Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды
Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды
© gov.kz
878
оқылды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалды, – деп хабарлайды Ақорда. Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев 1976 жылы 26 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заман гуманитарлық институтын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, экономика магистрі, құқықтану бакалавры, бакалавр академиялық дәрежесі берілген менеджмент саласының маманы. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігінің Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған, 1999-2001 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты болды. 2001 жылдан 2003 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдар атқарды. 2003-2006 жылдары–  «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Қаржы департаментінің директоры-басқарма мүшесі. 2006-2007 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің Жиынтық-талдау департаментінің директоры. 2007 жылғы қаңтар-шілде аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры. 2007-2009 жылдары – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы. 2010-2012 жылдары – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК директоры. 2012 жылдан 2013 жылға дейін «ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты» ЖШС Бас директоры. 2013-2016 жылдары – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2016-2019 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2019 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында  – ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2019 жылдың сәуірінен 2021 жылдың наурызына дейін «ҚазАгро» Холдингі» АҚ басқарма төрағасы. 2021 жылдың сәуір-шілде аралығында –  ҚР Қаржы вице-министрі. 2021 жылғы шілдеден бастап – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі -министрінің міндеттерін атқарушы. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды.