Жақсылық Сәбитов: Тарихымыздың ақтаңдақ тұсын зерттейміз
Жақсылық Сәбитов: Тарихымыздың ақтаңдақ тұсын зерттейміз
1,310
оқылды
Елімізде орта ғасырлардағы қазақ тарихын зерттейтін Жошы ұлысын ғылыми-зерттеу институты іске кірісті. Біз осы орталықтың директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитовпен тілдесіп, жаңадан құрылған ғылыми мекеменің бағыты мен мақсаты және қазақ тарихының зерттелуіне қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікірін  білген едік. – Жақсылық Мұратұлы, алды­мен Жошы ұлысын ғылыми-зерт­теу институтының қолға алған, атқа­ратын жұмыстарына тоқтала кетсеңіз. – Институт былтыр сәуір айын­да ресми тіркелді. Қаржыландыру биыл ақпан айынан жүргізіле бас­тады. Қазір мекемемізде бірнеше санат бойынша штат бірліктері бар. Қызметкерлер іске кірісті. Бірінші­сі – жаңадан табылған мәлі­мет­термен жұмыс істейтін әрі араб, пар­сы, қытай, моңғол, түркі тілде­рінен аударатын аудармашылар. Екіншісі – ғылыми материалдар, монография, энциклопедия жаза­тындар тарихшылар, аударма жи­нақтарына сараптама жасайтын мамандар. Бізде әзірге бір ғана жоба бар. Ол Шағатай ұлысы, Моғолстан және Қайду ұлысының тарихтарына қатысты. Бұлар – XIII-XV ғасыр­ларда Қазақстан аумағында болған мемлекеттер. Айта кетер мәселе, Шағатай ұлысы, Моғолстан және Қайду ұлысы елімізде өте аз зерт­телген. Тіпті, соңғы 30 жылда ол тақырыпқа ешкім терең үңіліп мән бермеді. Қазір кадр жасақтау жүр­гізіліп жатыр. Бізде аталмыш тақы­рыптар бойынша зерттеу жасайтын кадр жетіспеушілігі бар. Қолда бар мүмкіндікпен іске кірістік. Жұмыс басталды, жобалар қолға алынды. Бұл институттың басты бағы­ты – XIII-XIX ғасыр аралығында­ғы Қазақстан тарихын зерттеу, бұл Шағатай ұлысынан бастап Ке­несары ұрпақтарына дейінгі кезеңді қамтиды, яғни 1206-1807 жыл аралығы. Бұлар – Алтын орда мен Қазақ хандығының тарихы, өкі­нішке қарай тарихымыздың ең әл­сіз зерттелген кезеңдері. Соны­мен қатар осы тақырыптар бо­йынша ғалымдарымыз да аз еңбек қорғаған. Ғылыми еңбектер аз бол­ғанымен қатар, мамандар да аз. Бұл Кеңес заманының «мұрасы», сол кезде бұл тақырыптарды то­лыққанды зерттеуге тыйым салын­ған еді. Кеңес заманында бұл салада кадр болмаса, тәуелсіз Қазақстанда да осындай маман тапшылығы бол­ды. Қазақ хандығы тарихын зерт­теумен тарихшылар аз айналысты. Ғалымдар XX ғасырдың тарихын көп зерттеді. Бұл бағыттағы маман­дар қатары көп. Империя дәуірі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан туралы көп жазды. Сол себепті Қазақ хандығы мен Алтын Орда тарихының ақтаңдақ беттерін жою үшін осы институт құрылды. Біз тарихымыздағы осы мәселелерді шешуге барлық мүмкіндігімізді жұмсап, күшімізді бір арнаға тоғыстырмақ ниеттеміз. Есіңізде болса, біраз жыл бұрын елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтті. Бұл