Қазақ пен өзбек шекарасында жаңа, ортақ қала пайда болады. Екі елдің үкіметтері оның орналасатын орнын нақты айқындады. Құрылыс жүргізу бойынша да бауырлас елдер келісімге келіп отыр. Дегенмен бұл жабық қала болатын көрінеді: оған кіріп-шығу үшін тексерістен өту талап етілмек. Бірақ бұл үшін төлқұжаттың болуы қажет емес, жеке куәлік те жарай береді. Жаңа шаһар ағайындардың одақтастығын жаңа биікке көтеруі мүмкін. Себебі тарихымызда қазақ пен өзбек бірлесіп басқарған кенттер болғаны мәлім.Орталық Азияның жаңа тартылыс орталығы
2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстан территориясында ірілі-ұсақты 89 қала бар деп есептеледі. Ресми статистикаға жүгінсек, Өзбекстанда шағындарын қоса алғанда, 120 қала бар. Алда олардың қатары тағы біреумен толығатыны анықталды. Әзірге құжаттарда ол «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (немесе ХӨКО) деген шартты атау алды. Сонымен бірге сарапшылар оның аумағын қаққа жарып өтетін екі елдің шекаралық өтпелерінің атауымен «Атамекен – Гүлістан» деп атай бастады.
Ең бастысы, Қазақстан мен Өзбекстан ортақ елді мекеннің құрылысының орнын бекітті. Таяуда Шымкент қаласында Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев тиісті хаттамаға қол қойды.
«Бұл халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының орналасатын жері ретінде қазақстандық «Атамекен» және өзбекстандық «Гүлістан» халықаралық, көпжақты өткізу пункттерінің аумағы айқындалып отыр. Енді тараптар оны салу үшін әрқайсысы 50 гектар көлемінде жер телімдерін бөлуі қажет. Бұдан бөлек, қосымша жер учаскелерін резервке қою мәселелерін пысықтайтын болады. Сондай-ақ хаттамада орталық аумағында бой көтеретін жобалардың тізбелерімен алмасу уағдаластығы бекітілді», – деп хабарлады сауда министрлігі.
Бұл тізбе нақтылануда, содан соң көршіге жіберіледі.
Жобаның басты кураторлары – қазақстандық және өзбекстандық сауда министрліктері болады. Олар сәуір айының соңына дейін жаңа қала-орталықтың аумағында өндірілетін тауарлар мен жүктерді тасымалдау үшін «жасыл» дәліз түзу мәселелері бойынша келісімге келуі шарт. Яғни, ортақ шаһар аумағындағы өндірілетін қазақ пен өзбек тауарлары екі елге еш кедергісіз, тез енгізілетін болады. Бұған қоса, осы аумақтағы бизнеске көрші екі тепе-тең, паритеттік негізде жеңілдіктер мен артықшылықтар беріледі. Осыдан-ақ оның қос мемлекеттің бизнесі үшін тартылыс орталығына айналу әлеуеті зор екенін байқауға болады.
Дәл осы орталық бүкіл орталықазиялық өңірді қамтыған «Солтүстік – Оңтүстік» экономикалық дәлізінің басты алаңы қызметін атқарады.
Бауырлас елдердің бірлігін нығайтады
Негізі, бұл жерде мәселе тек экономикалық ынтымақтастыққа тіреліп тұрған жоқ, ондай ықпалдастықты Қазақстан барлық көршісімен, алыс-жақын шетелмен жолға қойған. Әңгіме түбі бір қазақ пен өзбектің бірлігін қалпына келтіру туралы болып отыр. Арғыны айтпағанда, Қазақ хандығы тұсында да қос халық тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай, бірін бірі қолдап, сыртқы жауға да бірлесе қарсы тұрған. Сол деңгейге жету үшін алыс-беріс, барыс-келіс жаңа деңгейге шығуы шарт.
Вице-премьердің түсіндіруінше, қазіргі кезде Қазақстанның да, Өзбекстанның да сыртқы нарықтары негізінен бір, олар сонда бір-бірін ысырып тастау үшін тайталасады, бақталасады. Оның орнына бауырлас елдер тізе қоса қимылдап, өнеркәсіптік кооперацияны жүзеге асырып, бірлескен өнімдер жасаса және жаһандық нарықты сонымен жауласа, бұрын-соңды болмаған тиімділікке қол жеткізбек.
Серік Жұманғарин осы мақсатта халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасын іске асыруды жеделдетуге шешім қабылданғанын жеткізді. Әзірге, бірін-бірі бәсекелес көргендіктен екі елдің бизнесмендері өзара инвестиция алмасуға асықпайды. Мысалы, 2005 жылдан 2022 жыл аралығында, яғни 16 жылда Өзбекстаннан Қазақстанға айтуға ұят 23 млн доллар ғана тікелей инвестиция салынған. Тәуелсіздік алғалы көрші республикамен «Орталық Азияның көшбасшысы» деген мағынасыз, абырой бермес атақ үшін арпалысқан Қазақстан да көршісінің аумағында төл жобаларын жүзеге асырып жарытпады: 2005 жылдан бері Өзбекстанға 560 млн доллар ғана инвестиция құйған.
Салыстыру үшін айтсақ, Ұлттық банктің дерегінше, Батыстың санкциялық қыспағына түсіп, қараң қала бастаған Ресейге Қазақстан тек 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 400 миллион доллардай инвестиция салыпты. Тіпті, соғыстың басталғанына қарамастан былтырғы II-тоқсанда Ресейге қазақстандық инвестиция 981 пайызға өсті.
