Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл, әрине, отандық ғылымды дамытуға жасалған негізгі қадамдардың бірі екені даусыз. Мұндай мүмкіндікті академия тиімді пайдаланғаны дұрыс десек те, оның атқаратын басты функциясы қандай болмақ? Ұлттық ғылым академия бұрынғы «беделін» қайтара ала ма? Мемлекеттік мәртебе берілді дедік, не өзгереді? Бұл сауалдарға ғалымдардың өзінен жауап іздеп көрдік.Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі:АКАДЕМИЯ АБЫРОЙЫ АРТАДЫ
Өткен жылы 1-ші маусымда ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке академияға мемлекетттік мәртебе беріп, оны республикалық бюджеттен қаржыландыруды тапсырған болатын.
Жақында ғана еліміздің ғылыми өмірінде жағымды жаңалық болды. Атап айтсақ, Президенттің Ұлттық ғылым академиясына қатысты Жарлығы жарық көрді.
Академиямыздың абыройын аттыратын нормативтік-құқықтық құжатта бұдан әрі ғылыми мекеме «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесін иеленетіні және жаңа мекеме басшысын Қазақстан Президентінің өзі тағайындайтыны және қызметтен босататыны көрсетілген.
Ғылыми жұртшылық көптен күткен үміт ақталды, Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шынайылығы шындыққа айналды.
Әрине, Ұлттық ғылым академиясының мүшелері негізгі мақсат мерейлі мәртебеге қол жеткізуде ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершіліктің жүктелетінін де жақсы түсінеді. 20 жыл бойы Үкіметтен бір тиын да қаржы алмай, республикалық қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс істесе де, кеңестік кезеңдегі қазақстандық ғылымның абыройын сақтап қалды. Әрине, осындай бедел биігінде болуға көрнекті ғалымдардың ғылыми әлеуетін тиімді ұйымдастыра білген академия президенті, академик Мұрат Жұрыновтың білімі мен біліктілігінің арқасында мүмкін болғанын ғылыми жұртшылық өкілдерінің атынан мақтаныш сезіммен айтқым келеді. Енді мемлекеттік мәртебе иеленіп, республикалық бюджеттен қаржыланатын мекеме ретінде қазақстандық ғылымды әлемдік кеңістікке көтеруге жол ашылғанын тілге тиек еткім келеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы өзі төрағалық ететін «Ғылым және жаңа технологиялар» Ұлттық кеңесін құрған болатын. Алдағы уақытта сол кеңестің алғашқы отырысы өтеді деп күтілуде. Сол кезде ел ғылымын дамытудың басым бағыттары айқындалып, Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебеге сәйкес атқарар міндеттерін айқындау көзделуде. Олардың қатарында елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда ғылым академиясының үлесі нақтыланады. Ғылыми зерттеулерге экспертиза жүргізу және ел ғылымы дамуының жай-күйі жайлы Мемлекет басшысына Ұлттық баяндама ұсыну да Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясына жүктелетін болады. Ғалымдар қауымы ұсынған ғылымның жаңа бағыт-бағыттары бағамдалып, іске асыру тетіктері талқыланатын болады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңадан сайланған депутаттар алдында сөйлеген сөзінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасы ғылымға негізделу керектігін ерекше атап өтті.
«Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек» дегенін ғылыми жұртшылық өкілдері жылы қабылдады. Сонымен қатар Жаңа Заң жобасын әзірлеуде Ұлттық ғылым академиясының академиктері де белсенді түрде атсалысуға дайын екенін айтқым келеді.
Ұлттық ғылым академиясының басшыларының бірі ретінде, ел дамуының басым бағыттарының бірі – ғылым әлеуетін арттыруда отандық ғалымдар бар күш-жігерімен аянбай атсалысатынына, ғылым және ғылыми техникалық қызмет саласындағы саясатты іске асыруда қомақты үлес қосатынына сенім мол.
Айгүл ІСМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы,профессор:ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛДІ
Бұған дейін ҰҒА президенті тек бір топ академиктердің жабық дауыс беруімен тағайындалып, тура осылай орнынан босатылатын еді. Жуырдағы жарлықпен ҰҒА енді мемлекет Президенті қарамағына енді. ҰҒА басшысын Мемлекет Президенті өзі тағайындап, орнынан босатуға құзыретті. Қазіргі ғылымды заманауи қалпына қайтару үшін бұл ең дұрыс шешім деп санаймын. Басқа амал жоқ.
