Қуатты әскер – қуатты мемлекет
Қуатты әскер – қуатты мемлекет
442
оқылды
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдаған болатын. Министр жүргізілген талдау жұмыстары мен штабтық-ұйымдастыру шаралары биыл 10 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар Президент әскери білім беру ісінің және дайындық үдерісінің сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Айбынды әскер – ел қорғаны. Олай болса, Отан қорғаушылар әскери өмірдің қыр-сырын білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да осыны қамтыды. Біз Отан қорғаушылардың қазіргі таңдағы жүргізіп жатқан іс-қимылдарына шолу жасап көрдік.  

ЖАТТЫҚСАҢ ШЫҢДАЛАСЫ

Жаттығу, жаттығу, тағы да жаттығу. Міне, осы арқылы жас сарбаз шыңдала түседі. Соның бір мысалы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері оқу-жаттығу өткізді. Танкистер тапсырмаларын «Мәтібұлақ» полигонында жүзеге асырды. Бөлімше марш жасап, әскери көлікті бүркеме­леуді, күзет пен жауынгерлік оқ атуды ұйымдастыруды орындады. Сабақтың қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен аға лейтенант Ерғали Аман­гелді басшылық еткен роталық-такти­калық топ көзге түсті.
– Роталық-тактикалық топ – бұл тек жауынгерлік немесе оқу-жаттығу міндет­терін орындау кезінде қалыптаса­тын уақытша жиынтық бөлімше болып саналады. Маған оқу-жаттығу кезінде мотоатқыштар взводы, барлау және инженерлік-саперлік бөлімшелері қа­рады, – дейді 3-танк ротасының коман­дирі, аға лейтенант Ерғали Амангелді.
Орындалған іс-әрекетті оқу-жат­тығудың жетекшісі, 1-танк батальоны­ның командирі, майор Нұрлан Кубашев ба­қылады. Оның айтуынша, бақылау жүргізу одан әрі оқу-жаттығуды талдау мен зерделеуге қажет. «Роталық-такти­калық топ барлық нысананы дәл көздей отырып, тапсырмаларды уақытылы орын­дады. Және ең маңыздысы аз уа­қыт­та ол уақытша әскери ұжымды бірік­­тіре отырып, жеке құрамның қауіп­сізді­гін қамтамасыз етті» деп атап өтті ол.  

ЖЕҢІСКЕ – 75 ЖЫЛ

Әскерде шымыр болған адам жеңіл­месе керек. Бүгінгі күні әртүрлі спорт түрінен жарыстар өткізу ісі жақсы жолға қойылған. Міне, сондай жарыстың бірі де бірегейі болып табылатын Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған қоян-қолтық ұрыстан чемпионат аяқталды. Турнирге 14 командадан 109 спортшы қатысып, өз бақтарын сынады. Шараның ашылу салтанатында Қорғаныс министрінің бірінші орын­басары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-майор Мұрат Бектанов:
– Заманауи қоян-қолтық ұрыс – бұл жекпе-жек түрі ғана емес, сонымен қатар әлемдік жекпе-жек түрлері ара­сында функционалдық элементтерді бірік­тіретін қорғаныс және шабуыл тәсілдерін оқытудың әмбебап жүйесі. Қазіргі таңда қоян-қолтық ұрыс әлемде жауынгерлік жекпе-жектің қарқынды және жылдам дамып келе жатқан түрі болып саналады. Қоян-қолтық ұрыс күресу­шілерінің жан-жақты дайынды­ғы, жекпе-жек көріністері, сондай-ақ се­німді қорғанысы мен жабдықталымы жаңа спорт түрін әлемге танымал етті, – деді.
Аталмыш турнирде жалпы коман­далық есепте 9 салмақ дәрежесі бойын­ша 14 776 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетсе, екінші орынға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жайғасып, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері командасы жүлделі үшінші орынды иемденді.  

БІЛІКТІЛІК АРТА ТҮСЕДІ

Қорғаныс министрлігінің жауын­герлік жоспарына сәйкес, ақпан айынан бастап наурыз айына дейін зениттік-зымыран (техникалық) дивизиондары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, радиотехникалық, құрлық әскерлерінің байланыс батальон командирлері курстық даярлықтан өтеді. Бұл жиын Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ұйымдастырылады. Оқу бағдарламасында тактикалық мамандық, техникалық даярлық, әскерлерді басқарудың автоматтан­дырылған жүйесі және әскери топогра­фия сияқты пәндер қарастырылған. Оқуды ЖОО-ның профессор-оқыту­шылар құрамы жүргізеді. Сонымен бірге Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің офицер­лері үшін 248 оқу сағаты, құрлық әскер­лері үшін 229 оқу сағаты бөлінді. Бағдар­лама теориялық және практи­калық сабақтан құралған. Курстық дайындық қорытындысы бойынша, офицерлер алған білімдерін көрсетіп, одан кейін курсты сәтті аяқтағаны ту­ралы сертификат алып шығады. Командалық буынның біліктілігін арттыру курстары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 2016 жылдан бастап өт­кізіледі. Осы уақыт ішінде 200-ден астам офицер оқудан өтті. Курстық даярлықты өткізудің негізгі мақсаты – командалық дағдыларды жетілдіру, сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқару және олардың жауынгерлік мақ­сатын тиімді пайдалану мәселе­ле­рінде командалық құрам сардарларының жауынгерлік және тактикалық даярлық деңгейін арттыру.  

ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ

Жемқорлық салдарынан мемлекет зардап шегуде. Әрине, қорғаныс сала­сында да бірқатар осындай келеңсіз жағдай орын алған болатын. Енді оған жол берілмейді. Бұл туралы жақында Қорғаныс министрлігінде өткен жем­қорлыққа қарсы заңнаманың орын­далуын бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысында айтылды. Қорғаныс министрі, генерал-майор Н.Ермекбаевтың төрағалығымен өткен жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов пен Қарулы Күштер Бас штабы және құрылымдық бөлімшелері басшылары қатысты.
 – Қарулы Күштер қатарында болып жатқан сыбайлас жемқорлық фак­тілеріне ешкім төзуге ниетті емес. Біз үнсіз қалмауымыз керек. Әскерді осын­дай әлеуметтік зұлымдықтан тазарту шараларын қолдануымыз керек. Лауазым­ды тұлғалар үшін «жемқорлық» сөзі төзбеушілік пен сыбайлас жемқор­лыққа қарсы тұрақтылық сезімін ту­дыруы керек. Қарулы Күштер – мем­лекет тұрақтылығының негізі, сондық­тан біздің қатарымызда сыбайлас жемқорлықты азайту маңызды, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Сонымен қатар отырыс барысында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әскери қызмет­шілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және аза­маттардың сенімін арттыру үшін «Қарулы Күштер – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі, жеке және заңды тұл­ғалардың кедергісіз қол жеткізу терезесі ашылды. Отырыс қорытындысы бо­йын­­ша, барлық дәрежедегі және дең­гей­дегі командирлерге әскери ортада­ғы сы­бай­лас жемқорлықты жою бойын­ша жұмысты жандандыру тапсырылды.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