ғылыми жұмыстан қарағанда тойға көбірек ұқсап кетті. Мерейтой қарсаңында көптеген конференциялар ұйым­дастырылды, алайда оларда білікті тарихшылармен қамтамасыз етіл­меді. Елімізде Қазақ хандығы бо­йынша маманданған бірнеше мық­ты тарихшы бар, солардың аталмыш жиындарға қатысқаны немесе қа­тыспағаны бірден көрініп тұратын. Өйткені ондай мамандар өте аз. Алтын Орданың 750 жылдығы қар­саңында Президент Қасым-Жо­март Тоқаев тарихи мерейтойды бұлай тойламау керектігі жөнінде қорытынды жасады. Сондықтан инс­титутымыздың құрылу мақса­ты – Қазақстан тарихындағы ма­ңызды екі кезең – Алтын Орда та­рихы мен оның жалғасы Қазақ хан­дығының тарихын зерттеу. – Мерейтой қарсаңында хан­дық тарихы зерттелмеді ме? – Қазақ хандығының 550 жыл­дығын атап өту қарсаңында қар­жыландырылған жобаларды алып қарасақ, тарихқа аз көңіл бөлінгенін көреміз. Сондықтан қаржыны той­ға емес, нақты ғылыми-зерттеуге жұмсау жөнінде шешім қабыл­дан­ды. Тек қана Алтын Орда тарихы­ның институтын ғана ашсақ, онда тарихымызды зерттеу аясы тар бо­лып қалмақ. Ал бұл жолы ауқымды кезеңді 6,5 ғасырды қамтыдық. Қазақ хандығының тарихы шын­дығында Қазақстан тарихы үшін өте маңызды тақырып екенін тү­сінуіміз керек. Өйткені Қазақ хан­дығы – Алтын Орданың мұра­гер­лерінің бірі. Әрі ең аз зерттелген Алтын Орданың мұрагері. Мысалы, Қазан, Қырым, Сібір, Хажы-Тархан хандықтарының тарихтары өте жақсы зерттелген. XVII ғасырдағы Қазақ хандығының кезеңінде не болғанын білмейміз. Көптеген жылдағы оқиғалардан хабарсызбыз. Осы кезеңге қатысты тарихты кей­біреулер ойдан құрастырып, аңыз-әпсаналар шығара бастады. Сон­дықтан бұл тұста қатаң, егжей-тегжейлі ғылыми-зерттеу жұмысы қажет. Тарихымыздағы осындай ақтаңдақтар жойылуы тиіс. кітап Біз Қазақ хандығы тарихына қатысты көне еңбектерді аударуы­мыз қажет. Өйткені мына тұсты айта кетейін, 1969 жылы «XV–XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы жөніндегі материалдар. (Пар­сы жәні түркі еңбектерінен алынған)» жарық көрді. Осы жұ­мысқа тарихшы Вениамин Петро­вич Юдин жетекшілік етті. Кейін ол Қазақ хандығы тарихы мате­риалдарының екінші томын шы­ғар­ғысы келді. Аударылуы тиісті мәлімет беретін еңбектердің тізімін жазды. Ол 20-дан асады. Арада 50 жыл өтті, сол тізімдегі материал­дардың төрт-бесеуі ғана аударылды. Оның екеуін В.Юдин өзі аударып кеткен. Алдымызда аударылуы тиіс көне еңбектерге қатысты ауқымды жұмыс тұр, соны аяқтауымыз керек. Тәуелсіз Қазақстан елімізде ғылым өте нашар қаржыландырылды. Қандай да бір «серпінді» жоба болса, ол кеңестік кезеңінде істел­ген жұмыстарды қайталайтын. Яғни, сол кездерді орыс тіліне ауда­рылған еңбекті қазақшаға ауда­румен ғана шектелетін. Қазір ғы­лыми айналысқа жаңа дереккөз­дерді енгізу жоспарланып отыр. Тарихты бұған дейінгі білетініміз­ден де жақсы деңгейде