Ғылым Академиясын бізде о баста кім ашты? Совет кезінде Мәскеу мойындайтын қандай ғалым бар еді? Құдай берген ғалымдық абырой мен адал еңбегінің арқасында тоталитарлық совет жүйесімен жағаласып жүріп, Қазақ Академиясын ашқан Қаныш Сәтбаев екенін біз білсек те, көп айта бермейміз. Алаш саяси элитасының көзі, Ахмет Байтұрсынұлының тапсырмасымен осыдан 100 жыл бұрын 19 жасында Алгебра оқулығын төте жазумен қазақша жазып шыққан Қаныш Сәтбаевтың рухани, ғалымдық деңгейіндегі ғалым болмағандықтан Ғылым академиясы біраз уақыт құлдырауға ұшырады. Жаратылыстану Институттары жаппай қысқартылған кезде орта жастағы ғалымдар көшеде қалды: базарға шықты, таксилетті, көбі депрессияға ұшырап, ауру болды. Мардымсыз еңбекақыға үй-күйі жоқ жастар отбасын сақтай алмай бизнеске кетті. Бірақ бизнеске барғандардың да көгергені шамалы, біразы сотталып кетті. Олар сол кезде басталған коррупцияға бағына алмаған ғалымдар еді. Бұлар сол кездегі Мәскеудің мықты ЖОО бітірген ғылым доқторлары еді. Ғылымда тек зейнет жасынан асқан ақсақалдар мен әйел адамдар ғана қалған едік. Дегенмен соңғы жылдары гуманитарлық ғылымға жастар қайта келе бастады. Бұлар жанкештілер: ешқандай әлеуметтік пакеті жоқ, заманға сай емес еңбекақыға келіскендер.
Жуырда мемлекет Президенті ҰҒА мәртебесін мемлекеттік деңгейге көтерді. Жас ғалымдар елеңдеп, жаңа өзгерістерді күтіп отыр. Зерттеу Институттары бірер жылдан бері әкімшілік қаржыландыруға ие болғандықтан жағдай шамалы реттелгендей. Дегенмен іргелі өзгерістер қажет.
«Мен жастарға сенемін» деп Алаштың Арыстаны Мағжан Жұмабай айтқандай, зерттеу Институттарында жайғасқан зейнеткерлер жастарға орын беруі керек. ҰҒА дағдарыстан шығаратын әр саладағы нағыз ғалымдар іс басына қайтарылуы керек. Олардың ғылыми әлеуетін пайдалануымыз қажет. Гарвард, Стэнфорд, Кембридж, Оксфорд бітірген «Болашақ» иелері қайда? Олар отандық ғылымға сыни көзқараспен ғана емес, өздері үлес қосатын кез емес пе? Бұлар жастарды, келешекті ойлайтындар деп сенгім келеді. Бұлар нағыз ғалымдар болса, коррупциядан аулақ жүретіндер. Себебі олар оқыған топ университеттерде плагиаттан бастап ғылыми этика қатаң сақталады. Осы жастарды ғылымды басқаруға тартуымыз керек. Бірақ бұлар Отаншыл болуы абзал. Бұл – басты шарт.
Осы ретте ғана қазіргі ғылым заманауи Қаныш Сәтбаев көтерген деңгейіне қайта көтеріледі. Сонда ғана Ғылым академиясы Ұлттық, Мемлекеттік деңгейде өзінің қазіргі қоғамға қажет екенін абыроймен көрсете алады деп сенемін.
Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,
заң ғылымдарының кандидаты:ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМ ДҰРЫС ДАМУҒА БАҒЫТ АЛАДЫ
Жалпы Ғылым академиясы посткеңестік елдерде мемлекет тарапынан қолдауға негізделіп құрылған мекеме. Десе де, батыстық шетел тәжірибесі мұндай бағыттан аулақ. Оларда ғылым орталықтандырылған жүйеге құрылған. Яғни мемлекеттік қаржыға негізделмейді. Әрине, бұл ғылымды мемлекет қаржыландырмайды, қолдамайды деген сөз емес. Керісінше, капитализмнің үрдістермен ықпалдастықта дамып отырғандықтан, оларда ғылым көбіне жеке секторға шығарылған. Жалпы, ғылымның даму барысында мемлекет тарапынан айрықша назар аударуды қажет ететіндігін батыс елдеріндегі корольдіктер жанындағы академиялар дәлелдей алады. Посткеңестік елдерде ғылым академияларын жеке секторға, яғни, қоғамдық ұйым болып, кейін қайтіп мемлекеттік мәртебе алу үрдісі де бар. Мұны біз Түркіменстанның мысалынан көруімізге болады. Қазір Ғылым академиясы тоқырау үстінде. Себебі бұл қоғамдық ұйым ғана. Академияға айтылып жатқан сын көп. Ғылым, әсіресе іргелі зерттеулер мемлекеттік қолдауға айрықша мұқтаж. Іргелі зерттеуі жоқ ел үлкен нәтижеге қол жеткізе қоймайды. Ғылым академиясын қайта құрылымдағанда еңбек бөлінісі принципін негізге ала отырып, осы іргелі зерттеулер бағытына айрықша назар аударған дұрыс-ау деп ойлаймын. Әрине, бір бағытта болып кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулерді іргелі және қолданбалы деп атаймыз. Ғылым академиясында іргелі зерттеулер жетпіс пайыз болса, отыз пайызы қолданбалы зерттеулер түрінде көрініс тапса, дұрыс болар еді. Сонымен қатар ЖОО жанындағы ғылымды дамыту мәселесі – саясатымыздың басты бір бағыты. Керісінше, ЖОО-да қолданбалы зерттеулер 70 пайыз, іргелі зерттеулер 30 пайызға дейін жеткені дұрыс. Осындай еңбек бөлінісі болған жағдайда өзінің балансын сақтай отырып, отандық ғылым дұрыс дамуға бағыт алады.
Бізде Ғылым академиясы осы күнге дейін қоғамдық мәребеге ие болып келсе, бүгіннен бастап «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесін иеленеді. Мұның тиімді тұсы көп. Біріншіден, тұрақты бюджеттен қаржыландырулар болады. Екіншіден, Президенттің жанына шығарылуы академиялық ортаның мәртебесін өсіреді. Ғылыми қызметкерлердің жалақысы өсіп, жағдайы да түзеле бастайды. Президентке ғалымдар тікелей елге қажет ғылыми зерттеулерді ұсына отырып, нақты қаржы бөлдіре алады.
Ал кемшіліктеріне келер болсақ, Ғылым академиясы өзін-өзі басқаруға негізделуі керек. Бұрын солай болды. Академик ғалымдар қазақ ғылымы қай бағытта дамуы керек екенін де дербес шешуі керек. Екіншіден, өзін-өзі басқару дегенге жете алмай отырғанымыздың бір себебі – академиялық ортаның этикалық тұрғыдан сынға ұшырап отырғаны. Өйткені айтылып жатқан сын көп. Біраз академик дәрежесіне лайық азаматтар болды. Солардың арасында өмірден озып кеткендері де бар. Олардың кейбірі осы академияның корреспондент-мүшесі де бола алған жоқ. Оның орнына ғылымға қатысы жоқ, корреспондент-мүше атанған елге белгілі саясаткер тұлғалар да жүр. Бұл этикалық тұрғыдан да дұрыс емес. Меніңше, мұндайға жол берілмеуі қажет. Қазіргі бағыт қандай болуы керек? Бірінші, Президент жанында болғаны дұрыс. Мұны қолдаймын. Ғылымды дамыту үшін де қажет. Ғалымдар толысып, пісіп, этикалық тұрғыдан сынға ұшырамай, «бармақ басты, көз қысты», тамыр-таныстық сияқты мәселелер екінші қатарға ысырылып, ғылымда ақиқатты айта алу, ғылыми, академиялық объективті сөйлейтін қауымдастық екеніне шүбә келтірмейтіндей дәрежені иеленген кезде өзіне дербестік беруге болады деп ойлаймын.