Кәсіби сақтандыру туралы заң жобасы таныстырылды
Кәсіби сақтандыру туралы заң жобасы таныстырылды
507
оқылды
Мәжіліске денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылды. Оны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша әзірленген. Ол медицина қызметкер­лерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған. А.Ғиният министрлік медицина қызметкер­лерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың әртүрлі үлгісіне талдау жүргізгенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасының шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орында­мағаны үшін қылмыстық құқықбұзу­шылықтарды ізгілендіру және Қылмыстық кодекстің 317-ба­бының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормаларды ұсынды.
«Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшері мен қамауға алу мерзімін азайтып, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазасының мерзімдерін қайта қараумен «бас бос­тан­дығын шектеуге» ауыстыру», – деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ министр кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жүйесімен 2023 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 304 мыңнан астам медицина қыз­меткерін, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің есебінен 2,7 млрд теңгені және МӘМС есебінен 1,8 млрд теңгені қамту ұсынылып, оны республикалық бюджет комиссиясы қолда­ғанын айтты.
«2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыруды ұсынамыз, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасын медициналық ұйым мен медицина қызметкерлерінің арасында бөлу ұсынылады, бұл ортақ кәсіптік жауапкершілікке әкеледі», – деді А.Ғиният.
Аталған заң жобасы және медицина қызмет­керлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі құқықтық қауіптерді азайтуға, жұмыс істеп тұрған кәсіби кадрлардың кетуін азайтуға, олардың қорғалуын арттыруға, жастарды өз болашағын медицина мамандығымен байла­ныстыруға ынталандыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
«Сақтандыруды енгізуден медицина қызмет­керлері нақты қандай пайда көреді?» – деген сауал қойды депутат Дәулет Мұқаев. «Біріншіден, әрбір қызметкерді кәсіби сақтандыру, екіншіден, пациенттердің де құқығын қорғау. Сондықтан әр қызметкер өзінің кәсіби функциясын орындау кезінде «мен ертең сотталып кетемін-ау» деп қорықпауы керек. Сонымен қатар заң жобасында тек сақтандыру емес, кәсіби біліктілігін арттыру, қосымша еңбекақы төлеу туралы нормалар қамтылған. Көмек көрсету кезінде медицина қызметкерінің жұмысына араласпау, әлеуметтік қолдау көрсету, марапаттар беру де көзделіп отыр», – деп жауап берді министр.
Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова жетекшілік етеді.