«Орталық Азия аймағы халықаралық капиталды тартуда бір майдан болып, қоян-қолтық қимылдауы қажет. Қазақстанда бұған қажетті барлық инфрақұрылым құрылды. «Астана» қаржы орталығы жұмыс істеп жатыр. Тиісті инвестициялық преференциялар мен тетіктер іске қосылған. Біз өз өңірімізге кіретін инвесторлар үшін дарбаза, қақпа ретінде қызмет етуге дайынбыз», – деді Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин.
Бүгінде аталған халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құрудың Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынған.
Сауда және интеграция министрлігі бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауарайналымды алдағы 5 жылда 10 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі практикалық іс-қимылдар жоспары (Жол картасы) іске асырылып жатқанын нақтылады. Оның 11-тармағы осы ХӨКО құруды қарастырады. Мұның сыртында екі ел аталған орталықты құру жөніндегі Бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
2022 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық 5 миллиард долларға жетті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,8 миллиард долларды құраған еді. Яғни, бір ғана жыл ішінде 29,8%-ға ұлғайыпты. Жаңа орталық бұл салаға соны серпін берері сөзсіз.
Орталық аумағында не болады?
Жаңа, ортақ қаланың тұжырымдамасы да мақұлданды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл ірі жоба біріншіден, екіжақты ынтымақтастықты дамытады және тиімділігін арттырады. Екіншіден, қос республикаға өндіріске инновацияларды енгізу және оны жаңғырту жеңілдейді. Біздің кәсіпорындарға жетіспейтін технологиялар көрші елде бар, тиісінше, олар зәру жабдықтар бізден табылуы мүмкін.
Үшіншіден, өнімді шикізат күйінде сатпай, оны терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді құруға жол ашылады. Төртіншіден, тараптардың шаруашылық субъектілері арасында өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны түзіп, өрістету үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етіледі. Демек, бұл сонымен бірге екі елдің ғылымының ошағына да айнала алады.
Алда үкіметтер орталықтың қазақстандық және өзбек бөліктерінің Бас жоспарларын қабылдайды. Соның негізінде жаңа шаһардың егжей-тегжейлі жоспарлауы, сәулет және құрылыс қызметін жоспарлаудың қала құрылысы жобалары әзірленеді.
Тараптардың әрқайсысы орталықтың өз бөлігін қандай функционалдық аймақтарға бөлетінін өзі шеше алады. Әрқайсысы кеңістіктік-аумақтық даму стратегиясын, құрылыстың негізгі параметрлерін, магистральдық инженерлік-техникалық және көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ осы аумақта қауіпсіз және экологиялық қолайлы тіршілік ортасын қалыптастыру шарттарын айқындайды.
Сондықтан шекараның екі жағында өркен жаятын орталықтың қазақстандық бөлігі Қазақстанның, ал өзбек бөлігі Өзбекстанның юрисдикциясында болады. Оны әкім не хоким емес, басқарушылар басқарады деп жоспарланған. Олар орталықтың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ инвестиция тартуға, шаруашылық субъектілеріне кешенді қызмет етуге, ондағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, әкімшілік, рұқсат беру және өзге рәсімдерді «бір терезе» қағидатымен жүргізуге және басқасына жауап береді.
Мұнда мәслихат та болмайды, оның орнына тұрақты жұмыс істейтін консультативті-кеңесші, бақылаушы орган – Кеңес құрылады. Егер орталық аумағында қызметті жүзеге асыруға қатысты келіспеушіліктер туындаса, осы кеңес оны шешуде араағайын, әрі би болады. Кеңес аясында бірлескен консультациялар өткізеді, оның нәтижелері бойынша өзара келісімдерге және екі елдің қолданыстағы заңнамасына өзгерістер дайындалып, енгізіледі. Бұл орган қазақ-өзбек бірлескен ұсыныстарына да бастамашылық жасау құқығына ие болады.
Шаһардың жалпы ауданы бастапқыда 1 шаршы шақырымды алып жатады: оның ішінде қазақстандық бөліктің алаңы – 0,5 шаршы шақырым, өзбек бөлігінің алаңы да осынша. Бұдан өзге, тағы 150 гектар жер әр тараптан резервке қойылады. Қала соған кеңейеді.
Қалаға кіріп-шығатын адамдарды бақылау үшін әр тарап өз бөлігінде бақылау-өткізу пунктін құрады. Ал арнайы дәліз аумағында тауарларды, жүктерді, көліктерді есепке алу үшін «Түркістан» атты жаңа өткізу пункті ашылуы мүмкін. Орталық аумағында еркін сауда режимі әрекет ететін болады. Оның ішінде құрылыс салатын компаниялар да артықшылықты пайдалана алады.
Өзге шекаралық өтпелерден айырмашылығы сол, келісімге сәйкес, шекараның қос жағына құлаш ұрған орталық кез келген шаһар сияқты тәулік бойы жұмыс істейді, тіршілігі үздіксіз жалғасады.
Жоба бойынша шаһар аумағында көлік инфрақұрылымы, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, телекоммуникация, инженерлік коммуникациялар желілері болады. Бақылау үшін арнайы дәліз, бақылау және тексеруге арналған инфрақұрылым, әкімшілік ғимараттар салынады. Орталықтың бүкіл аумағы қоршалады.
Сонымен қатар көрме объектілерінің, түрлі іскерлік нысандардың, терминалдардың, орталық аумағындағы коммерциялық қызметке арналған өзге объектілердің құрылысы жоспарланған.
Орталық аумағында тағы не орналасатыны, қандай әлеуметтік, ойын-сауық және бизнес нысандары ашылатыны шаһардың Бас жоспары қабылданған соң, нақты белгілі болады.
Қорыта айтқанда, егер шынымен қазақ пен өзбекке ортақ шаһар бой көтеріп, өрістесе, онда екі елдің одақтас ретінде тығыз интеграциялануына жол ашылмақ.