көтеруге міндеттіміз. – Біз айтып отырған кезеңдерге қатысты қандай тарихи мәліметтер мен қолжазба деректер ғылыми ай­налысқа түсті? – Дереккөздер өте көп. Олар­дың біреуін ғана маңызды деп белгілегім келмейді. Өте көп көне еңбек бар, олардың отандық тарих­қа қатысты өзіндік маңызды тұс­тары жеткілікті. Әрқайсысын жеке-жеке қарастыру кажет. Мысалы, ортағасырлық «Муизз әл-Ансаб» атты көне еңбекте қазақ ханда­ры­ның генеологиясы берілген. Бұл – хандарымыздың генеологиясы бар жалғыз дерекөз. Соның 5 тізімі сақ­талып бүгінге жеткен. Соларды қолымызға түсірдік. Оны аудардық, ғылыми мақала жазып жарияладық. Бұл – Қазақ хандығының шығуына қатысты өте құнды мәлімет. Сондай-ақ екі ғасырға созылған «Қазақ хандығы қайдан шықты?» деген дауға нүкте қойылуы тиіс. Кеңес заманында оны «Жошының баласы Орда Ежен ұлысынан шық­ты» деп келдік. Қазір осы еңбек негізінде ол Жошының ұлы Те­мірдің ұрпақтары екені дәлелденді. Сонымен қатар бұл тұста көп де­реккөз бар. Кез келген көне ең­бек­те, қолжазбада қателік, тарихқа сәйкеспейтін тұстар болады. Та­рихшы оны талдап, ашып көрсетуі тиіс. Қатесі қайсы, дұрысы қайсы, автор әдейі жіберген қателер немесе әдейі жібермеген қателер болады. Кездейсоқ кеткен қателер, мысалы басқа тілден аударғанда кездеседі. Тарихшы сыни көзқараста болып, осыларды тауып, қарастыруы тиіс. Жақында Қадырғали Жала­йыр­дың «Жамиғ-ат-Тауарихы» Қазанда басылып шықты. Өте қызықты еңбек, көптеген тарихи мәліметтер бар. Ғалымдар оны қазақтың ал­ғашқы тарихшыларының бірі деп санайды. Ол қазақ тарихын сипат­тап жазып қалдырды. Еңбек ар­қылы біз барлық династиялар тарихын түсінуге мүмкіндік алдық. Орыс ханнан бастап Жәнібек пен Керей хан, Ораз-Мұхамедке дейінгі барлығын қамтиды. Қазақстан қазір ұлттық тарихын өзі жазып шығатын үлкен даңғыл жолдың бастауында тұр. Мысалы, Франция, Англия XVIII ғасырда өз тарихын өте жақсы зерттеп, жазып шықты. Ал біз қазір жаңа мемле­кетпіз, сондықтан өз тарихымызды өзіміз енді ғана зерттей бастадық. Алдымен көне еңбектерді ұлттық тарих айналымына енгіземіз. Айта кетер жайт, Кеңес үкіметі кезінде отандық ортағасыр тарихымен айналысатын ғалымдар аз болды, сол мәселе әлі өзекті. Менің бір досым «Леон қаласының тарихы Қазақ хандығының тарихынан да жақсы зерттелген» дейді. Қазір қарасаңыз, осыншама байтақ өл­кеге иелік еткен Қазақ хандығы туралы емес, шағын Леон қаласы туралы көп мәлімет таба аласыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс өте ауқымды. Біз дамыған Еуропа елдердегіндей тарихты жазуға қол жеткізуміз қажет. – «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде шетелдегі архивтерден көп­теген қолжазба мен тарихи мә­лі­меттер әкелінді. Солардың тари­хымызды жаңадан зерделеуге көмегі бар ма? – Бұған дейін әкелінгендердің ішінде не барын біле бермейміз. Біртұтас каталог жоқ. Қолжазбалар ғалымдардың барлығына қолже­тімді емес. Оны әкелуші өзінде ұстағысы келеді. Алдағы уақытта грант ұтып алу үшін пайдалануы мүмкін. Мен мемлекет қаржысымен әкелінген қолжазбалар мен еңбек­тер бір жерге жинақталып, бар­лығына қолжетімді болуы тиіс деп санаймын. Ғылыми дәрежесі бар тарихшылар осы қолжазбаларды аударуға атсалысып, ғылыми жұ­мыстарда пікір айта алуы тиіс. – Ауызекі жырлар, эпостардағы мәліметтер мен оқиғалар тарихты зерттеуге көмектесе ме? – Сөзсіз көмектеседі. Бұл – көп­теген тарихшылар мән бере бермейтін өте маңызды дүние. Онда ғылыми айналысқа түсуі тиісті өте көп мәлімет сақталған. Эпос Қа­зақстан тарихында ерекше құнды ақпарат көзі болуы ықтимал. Ви­кингтерде ақын-жыраулары, эпос­тары болды. Скандинав тарих­шы­лары осы эпостарды тарихын ре­конструкциялау үшін пайдаланды. Бізде тарихымызды түбегейлі зерт­теу үшін эпосты пайдалануымыз керек. Мысалы, бізде «Қырымның қырық батыры» деген жыр бар. Ғалымдар қару-жарақтары секілді кей тұстарын ғана жекелеп қарас­тырды. Жалпы, тарихи дереккөзі ретінде мән берілмеді. Ғылыми тұр­ғысынан алғанда жеткілікті зерттелмей қалды. Теория жүзінде аңыз-жырдағы оқиғалар болуы мүмкін бе? Қазақ эпостары жекелей зерттеуді қажет етеді, осы мәлімет­терді жазба дереккөздермен, архив мәліметтерімен салыстыру қажет. Мәлімет қана тауып салыстыру азшылық етеді, олар тарихи дерек­термен дәлелдене ме, жоқ па соны түсінуіміз керек. – Жырлардың нұсқалары да көп қой... – Жырларды қазақ тіліндегі нұсқаларымен ғана салыстыру аздық етеді. «Едіге», «Қобыланды», «Шора» секілді жырлардың қа­рақал­пақ, ноғай, қырым татары, тіпті румын татары, сібір тата­ры­ндағы нұсқалары да кездеседі. Осылардың барлығын зерделейік. Эпос бастапқы дерекөздің көшір­месі екені белгілі, сондықтан жырлардың жалпы ұқсас тұстары мен ерекшеліктеріне де жіті мән беруіміз керек. ақтаңдақ – Алтын Орда кезеңіндегі тарихтың бізге белгісіз, даулы тұс­тары көп пе? – Кеңес кезінде «Алтын Орда деген жаман мемлекет болды, Ақ Орда деген жақсы мемлекет болды» деген жалған түсінік қалыптас­ты­рылды. «Ақ Ордадан Қазақ хандығы шығады» деп келді. Осы қатені Шо­қан Уәлиханов XIX ғасырда сынға алды. Қазір кейбір оқулық­тарда Ақ Ордадан шықты деп әлі жазылып келеді. Ш.Уәлиханов, В.Юдин, қа­зіргі тарихшылар Ақ Орда тек қана ханның ордасы деп жазып жүр. Ақ Орда соңғы рет Абы­лай хан мен Жәң­гір хан тұсында ғана айтылды. Бұл хан мекен еткен жер деген мағы­нада қолданылады. Осы жаңсақ түсініктен баяғыда бас тарту керек еді. Сондықтан бірнеше жылдан соң тарихшылар қауымы «бұл концеп­цияның негізі жоқ» деген ортақ ше­­шімге келетініне сенімдімін. Қа­зақ­стан тарихында Ақ Орда деген мемлекет болды деген тұжырымның өзі әлем та­рихшыларының 95 па­йы­зының тү­сінігіне қайшы келеді. Кеңес дә­уірінде