Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Онда халықты қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі мәселесін көтерді. Сондай-ақ ел арасынан жиналған мәліметтер мен сұраныстар нәтижесінде бірнеше ұсынысын бідірді. Депутаттың айтуынша, бүгінде тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр.
«Біріншіден, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу. «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы деп, кемі 4 бала олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаға өзгеріс қашан жасалмақ? Екіншіден, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40%-ға жуығы (әрбір үшінші жұп) ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Жас отбасы» бағдарламасын бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай ұсынамын. Бүгінгі таңда Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна – 50%-ды құрайды. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудырады. Үшіншіден, 7-20-25 жыры... Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр. Төртіншіден, Жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесі. Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек еді. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы (2022) толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ?», – деді Дәулет Мұқаев өзінің депутаттық сауалында.Сонымен қатар, ол баспана мәселесі бірден шешілмейтінін, дегенмен, оған деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қарау қажет екенін де атап өтті.