірінен цензураға тап болып жатамыз», – дейді Руслан Жұбаныш.
Ал жобаның атауына келсек, бұл – 2019 жылғы алғашқы кеште пайда болған идея­дан шығыпты.
«Біз тәуелсіз деген сөзді көп айтамыз. Де­генмен іштей қарасақ, әрқайсымыз бел­гілі бір нәрселерге тәуелдіміз – адам оны өзі шешеді. Сондықтан жобаның да атын Тäuel[dı]sız деп атауды жөн көрдік», – дейді жоба авторы.
өнер Айтпақшы, кеш тақырыбы болған HÏKAYA сөзі әлеу­меттік желілердегі Stories ұғымын білдіреді. Ме­диа­сауат мә­се­лелерін қоз­ғаған кеш ақын Ұмтыл За­рыққанның мына өлең жолдарымен тәмамдалды: – Жүйке жүйем жалған сөзден жалығып, Өне бойым өтіріктен тарылып. Тұншығамын мынау алып ақпараттық әлемнен Сен де бәлкім мендік хәлді ұғарсың, Бәлкім, сен де шаршап жүрген шығарсың?! Жүйесі жоқ, иесі жоқ жаңалықты көремін деп жау сынды Тым беймәлім хикаяға байлап мезгіл, маусымды. Есті жұртқа естіртем деп, естілмейтін даусымды, (қуатым менің) Қуатым менің таусылды...