бізді Алтын Ор­дадан бас тартқызып, «Ақ Орда де­ген мем­ле­кеттерің болды, Русь князьдігі се­­кілді сендер де Алтын Ордадан зар­­дап шектіңдер» деген жаңсақ тұ­жырымды таңды. Бұл – жалған. Осын­­дай стереотиптерден арылу қажет. – Жошының мазары Жезқазған­нан Ұлытауға қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Онда Жошы жер­ленген бе? Кесене қашан салынған? – Кесене Жошы өлген соң бі­раз уақыттан кейін, XIII ғасырда салынғанын нақты білеміз. Ша­масы, балалары не немерелері салдырған болуы мүмкін. Ертеректе бейіт басына белгі қоймай жерлеу дәстүрі болған болуы ықтимал. Кейінірек ұрпақтары Жошы жер­ленген жердің үстіне кесене тұр­ғызуы әбден мүмкін. Жерленген адам Жошы ма, жоқ па, оны гене­тикалық талдау көрсетеді. Уақытты барынша дәл анықтауға мүмкіндік беретін радиокөміртекті әдіспен зерттеу кесенені Жошы өлген соң екі ұрпақ ауысқан уақытта салын­ғанын дәлелдеді. – Жақсылық Мұратұлы, сізді тарихи зерттеулерді генетикамен ұштастырып жүрген ғалым деп айтады. Осы тұста еліміздегі та­рих ғылымы мен генетика зерттеуінің өзара байланысы қай деңгейде екенін айта кетсеңіз? – Генетика көп нәрсені анық­тауға көп мүмкіндік береді. «Гене­тика архивтер үнсіз қалғанда сөйлей бастайды» деген әдемі сөз бар. Егер сізде дәлел ретінде ұсынатын жазба деректер тапшы болса, генетика түрлі гипотезаны тексеруге, вери­фикациялауға көмектеседі. Қара­ңыз, осы екі мысал келтіремін. Бі­ріншісі – шежіре. Әр рудың өз ше­жіресі бар. Генетика көмегімен осы шежіренің қаншалықты рас екенін тексеруге болады. Қате кет­кен болуы мүмкін. Кейде шежіре мифологиямен астасқан болады. Генетика қай тұсы аңыз, қай тұсы ақиқат екенін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Көптеген жағдай­да генетика қазақ тарихында по­зитив жетістіктер ұсынып келеді. Біздің тарихымыздың зерттелуін күшейте түсіп отыр. Екінші тұсына келсек, генетика кез келген тайпа­ның қайдан шыққанын анықтайтын құрал. Мысалы, бізде Арғын тайпа­сы бар. Олардың қайдан шыққаны туралы 20-ға жуық жорамал бар. Генетика Арғындардың қайдан шыққаны туралы 15 нұсқаны алып тастауға мүмкіндік берді. Олардың шындыққа жанаспайтыны, гене­тика нәтижелеріне керағар екені белгілі болды. Генетикаға қайшы келмейтін бірнеше нұсқа қалды. Бұл тарих үшін үлкен жетістік. Өйт­кені осы құрал арқылы шығу тегі­міз­ді анықтаймыз. Тайпалардың шы­ғуы тегіне қатысты көптеген аңыз­дар бар. Мысалы, Адайдың ішін­­де Тү­рікмен адай, Тәзіке, Мұ­нал, Құна­норыс деген рулар кез­де­седі. Мұнал «мұнғал» моңғол ұр­пақ­тары, түрік­мен адайы түрік­мен­дер­дің ұрпағы, Тәзіке тәжіктер ұрпағы, Құнанорыс орыстардың ұрпағы делінетін аңыз бар. Генетика осы аңыздардың бәрін жоққа шы­ғарды. «Жоқ, біз бәрін Мұналды, Түрік­менді, Құна­норысты тексер­дік. Олар­дың бәрі­нің тегі бір» деген жа­уап алынды. Осыдан