Жамбылда барымташылар басынып барады
Жамбылда барымташылар басынып барады
Жамбыл облысында барымташылар азаймай тұр. Айдың-күннің аманында қорадағы малын қолды қылғандардың саны күн санап артып, ағымдағы жылдың екі айының өзінде 14 мал ұрлы­­ғы тіркелген. Алайда қырағы сақшылар 13 қылмысты ізін суытпай ашқан. – Жыл басынан тіркелген қылмыстық деректердің дені Талас, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында болған. Т.Рысқұлов ауданында бір барымташы 13 бас жылқыны ұрлап кетсе, Талас ауданында ұйымдасқан қылмыстық топ екі мәрте ұрлық жасапты. Бірінде – 8 бас жылқыны қолды қылса, екіншісінде 5 жылқыны тағы айдап алып кеткен. Аталған факті бойынша барымташылар жылқыларды Тараз қаласындағы мал базарында сатқалы жатқан жерінен қолға түсті. Қазір күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қолғалып, тергеу амалдары жүруде, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мамандары. Ұсталғандардың бір елді мекенге екі мәрте барымташылық жасағаны былай тұрсын, ұрлық малды еш қымсынбай  мал базарына сатуға шығарғаны таңғалдырады. Демек, барымташылар басына бастады деген сөз.
Жалпы, кейінгі жылдары Жамбылда мал ұрлығы жиілеп, барымташылар түрлі құйтырқы әрекеттерге де баруда. Мәселен, былтыр Мойынқұм ауданында мүйізді ірі қараны мылтықпен атып алып, сойып әкеткен деректер тіркелген. Осылайша, өрісте жүрген малынан күн жарықта көз жазып қалған жұртшылық жанай­қайын білдірген еді. Ал тергеу амалдары екі күдіктінің сырт көзге аң­шы­лық жасап жүрген адам құсап, 7 сиырды сұлатып тастағанын мәлімдеген. Қазіргі таңда аталған азаматтар темір торда жазасын өтеуде.
2020-2021 жылдарға арналған Үлгілік жоспары жасалып, әкімшілік полиция қызметкерлерінің арасынан 12 арнайы жедел-іздестіру тобы құрылған. Және Қордай аудандық полиция бөлімі мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас облыстарының шекара учаскелік полиция бөлімдерінің базасында мал ұрлы­ғының алдын алу мен ашу жөнінде меморандум жасалуда. Бұл мәміле екі елге де ауадай қажет. Әрине, қараусыз мал барымташылардың оңай олжасына айналатыны бел­гілі. Сондықтан қожалық иелері де төрт түлігіне сақ болғаны абзал. Ал өңірлік по­лиция департаменті биыл пәрменін көрсетіп, мал ұрлықтарының санын азай­тады деп күтеміз. Ең бастысы – барымташыларды басындырмау керек.   Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы