Талдықорғандағы тұрғын үй дауы
Талдықорғандағы тұрғын үй дауы
900
оқылды
Жетісу облысы орталығындағы тұрғын үй саласындағы түсінбес­тік­тер мен шектен шыққан заңсыз­дықтар былтыр қалың жұртшылыққа мәлім болған-ды. Талдықорған қаласында мемлекеттің қаржысына тұрғызылған тұрғын үйлердің жыл­дар бойы «бармақ басты, көз қысты» жолмен таратылып келгені, соның кесірінен жүздеген пәтердің тиісті адамдарға емес, кезекте тұрмаған­дарға заңсыз беріліп кеткені жария­ланған еді. Тұрғын үй комиссиясы құрылып, заңсыз берілген пәтерлерді анықтау жұмысы содан бері жалғасып келеді және құжатсыз үйлердің саны да уақытпен бірге артып барады. Бұл іске прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті де араласып, заңсыз­дық­тардың себеп-салдарын білуге, кінә­лі­лерді жауапқа тартуға тырысуда. Қазір­ге дейін біраз пәтерлер мемлекетке қай­тарылып, заңды кезекте тұрғандарға таратылуда. Біраз үйге қатысты істер тұрғын үй комиссиясында қаралуда. Сонымен бірге сотқа тапсырылғандар саны да көбейген. Журналистер үйінде «Тұрғын үй мәселесі және заңдастыру» тақырыбына өткен брифингке келген Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Жетісу облысы бойынша депар­таменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев облыс орталығындағы тұрғын үй саласындағы жағдайды сауық­тыру, заңдылықты қалпына келтіру бо­йын­ша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады. Қала басшысының айтуынша, тұр­ғын­дарды баспанамен қамтамасыз ету жағ­дайы әлі күнге өзекті. Жылдар бойы кезекте тұрса да, үйлі бола алмағандардың наразылығы күшейе түскен. Осындай адамдар тарапынан бір кездері заңсыз таратылып кеткен пәтерлерді кері қайта­рып, заңды иелеріне беру туралы мәселе жиі көтеріле бастады. Расын айту керек, соңғы он шақты жылда облыс аумағында кезектегілер үшін салынған үйлерді қолы жеткендерге беру жаппай үрдіс алған және жүздеген баспана үйлі-күйлі жан­дар­ға, өмірінде қалада тұрмаған отбасы­ларға беріліп кеткен. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, лауазымды тұлғалар да бар. Құқық қорғау органдары­ның, БАҚ саласының қызметкерлері де кездеседі. Осындай тиісті орындардың сал­ғырт­тығы мен тамыр-таныстық арқа­сында берілген пәтерлер арасында кілті алын­ғаннан бері есігі ашылмағандар, коммуналдық қызметі немесе жалгерлік ақысы төленбегендер де бар. Сонымен бірге пайдалануға беріле салысымен басқа адамдарға жалға берілген пәтерлер де көптеп шығуда. Осындай тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласын­дағы­лардың немкеттілігі, жекелеген адам­дардың ашкөздігі кесірінен жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған мүгедек­тер, көпбалалы отбасылар мен жалғыз­бас­ты аналар, бюджеттік сала қызметкер­лері арасында баспанадан мүлде күдер үзе бастағандар көптеп саналады. Бұған дейін заңсыз берілген пәтер саны 1026 болса, соңғы үш айдың барысында ондайлар саны 1218-ге жетіпті. Олардың арасында азаматтық мәртебесі сұрыпталмаған, құжаттары түгенделмеген жандар да жетеді. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген 60, денсаулық сақтау саласының маман­дарына берілген 60, көпбалалы аналарға берілген 72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының құжаты рәсімделмеген.
– 1218 пәтердің 669-ы әлеуметтік жағы­нан қорғалатын топтағыларға беріл­се, олардың 612-інің ғана санаты растал­ған. Өздерінің мәртебесін дәлелдеген, пәтерді кезегіне сай алған көп балалы аналар, 1-2-топ мүгедектері, мүгедек балалы отбасылар, зейнеткерлер және Чернобыль апаты, Семей полигонында зар­дап шеккен азаматтар, қандастар, жал­ғыз­басты аналар, жетімдердің құ­жаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапы­нан кеткен олқылықтар кесірінен санаты нақты расталмаған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен тыс заңсыз алғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылуда, – деді Әсет Дүйсебекұлы.
