Цифрландыруға жаңа мән-мәртебе беріліп отыр. Президент оны бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің өмірлік маңызды факторы деп атады. Енді биліктің барлық үш тармағы электронды форматқа ауысқаны жөн. Жобалар лайықты жүзеге асса, қазақстандықтар мемлекеттік мекемелердің қайда орналасқанын ұмытуы бек мүмкін. Өйткені барлық жұмысты смартфон не компьютер арқылы тындыра алады. Республикадағы бірыңғай үй кезегі, балабақшаға ортақ цифрлық кезек, жайлауымызда өрген төрт түлікті толық есепке алатын бір тізілім және басқасы пысықталып жатыр. Биыл сан түрлі саланы цифрландыруда тың жаңалықтарға серпін беріледі деп күтілуде.Ел қалаған «электронды Парламент»
VIII сайланған жаңа Парламенттің алғашқы сессиясының ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселесіне қайта оралып соқты. Және жай ғана тілге тиек, әңгімеге арқау ете салған жоқ, басымдықты маңызын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы «электронды Үкімет» инфрақұрылымы дамып жатқанын, бірақ онымен шектелмей, биліктің өкілді тармағын да цифрландыруға күш-жігер шоғырландыру қажетін нықтады. Қ.Тоқаев «электронды Үкімет» үлгісінде «электронды Парламент» және «электронды Мәслихат» жобаларын ұсынды. Оның пікірінше, бұл қоғамның билікке сенімін елеулі нығайтуға септеседі.
Мысалы, Мәжіліс пен Сенат ғимаратына былайғы жұрт түгіл, журналистер де еркін кіре алмайды, арнайы аккредитациядан өтуі шарт. Қарапайым адам депутатпен жолығуы үшін алдын ала хабарласып, келісіп, рұқсатын алуы керек. Содан соң алдымен рұқсат беру бюросында, ізінше қабылдау бөлмесінде біраз уақытын күтумен өткізеді. Немесе депутаттар уақыты жоқтығын алға тартып, жүздесуден жиі бас тартып жататыны жасырын емес.
Жалпы, Парламенттің қос палатасы да цифрлық ғасыр игіліктерін толыққанды іске жаратпайтыны байқалады. Сенат пен Мәжілістің сайттары тек палаталардың жалпы отырысын, заң жобаларының тұсаукесерін онлайн трансляциялаумен шектеледі. Ал заң жобаларының түсу, талқылану және жылжу барысын бұқара түгіл, сарапшылар да түсіне алмай дал. Мысалы, VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің қарауында 264 заң жобасы болыпты, екі жыл ғана жұмыс істеген сол депутаттық корпус оның 191-ін қабылдап үлгерді. Мәжіліс жоқта, Сенат біраз заң жобасын өзі жалғыз қабылдап тастады. Содан бүгінде төменгі палатаның қарауында қанша құжат қалғанын жаңа депутаттар да білмейтін болып шықты.
Тағы бір жайт: депутаттардың қабылдауына кіре алмаған сайлаушылар амалсыз, оларға хат жазады. Мысалы, тек өткен шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне азаматтардан 14 360 өтініш түсті. Бұған қоса, еӨтініш (eOtinish) ақпараттық жүйесі арқылы тағы 4 945 арыз жолданған.
Олардың қатарында заңгер Ораз Елғондиев Парламентке бірнеше рет ұсыныс жіберді. Бір рет қана жұмыс тобының отырысына шақырылған екен, бір ұсынысы қабылданған. Бірақ ақыр соңында ол заңнамалық түзетуі депутаттардың бірінің атынан енгізілген. Соған қанағаттаныпты. Оның айтуынша, кейде халықтан, бизнестен түскен мыңдаған ұсыныстың, шағым хаттардың кейінгі тағдыры белгісіз болып қалады.
«Азаматты мазалаған түйткілдің шиеленіскен түйіні тарқатылды ма әлде жалтарма жауаптан тауы шағылды ма? Ұсыныс заң жобасына енгізілді ме әлде қараусыз қоқысқа лақтырылды ма? Бұл – үлкен мәселе. Цифрландыру бұл салада тың шешімдер ұсынады. Мысалы, AliExpress-тен тауарға тапсырыс берсеңіз, трек-нөмірге (tracking number) қол жеткізесіз, сол арқылы сәлемдемеңіздің дәл қазір қандай пошта арқылы жіберілгенін, қандай қала, хаб пен портқа келіп жеткенін, тіпті қай күні қолыңызға түсетінін біліп отырасыз. Сол сияқты «электронды Парламентте» де өтініш, шағым, ұсыныстардың қаралу, қабылдану барысын ұдайы қадағалауға, хаттың ағымдағы мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін трекинг сервис болса, жөн», – деді заңгер.
Керегіне кезекте тұрмай қол жеткізеді
Қазақстан Президенті өз сөзінде елде жүргізіліп жатқан барлық – саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да реформалардың нәтижелі болуының базалық бір шарты ретінде толық, өзекті және шынайы деректердің болуын атады. Мемлекет басшысы Үкіметке сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіруді және бұл істе «ақылды технологияны» пайдалануды тапсырды.
Президенттің пайымдауынша, бұл қадам қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет.
