Құбыр тартылғаннан құрдымға кетті
Құбыр тартылғаннан құрдымға кетті
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
700
оқылды
Қазақстаннан Қытайға тартылған «Атасу-Алашанькоу» халықаралық экспорттық мұнай құбыры еліміздің үш облысының аумағы арқылы өтеді. Дәл осы құбырдың Жетісу облысы Алакөл ауданы арқылы өткен бөлігі жергілікті шаруалардың жерін бүлдіргені жайлы бұған дейін де айтылып жүрген. Дегенмен мә­селе әлі күнге шешілмеген. Шаруа­лардың айтуынша, олар пайдалануға жарамсыз болып қалған жерлері үшін тиісті өтемақыны толық алма­ған. Экономикалық тұрғыдан тиімді жоба­ның шаруалардың бас ауруына айнал­ғаны­на ондаған жыл өтті. Әуел баста «Қазақ­стан-Қытай Құбыры» ЖШС мұнай құбы­ры өтетін сол кездегі Алматы облысы Ала­көл ауданындағы шаруа қожалық жетекшілерімен жерді пайдалану бойынша келісімшарт жасаған. Сол кезде-ақ шаруалар келісімшартқа отырудан бас тартып, біраз тулаған. Ұзаққа созылған ай­тыс-тартыстан кейін мұнай компания­сының өкілдері жергілікті фермерлерді дегендеріне көндіреді. Обалы не керек нәпақасын қара жерден айырып отырған­дарға сол кезде уәдені үйіп-төкті. Құрылыс аяқталған соң жерді қайта қалпына келті­ру­ге, барлық шығынды өтеуді мойнына алды. Шаруалар халықаралық мұнай құ­бы­рын тарту жұмыстары кезінде 2 жылға уа­қытша пайдалану үшін 809 гектар жер берген.
– Құбырды жүргізу жұмыстары 2006 жылы толық аяқталды. Келісімге сай «Қазақстан-Қытай Құбыры» компаниясы барлық жұмыстар аяқталған соң пайда­лануға берілген жолақтардың шегіндегі барлық аймақ пен ондағы жердің құнарлы қыр­тысын қайта қалпына келтіріп, өңдеу­ден өткізуі керек еді. Алайда олар уәдесінде тұрмады. Шаруалар жерлерін қайтарып алғанда онда ені үш метрге дейін жететін биік-биік үйінділер жатты. Алқапқа келе­тін ағын су жүйесі де жарамсыз күйінде қал­ды. Суғару жүйесі істен шыққан соң егістік алқабының бір бөлігі батпақтанып, екінші жағы қу тақырға айналды. 300 гек­тар­дан астам жер кәдеге аспай қалды. Ке­зін­де құбыр тартуға жауапты компания-ға уақытша пайдалануға берілген 809 гек­тар жер әлі қайтарылған жоқ, – дейді «Байболат» шаруа қожалығының басшысы Қанат Байболатов.
Фермерлер «Қазақстан-Қытай Құбы­ры» компаниясының жобада қарастырыл­ғандай, жерді не техникалық, не биология­лық өңдеуден өткізбегенін де дәлелдеп шықты. Олар бүлінген жері үшін өтемақы алу жолында тиісті орындардың табал­дырығын тоздырып жүргенде, компания­ның өкілдері мұнай құбыры өткен аумақты бойлай күзетшілердің көлігі жүретін жол төсеп тастапты. Бұл жұмысты жүргізер кез­де олар жер иелерімен ешқандай ке­лісім де жасамаған.
– Біз бүлінген жер үшін өтемақы талап етіп жүргенде, компания ешкіммен ақылдаспастан мұнай құбырының бойына жол төсеп жіберіпті. Онсызда екіге бөлініп қалған жеріміз тағы да бүлінді. Ең сора­қысы, олар күзетшілердің көлігі жүретін жолды егістіктен бірнеше метрге биік етіп төсеген және ені 10 метрге жуықтайды. Осыдан жолдың екінші шетінде қалған жерді пайдалану тіптен мүмкін болмай қалды. Соттасып жүріп алған өтемақы біздің шығынымызды ақтамады, – дейді фермер Көшкінбай Керімов.
Әрине, компания шаруалардың өті­нішіне мүлде құлақ аспады деуге келмейді. Арыз-шағым жиілеп кеткен соң кемшілік­терді жою үшін бірнеше рет түрлі мердігер­лерді жалдайды. Бірақ олардың барлығы да өз міндеттеріне атүсті қараған. Алматы облысы әкімдігінің Жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС мен «ЧППИ (Қазақстан)» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне бірнеше рет айыппұл салған. Бәрі осымен біткендей... Компания өздерінің жерді өңдегенін дәлелдей алмады. Олардың жер иелену­шілер тарапынан наразылық жоқ деп толтырып алған актісі де іске аспаған. Фер­мерлер ешқандай қағазға қол қойма­ғанын айтып, мұнай құбыры құрылысы басталғаннан 2019 жылға дейін өздеріне тиесілі жерді пайдалана алмағаннын да дәлелдеп шықты. Содан тиісті шығын­дарын да өтеуді талап еткен. 2021 жылы Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жоғары­да аталған екі серіктестіктен жер заң­намасы­ның сақталмауына байланысты 2007-2019 жылдар аралығында жер ие­лену­шілерге келтірген зиянды өтеу туралы шешім шығарды. Бірақ іс жүзінде тек қана 11 шаруа өтемақы алады. Оның өзінде олар кесілген соманың белгілі бір бөлігіне ғана қол жеткізген екен. Шаруалар қазір де өздеріне тиесілі жер телімдері арқылы тартылған мұнай құбы­рынан зиян шегіп отырғанын айтады. Егіс алқаптарының өнімділігі мүлде төмендеп кеткен. Жердің кейбір бөлігіне тіпті шөп те шықпайтын болыпты. Салдарынан кезінде шаруасын дамыту үшін ресімдеген несиелерін жаба алмай, лизингке алған техникаларын қайтарып жатқандары да бар.
– Жеріміз арқылы «халықаралық мұ­най құбыры өтеді» дегенде «елдің қамы ғой» деп жете мән бермеген едік. Ақыры, соның зардабын көріп отырмыз. Біздің барлық тірлігіміз осы қара жермен бай­ла­нысты. Алдағы жылдардан күткен үмітіміз де зор еді. Енді олардың орындалуы екіталай. Жағдай тек күрделене бере ме деп алаңдап отырмыз. Лизингке комбайн, трактор, тағы басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын алғандардың барлығы дерлік шығынға батып қалды. Кейбірі әрең қол жеткізген техникаларын кері қайтарып жатыр. Өйткені мойындағы мил­лиондаған теңге қарызды ерте ме, кеш­пе өтеуге де тура келеді, – дейді «Дина» шаруа қожалығының жетекшісі Беделхан Жанпейіс.
Әкімдіктегілер тарап арасындағы түсініспеушіліктің түйінін тек қана сот тарқататынын айтады. Соған қарағанда нәсібін қара жерден айырып жүрген шар­уалардың мәселесі жақын арады шешіле қоймайтын сыңайлы.

Қайсар АЛТАЙ