барып, ке­ңес заманының жасанды тұжы­рым­дарын генетик­тер жоққа шығарды. Генетика та­рихи гипотезаның тексе­руде өте оңтайлы құрал болып отыр. Тағы бір мысал. Қаракесек руын ала­йық. Қарағанды облысын­да Ар­ғындар арасында және Ақтөбе мен Қызыл­орданың батысындағы Әлім­ұлының арасында бар. Тек­сердік. Туыс емес екен. Генетика­лары әр­түрлі. Жай аттары ғана бірдей болып шықты. – Өз тарапыңыздан қазақ та­рихын зерттеу немесе насихаттауға қатысты ұсынысыңыз бар ма? Мы­са­лы, AIQYN газеті таяуда ұлттық мәр­тебесі бар Алаш музейін ашу бас­тамасы туралы мақала жариялады. – Жеке музей ашар болсақ, бізге нумизматика музейі керек. Қазақстан территориясында өте көп монета табылып жатыр. Олар жөнінде шетелдік ғалымдар біле бермейді. Жалпы, монета дегеніміз – мемлекеттіліктің символы. Яғни, бұл жерде мемлекет болғанын ай­қындайды. Түркеш қағанаты, көп­теген хандардың, қазақ ханы Тұр­сынмұхаметтің тиыны, ХІІІ ғасырда Алматы монетасы болды. Бұл – «Алмату» деп қала аты жазылған теңге. Осыдан кейін қала «Алматы немес Алма-ата деп аталды» деп дау­ласудың жөні бар ма? Алматы деп орта ғасырда аталғаны дәлел­деніп тұр ғой. Тарихтың барлық кезеңдері бойынша монеталар жіктеліп, көпшілік назарына ұсы­нылса деген ой бар. Бізде өте көп тиындар табылады, өкінішке қарай «қара археологтар» олардың көбісін шетелге асырып кетеді. Бұл мәдени мұраның шетелге заңсыз тасымал­дануы ғой. Сонымен қатар Қазақ­станда кез келген монетаға сауатты түсінік беретін білікті нумизмат маман жоқ. Мемлекет осыған мән беруі тиіс. Тағы бір ұсыныс, елімізге Ше­жіре сарайы керек. Қазақ шежіре­сінің мәліметтері көп жағдайда генетика арқылы дәлеліп отыр. Осын­дай мәдени мұрамызды қа­ғазға түсіріп, жіктеп, тексеріп, ғы­лым тұрғыдан баға беруге тиістіміз. «Шежіре қазақты жікке бөледі» деген қате түсінік, қайта шежіресін білетін адам өзінің ұлтының шығу тегін білмей ме? Барлық қазақ ше­жіресін жазушылардың съезін өткізуді ұсынамын. Тым құрыса, бірінші съез деп өткізелік. Олар жиналып, бас қосып шежіреге қа­тысты көптеген даулы тұстарды талқылар еді. Кейбір шежірешілер арасында өзара келіспейтін тұстары аз емес. Осы бойынша ортақ келісім болса. Меніңше, осы тұстардағы жұ­мыстарды үйлестіруді қолға ал­ғанымыз жөн. Жекелеген институт немесе комиссия құрып, аталмыш талқыны ұйымдастыру жүктесе. Тағы бір мәселе, кейбір шежірелер 100-200 дана ғана болып шығады. Көп адамдар өз тегін білгісі келіп, осы кітаптарды таба алмай жүреді. Сондықтан шежірені бір жерге жинап, көпшілік наарына ұсына­йық. Сонымен қатар біздер ұмыта бастаған, ХVII-XIX ғасырларда өмір сүрген, тарих үшін маңызды тұлғаларды осында атап өтейік. Шындығында, шежіре қазақ хал­қы­ның насихаттауға тұратын басты материалдық емес құндылығының бірі. – Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