Жуырда Шымкент мемлекеттік зообағы Умка атты қонжықтың дүниеге келгенін сүйіншілеген еді. Қазір қонжықтың да, анасы Татьянаның да жағдайы жақсы. Біз осы жаңалықтан соң зообақ қызметкерлерімен сөйлесіп, жабайы жануарлардың күтімі жайында әңгімелесуді жөн көрдік. Біздің сұрақтарымызға аталмыш зообақта жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Батыр Оңласбеков жауап берді.– Зообақта қашаннан бері жұмыс істейсіз? Бұл жер бала кезден бері арманыңыз ба еді? Зообақта жұмыс істеу үшін адамға қандай қабілеттер, қасиеттер керек?
– Мен 2003 жылдан бері зообақта жұмыс істеймін, 20 жылдай уақыт болыпты. Бала күнімде ит асырағанды жақсы көретінмін. Менің жануарларға деген сүйіспеншілігім солай ашылса керек. Мамандығым – биолог. Бүгінде Шымкент зообағындағы жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісімін. Зообақта жұмыс істеу үшін ең керегі тіршілік иелеріне деген жанашырлық шығар. Баланы жақсы көрмейтін адамның балабақшада жұмыс істеуіне болмайтыны сияқты, жануарларды жақсы көрмейтін адамның зообақта жұмыс істеуі қиын. Әр аңның өз мінезі, қылығы, күтімі болады, қалауын тілмен жеткізе алмайтын болғандықтан, олармен жұмыс істегенде адамға сезімталдық аса қажет.
– Шымкент зообағында қанша аң-құс бар? Оның ішінде қандай сирек кездесетін жануарлар бар?
– Елімізде ең ірі үш зообақ бар болса, оның бірі – осы біздің Шымкент зообағы. Оның алып жатқан аумағының көлемі – 30,08 гектар. Мұнда 294 түрге жататын 2 857 бас жануар бар. Оның ішінде сирек кездесетін жануарлар ретінде керік, сусиыр, зебра, орикс, көгілдір гну, лемур, қарақолды гиббон, қолтырауындар, ортаазиялық әбжылан, пума, сілеусін, мүйізді қарға, калао, ибис, тукан, қара қасқыр, арыстан, жолбарысты атауға болады.
– Жануарларға жасалатын күтім жайында айтып беріңізші. Олар күніне қанша келі ет, көкөніс жейді? Тамақтандыру қиын жануарлар бар ма?
– Жануарлар күнделікті 200 келіге жуық ет, 400 келідей көкөніс пен жеміс жейді. Атап айтсақ, менің бөлімімдегі жыртқыш аңдарға күн сайын 69 келі жылқы еті, 30 келі қой еті, 53 келі сиыр етін береміз. Одан бөлек, құс еті де бар. Ең көп «етсоғарлар» – арыстандар мен жолбарыстар. Оларды күніне екі рет тамақтандырамыз, әр тамақтанғанында 7-8 келі етті қылғытып салады. Аптасына бір рет тірі азық та алдына тастаймыз. Тірі азық деп отырғаным – қоян секілді денесі шағын жануарлар. Оларды ұстап жеу арқылы жыртқыш аңдар жабайы табиғаттағы түйсігін ұмытпайды. Кейде арыстандар үшін зебраның муляжын жасап, ішіне ет салып, қораның ортасына қойып қоямыз. Ондайда хайуандар құдды бір тірі зебраның қарнын жарғандай рахаттанып, «жемтігін» біраз қызықтайды.
– Жануарлар төлін қалай бағасыздар? Мысалы, сіздердің зообақта жақында қонжық өмірге келді. Жаңа туған қонжықтың күтімі қандай болуы керек? Ал анасының ше?
– Иә, біздегі Бимка және Татьяна атты Тянь-Шань аюлары жақында екінші қонжықтың «ата-анасы» атанды. Аталық аю Бимканың жасы – сегізде, ал аналық Татьянаның жасы – он үште. Ол екеуі Алматы зообағынан 2016 жылы келген болатын. 2018 жылы олардың Пончик атты алғашқы қонжықтары дүниеге келді. Араға төрт жыл салып, былтырғы 11 желтоқсан күні тағы бір қонжық өмір есігін ашты. Оған Умка деп ат қойдық. Қазір төрт айдай болып қалды. Көз тимесін, жақсылап жетіліп алсын деп, бұл қуанышты жаңалықты жұртшылыққа бірден айтпағанымыз рас. Кейбір жыртқыштар төлдерін өзі жеп қоюы да мүмкін. Өзіміз де қонжықты туа сала бірден көре алмадық. Анасы өте қызғаншақ, қонжығының маңына ешкімді жолатпай, қызғыштай қориды. Алғашқы екі-үш айда тек анасы емізеді ғой, сол себепті қонжық та сыртқа көп шықпайтын. Қазір өзінің де, анасының да жағдайы жақсы. Татьяна қонжығынан бір қадам да алшақ кетпейді.
– Умка, Татьяна, Бимка... Зообақтағы әр жануарларға ат қоясыздар ма?
– Иә, әр жануардың өздерінің лақап аттары бар. Әрқайсысының аты – бір тарих. Мысалы, Астана күнінде дүниеге келген керікке Астана деп ат қойғанбыз. Өзі де осы атқа сай, бойшаң, ұп-ұзын, сұп-сұлу. Тұп-тура елорданың зәулім ғимараттары сияқты. Қасиетті айда өмірге келген Рамазан атты Гималай аюы бар. Цирктен келген әртіс арыстанымыздың аты – Джульетта. Өзі де Джульетта десе, Джульетта, сызылуды, еркелеуді қатырады. Тамақ бергелі жатсаң, арқамды қасы деп алдыңа көлденеңінен жата қалатынын қайтерсің. Сылап-сипағанды, әдемі сөздермен еркелеткенді жақсы көреді. Цирктің еркесі болған-ау, сірә. Одан басқа, Тану, Симба деген арыстандарымыз бар. Ұялас арыстандардың біріне Қайтпас, біріне Қайсар деген ат бергенбіз. Ал жолбарыстарымыздың аты – Бек пен Мишель.
– Әрқайсысының өздеріне тән мінездері болатын шығар?!
– Әлбетте. Бұлар да тірі жан ғой. Санасы, тілі жоқ демесең, қылықтары, мінездері кәдімгідей бар. Джульеттамыз ерке деп айттым ғой бағана. Жалпы, мысық тұқымдастарға жататын арыстан, жолбарыс, сілеусін деген хайуандар басқаларға қарағанда әлдеқайда ақылдырақ, ұқыптырақ болады. Мәселен, аюлар тамақ жегенде быт-шыт қылып шашып, айналасын ластап жесе, олар мүлдем ондай емес. Бассейнге түскенде де ұқыпты шомылады.
– Зообақтағы жануарлар іштегі қызметкерлерді тани ма? Қауіпті жыртқыш жануарларды қалай бағасыздар?
– Әр бөлімнің жануарларға қарайтын жұмысшылары болады. Жұмысшылар күнделікті жануарлар тұратын вольерлерді тазалап, соларға күнделікті азықтарын беретін болғандықтан, жануарлар оларды дауысы немес иісі арқылы таниды. Жыртқыш аңдарды бағу соншалықты қиын емес. Олардың вольері жаздық, қыстық болып бөлінеді. Қыстық вольерді тазалайтын кезде жаздық вольерге шығарамыз, ал жаздық вольерді тазалайтын кезде қыстық вольерге ауыстырамыз.
– Жануарлар ауырып қалған жағдайда қалай күтім жасайсыздар? Ай сайын адамдардікі секілді медициналық тексеріс бола ма?
– Иә, бізде күнделікті ветеринар дәрігерлер жануардың хал-жағдайын біліп, тексерістен өткізіп отырады. Ал ауырып қалған жағдайда, емдік жұмыстарын жүргізеді. Зообаққа жаңадан келген жануарларды бір айдай уақыт карантинде ұстайды. Бұл кез, біріншіден, әлгі жануарлардың жаңа ортаға бейімделуіне қолайлы болса, екіншіден, дәрігерлер олардың екпесін салып, денсаулығын тексереді.
– Зообақ ережесін бұзатын адамдар болып тұра ма?
– Иә, ондай жағдайлар бізде жиі кездесіп тұрады. Қонақтар ілінген тақтайшаларға мән бермей, жануарларды тамақтандырғысы келеді. Онда да арнайы азықпен емес, көбісі қолында бар тамақты ұсынады. Ал адамға арналған тағамның құрамында консерванттар, бояғыштар адам ағзасына лайықталып қосылады, жануарлардың ағзасындағы биохимиялық процестер басқаша. Әлгі азықтар оларға жарамайды. Кейбіреулер тамақты сыртқы қаптамасымен, пластик ыдысымен лақтырады. Оны қылғытып салған жануарларға қандай зиян келетінін ұға беріңіз.
– Әңгімеңізге рақмет!