Мектеп медицинасы – медицина саласындағы ең маңызды мәселенің бірі. Бұған дейін оқушылардың денсаулығына білім басқармасы жауапты болса, кейіннен бұл міндетті қоғамдық денсаулық басқармасы қолға алды. Ендігі кезекте білім ұяларындағы балалар медициналық қызметті жыл басында іске қосылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ала алады.
Бүгін «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ләззат Әлімова үшінші мегаполистегі дәрігерлік пункттердің жағдайымен танысты. Тілшілердің қатысуымен өткен пресс-тур барысында мамандар қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясын аралады. Мектеп директорының айтуынша, жаңа жүйе енгізілгелі бері мектеп медицинасында оң өзгерістер орын алған. «Қазіргі таңда мектепте 3 600 бала білім алуда. Бұрын осынша оқушыға екі медбике медициналық қызмет көрсететін. Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін мейірбикелердің саны 4-ке артты. Бұл балалардың мектеп кезінде толыққанды медициналық көмек алуына жол ашты. Сондай-ақ бұған дейін білім ұямызда бір ғана медициналық кабинет болатын. Өткен айда тағы бір кабинет ашылып, толығымен жабдықталды. Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы профилактикалық шаралардың барлығы мектеп қабырғасында жүзеге асырылуда. Айталық, бұрындары оқушыларды флюрографияға түсіру үшін емханаға алып баратынбыз. Олардың қауіпсіздігі үшін алаңдап отырушы едік. Ал қазір мамандардың өздері осында келіп профилактикалық шараларды жүргізе береді», – дейді мектеп директоры Айгүл Керімбаева.
9-сыныпта оқитын Тәңірбергеннің сабақ кезінде басы ауырғасын мұғалім медицина кабинетіне жіберген. Мейірбике пациентті тексеріп, жағдайының жақсы екенін айтты. «Баланың қан қысымы қалыпты. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Жалпы, оқушыларға алғашқы көмек көрсетуге мұнда барлық жағдай жасалған. Дәрі-дәрмек жеткілікті», – дейді Қарлығаш Ізтілеуова. Жалпы, МӘМС бойынша мектептегі оқушыларға жыл сайынғы профилактикалық тексерулер мен стоматологтың қызметі көрсетіледі.
Бүгінде Шымкент қаласында 137 мектеп бар. Оларға 18 медициналық мекеме МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде. Мектеп ішіндегі медициналық ахуалға қанық болған «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ләззат Әлімова биылғы жылы қаладағы мектеп медицинасының дамуына қазынадан 1 миллиардтан астам қаражаттың бөлінгенін мәлімдеді. «Жыл басынан бері шаһардағы барлық білім ұяларындағы медициналық кабинеттерді қайта жабдықтап жатырмыз. Мамандар санын да көбейтеміз. Бұл өз кезегінде оқушылардың денсаулығын жақсартып, балалар арасындағы түрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізеді», – дейді Л.Барлықбайқызы.
Айта кетейік, 2020 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 902 мың адам (87 %) денсаулығын сақтандырып, қорға жалпы көлемі 351,6 миллион теңге аударған.
Сондай-ақ Қазақстан бойынша мектеп қабырғасындағы балаларға көрсетілетін медициналық көмекке шамамен 18,6 млрд теңге қаржыландырылған.
Серік ӘЛІМЖАНОВ, Шымкент