Ең бастысы, биылдан бастап, «электронды Үкіметтің» архитектурасын жаңғырту жоспарланған. Бұл соңғы екі жылда сөз болған әңгіме. 2021 жылы ел Үкіметі ресейлік «Сбер» компаниялар тобымен меморандум бекітіп, соның Platform V өнімі негізінде GovTech цифрлық тұғырнамасын дамытуға бел буды. Бұған қазақстандықтар қарсы шықты, ізінше Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресей батыстық санкцияға ілікті. Сондықтан ел Үкіметі былтыр Сбербанк тұғырнамасын пайдаланудан бас тартты. Енді жаңа серіктестер іздестіріп жатқан көрінеді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мәліметінше, биыл мемлекеттік органдар кем дегенде 66 цифрлық бастамасын жүзеге асырады. Тиісті тізім түзілді.
«Оның ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, балабақшаға қабылдау үшін бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алатын Vet Mobile қосымшасын енгізу, әскерден босату, оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру, нотариалдық қызметтерді электронды форматқа көшіру қызметтері бар. Осы бастамаларды іске асыру азаматтар мен бизнестің күнделікті өмірдегі мәселелерін шешеді. Енді олар құжат жинап, табалдырық тоздырмайды және ұзақ уақыт кезек күтпейді», – деді министр.
Мұның сыртында тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу, мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялаудан өту мүмкіндігі қарастырылған. Жергілікті тұрғындарды өз емханасында медициналық профилактикалық тексеруден өту қажеттігі, өз өңірінде жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғаны туралы хат (push-хабарлама) жолдайтын сервис іске қосылмақ. Бұдан бөлек, қазақстандықтар жанар-жағармай құю стансасында мұнай өнімдерінің бар-жоғын бір сервис арқылы тексере алатын болады.
Жер қатынастары саласы да ары қарай цифрландырылады. Оның аясында Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын кезең-кезеңмен қолданысқа беру жоспарланып отыр. Соның негізінде жер ресурстарының жария кадастрлық картасы және электронды сауда алаңы іске асырылады. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл жерлерін цифрландыру процесін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау жүктелді. Әйтпесе, ол тәсілдер ескіріп қалған. Бизнесін дамытқысы келетін ауыл кәсіпкері де, жеке үй салып алғысы келетін тұрғындар да нақты қандай жер телімдері бос екенін білмейді.
Әскерден SMS-пен босатады
Жүзеге асып жатқан жаңа шешімдер қатарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұсауын кескен жобаны атауға болады. Азаматтарға өз бетінше жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа терминал елімізде әзірге біреу ғана. ІІМ Цифрлық даму министрлігімен бірге, алдағы уақытта осы жобаны барлық өңірге таратуды жоспарлады.
Осының арқасында бұдан былай қазақстандықтар құжаттарды алуға өз бетінше әрі жылдам өтінім бере алады. Алдымен көші-қон қызметі қызметкерінде тіркеуден өтіп, содан соң суретке түсіп, одан ары төлем жасау үшін кассаға жүгіруге уақыт шығындау қажет болмайды.
Терминал соның бәрін бір жерде тындыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде әрбір адам құжат үшін сәтті түскен фотосуретін өз бетінше таңдай алады. Министр Бағдат Мусин «бұл процесс 10 минуттан аспайды» деді. Бірақ ол өтініш берушіге бәрібір көші-қон қызметкеріне жүгіну керек болатынын мойындады. Бұл қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін қажет көрінеді.
Олқылықтары болғанымен, мұның өзі – қоғам мен билікті бюрократиядан арылтуға, мемлекеттік қызметтерді ашық, айқын етуге және Invisible Government, яғни «Көрінбейтін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған кезекті, оң қадам. Мұның бәрі қызмет көрсету саласының сапалы әрі жедел болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Әрі меморгандардың үйлесімді қимылдауына да жол ашады. Аталған жобаны Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті мен ІІМ Ақпараттық-өндірістік орталығы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясымен тығыз іс-қимыл жасай отырып әзірледі.
Қазір Қазақстанда әскерге шақырудың көктемгі науқаны жүріп жатыр. Жылда осы кезде жергілікті жерлердегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқармалардың жұмысына жан бітеді. Мұндайда әскерге жарамайтын жігіттер де кезекті қалыңдатады. Сала бүгінде бұл бюрократиядан арылып жатыр. Өйткені әскери сала да цифрландырылуға көшті. Нәтижесінде, әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру үшін анықтамалар талап етуден бас тартылады.
Мұны жүзеге асыру үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс табысты тәмамдалыпты. Осылайша, Қорғаныс министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты. 2023 жылдың 1 наурызынан бастап, азаматтар әскерге жарамдылығына қатысты өз мәртебесін күнібұрын бір жүйеден біле алады. Ол үшін бұрынғыдай толып жатқан анықтамалар мен құжаттар жинап, оны қорғаныс істері жөніндегі бө-лімдер мен басқармаға ұсынып, соның шешімін күтудің қажеті жоқ.
Әскерге баруға борышты ер адамның, яғни 18-27 жастағы азаматтардың телефондарына оның әскерден босатылғаны немесе шақыру кейінге қалдырылғаны туралы хабарлама түседі. Қазіргі кезде жарты миллионға жуық әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарлама алып үлгерді. Көктемгі шақыру наурыз-маусым аралығында жалғасады.
Қорыта айтқанда, Президент былтыр ғана аяқталған билік трансформациясынан кейін енді мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процесін бастап беріп отыр.