Жетісу облысының прокуратурасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің тексеруі барысында біраз азаматтың кезегі қайтадан қалпына келтіріліп, пәтер алуға қатысты құқығы сақталған. 2005-2006 жылдары кезектен заңсыз шығарылғандар да пәтерлі болуда. Ал басқа облысқа ауы­сып кеткен мемлекеттік қызметшілердің пәтері мемлекет меншігіне қайтарылуда. Өткен жылдары 357 пәтерді бюджет пен мемлекет қызметкерлері алыпты. Тексеруден соң осы үйлердің 210 пәтері мемлекеттік мекемелердің теңгеріміне берілді. Қалған 147-сі бойынша тексеру қолға алынған. Алдағы кезде олардың санаттары анықталады. Егер заңға сәйкес болмаса, мемлекетке қайтарылады.
– Көпбалалы аналарға берілген 40-тан астам пәтерде мүлде басқа адамдардың жалға алып, тұрып жатқаны анықталды. Бұл тіпті шектен шыққандық қой?! Іс жүзінде ол кісілер баспанаға мұқтаж бол­маған сияқты. Талап қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін көбі үйлеріне көшіп келді. Мына бір қызық жағдайды да айтып кетейін. Кезекте тұрғандардың көбі Талдықорғанда тұрмайды. Тіркелген мекен-жайына барсаң, үйде жоқ болып шығады. Хабарлама жіберсең, жауап келмейді. Сол кісілерді іздеуге 2-3 ай уақыт кетуде. Құқық қорғау органдарына жүгініп, олардың көбін аудандардан таптық. Кезекте тұрғандықтан, біз заң аясында пәтер беруге тиіспіз. Сондай-ақ заң бойынша кезекке балалары кәмелеттік жасқа толмаған көпбалалы аналар ғана тұра алады. Алайда кәмелеттік жасқа то­лып кеткен, тіпті, балалары 30, 40 жастағы­лар да кезекте тұрғаны анықталып жатыр. Қазір оларды кезектен шығару­дамыз. Айта берсек, қала бойынша тұр­ғын үй кезегінде де, бұған дейін беріліп келген пәтерлерге қатысты заңсыздықтар мен сорақылықтар жетерлік. Баспана деген кез келген отбасының немесе адам­ның ең жанды жерінің бірі. Сондықтан бұл мәселеге қатаң қарап, барлығы заң ая­сын­да болуын қамтамасыз етуге ұмты­лу­дамыз. Өкінішке қарай, осы қадамы­мызды дұрыс қабылдамайтындар да бар, – дейді қала басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаевтың айтуына қарағанда, 2013-2021 жылдар аралығында заңсыз берілген пәтерлерге қатысты Қыл­мыс­тық кодексiнің 361-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда айтылған 1218 пәтердің 59-ы сот арқылы кері қайтарылып, кезекте тұрғандарға берілуде, 500 адам тұрып жатқан баспа­наларын заңдастырыпты. Үйлерді заңсыз таратуға қатысты күдікке ілінгендер ара­сында Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де бар. Қазіргі кезде Талдықорған қаласында пәтер кезегінде 16 мыңнан астам азамат тұр. Осы уақытқа дейін себепсіз 1700 адам кезектен шығып қалған. Олардың 1333-і қайта кезекке қойылыпты. Тағы бір назар аударатын мәселе, Тал­ды­қорғанда тұрғын үй кезегінде тұрған­дар­ды алдау арқылы пайда табуды көз­дейтін алаяқтар тағы пайда болыпты. Қа­лалық әкімдіктегі тұрғын үй инспек­циясы басшысы Айдос Жақыпбектің айтуынша, кейінгі кездері пәтер алаяқ­тарының белсенділігі артып кеткен. Олар кезекте тұрғандарға тұрғын үй қоры аты­нан хабарласып, олардан тезірек баспа­налы болу үшін ақша бопсалайды.
– Соңғы айларда мұндай деректер көбейіп кетті. Телефонмен хабарласып, өздерін тұрғын үй инспекциясынанмын деп таныстырады да, азаматтарды баспана кезегінің келіп қалғанына байланысты алдын ала белгілі сомада комиссиялық алым төлеуі қажеттігіне сендіреді. Біз қала тұрғындарына ондайларға сенбеуге шақырамыз. Мемлекеттік қор­дан үй тегін беріледі, кезекте тұрғандардан ешқандай комиссиялық алым алынбайды, – дейді тұрғын үй инспекциясының бас­шысы.
Талдықорғанда мұндай жағдай бірінші рет болып тұрмағанын естеріңізге сала­мыз. 2017 жылы 47 адамды 200 миллион теңгеге тақырға отырғызғандар сотталған болатын. Содан бері тынышталып қалған алаяқтар облыс орталығында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, бұған дейін үй алғандарға қатысты көптеген заңсыздық­тар мен былық-шылықтың беті ашылып, тексерістер көбейгеннен бері қайтадан белсеніп, қарапайым тұрғындарды маза­лауда.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы