Денсаулық сақтау саласының мамандары тәуелсіз емтихан алу орталығында тест тапсырып, кәсіби қарымын сынап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бес жылда бір ұйымдастырылатын сынақтың жөні бөлек. Төмен нәтиже көрсеткендер науқастарды емдеу құқығынан айырылады. Жалпы дәрігерлеріміз көбіне ситуациялық емтиханнан сүрінеді екен. Науқаспен тіл табысу жағы да ақсап тұр. Сонымен бұл жолғы емтихан қалай өтті? Мониторға мұқият үңілген ақ халаттылар диагноз саралап отырған жоқ. Олар 50 сұрақтан құралған тестті тапсырып, теориялық білімдерін пысықтап отыр. Берілген уақыт – 75 минут. Бұл емтиханның алғашқы кезеңі. Жауапты сынақ, дайындық та күшті. Сәруарбек Ахметов, хирург дәрігер: – Өте пайдалы тест. Дайындалғанда, шын көңілмен оқыдым. Көп кездеспейтін сұрақтар болды. Емтиханның екінші кезеңінде сынақ тапсырушылар 8 клиникалық станцияда тәжірибелік дағдыларын сынады. Бұл – жоғары санатын растаушыларға жүктелген міндет. Бірінші санаттағыларға 6, екіншісіне 5 станцияға жолдама берілді. Байқағандарыңыздай, дәрігер науқаспен оңаша қалған. Әр әрекетін дауыстап айтып жатыр. Тәуелсіз сарапшылар оларды бейнекамералар арқылы бақылап отыр. Ел аумағында осындай 400 медициналық сарапшы жұмыс істейді. Гүлмира Жангереева, «Тәуелсіз емтихан алу орталығы» РҚБ басқармасының төрағасы: – Халық денсаулығын қорғау, дұрыс қызмет көрсету, ең алдымен дәрігердің біліміне байланысты. Тәуелсіз бағалау мамандардың қабілетінің төмен, орта не жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Төмен көрсеткіш болып жатса, екінші мүмкіндік беріледі. Дәрігерлер кәсібилігін арттыруы тиіс. Білімін мүлде растай алмағандар адамды емдеу құқығынан айырылады. Біздің мақсатымыз - науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тәуелсіз емтихан алу орталығы өзін өзі басқаратын ұйымдар реестрында тұр. Ол 2017 жылы АҚШ-тағы ұқсас мекеме негізінде құрылған. Денсаулық сақтау министрлігіне бағынбайды. Мақсаты - мамандардың кәсіби дайындығын тәуелсіз бағалау. Барлық сұрақтар арнайы ақпараттық жүйеде сақтаулы. Орталық ТМД-да халықаралық тестілеу комиссиясына толыққанды мүше, сондай-ақ түрлі халықаралық ұйымдардың қолдауына ие. Фил Дикинсон, ұлттық мейірбикелер кеңесінің басшысы /АҚШ/ – Қазақстандық әріптестеріміздің әлеуеті жоғары. Психометрикалық сараптаманы қолға алғаны үлкен жетістік. Тестілеу сұрақтары сапалы әрі қауіпсіз қорғалған. Бастысы, дәрігерлеріңіз нәтижеге қарай жұмыс істеуі керек. Білім алудан жалықпағаны абзал. Еліміздің тәжірибесін беларусьтар да кәдеге жаратпақ. Үйрену үшін Қазақстанға арнайы келген. Ольга Маршалка, Беларусь республикасы денсаулық сақтау министрлігінің өкілі: – Мамандарды аттестациялау мәселесі кез келген мемлекет үшін өзекті. Сіздердің орталықтарыңыз туралы ести сала қызығушылық білдірдік. Балтық елдері сіздерді осы бағытта тез дамып жатқандарыңызды жеткізді. Жалпы мамандарды дайындауға еліміз үлкен мән беріп отыр. Медициналық білмі беру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Бүгінде орталық кәсіби тестологтарды дайындауға кіріскен. Ел аумағы және шетелдіктермен серіктестік жөнінде 60 меморандумға қол қойылды. Басты мақсат – халыққа қауіпсіз медицинаны қолжетімді ету.