Әрине, көпшілік «араны ұяға салып қойды, ары қарай өзі өнім шығара береді» деп ойлайды. Негізінде мүлдем олай емес. Омарташы таңнан кешке дейін жұмыс істеуі керек.
– Білуімізше, ара жәндігі өзінің омарташысын таниды екен. Басқа адамды шақса да, өз омарташысына тиіспейді екен деп жатады. Осы рас па?
– Енді ол шындыққа жанаспайтын дерек. Араның ашуына тисе, ешкімді де аямайды. Ол балын өзі үшін деп жинайды ғой. Сондықтан өзіміз барынша жабық киініп, қолымызға қолғап киіп барамыз.
Сонымен қатар олар – өте таза, кірпияз. Мәселен, аузыңыздан ішімдікің немесе үстіңізден иіссудың иісі сезіліп тұрса, сізді маңайына жолатпауға тырысады.
– Жалпы, араның балынан басқа да пайдасы көп деп жатады. Осы туралы не айтасыз?
– Оның рас. Кешегі кеңес дәуірінде бұл жәндікті тек тәтті балын алу үшін емес басқа да өсімдіктердің жақсы өсіп-өнуіне пайдасы бар болғандықтан да өсірген деп ойлаймын. Себебі ара бір гүлден бір гүлге қонып, тозаңдандыру процесін жүргізеді. Бұл өсімдіктердің құнарлығына айтарлықтай септігін тигізеді.
Әйгілі философ Сократ жер бетінен ара жәндігі жойылса, бес жылдан соң табиғат та өз өңін жоғалтатынын, оның арты экологиялық апатқа әкеп соғатынын айтқан. Қазір жылыжайлардың ішіне ара жіберу әдісін пайдаланатындар көп. Оның себебі жоғарыда айтқандай, жылыжайдың ішіндегі түрлі көкөністер гүлдеген кезде соны тозаңдандыру арқылы аралар өнімнің мол болуын қамтамасыз етеді. Кейінгі кезде шетелдік ғалымдар араның осындай жылыжайларға арналған тұқымдарын өзге аралармен будандастырып жатыр.
Одан бөлек, арадан бөлінетін «аналық сүт» дегені бар. Оны өндіру бізде жолға қойыла қойған жоқ. Араның «аналық сүтін» шетелдерде косметика өндірісінде көп пайдаланады. Сәйкесінше, ол өте қымбат қоспа саналады. Әрі бұл – дайын өнім. Сонымен қатар бал мың жыл тұрса да мұрты бұзылмай сақталады.
– Жоғарыда араны будандастыру туралы айтып қалдыңыз. Өзіңізде қазір араның қандай тұқымдар бар?
– Жалпы, мен білетін араның 12 тұқымы бар. Ал менде бары «Карника» және «Карпатка» деп аталатын түрлері. Бұл екі түрі де таулы аймақта барынша қоңыр салқын жерлерде өмір сүруге бейімделген.
Араны будандастыру бізде енді ғана қолға алынып жатыр. Көбіне, Польшадан жаңа тұқымдардың аналығы әкелінеді. Қазір Шымкенттегі омарташылар аналық араларды өз-өздерімен будандастыру арқылы жасартып отыруды жолға қоймақ. Кейінгі кезде Вакпасс деген тұқым қосылды. Бұл да осы жердегі жергілікті араларды будандастыру арқылы пайда болған түрі. Естуімше, өте өнімді жұмыс істейтін көрінеді. Бір өкініштісі, бізде қазіргі кезде осы ара шаруашылығын зерттеп жүрген ғалымдар жоқ. Сондай-ақ маман дайындау ісіне де мән берілмей келеді.
Қолдан будандастыру, жаңа түрлерді шығару, аналық араларды жасарту дегеннің бәрімен қарапайым омарташылар айналысып жүр. Тіпті, араның дәрігерлері де жоқ. Еліміздегі жоғары оқу орындарының жанында оны оқытатын оқу орындарында факультет немесе кафедра да жоқ екен.
– Сонда «басы ауырып, балтыры сыздаған» бал араларын қалай емдейсіздер?
– Бал арасын емдеу үшін Қытайдан, Ресейден түрлі препараттар келеді. Соларды сатып алып өзімізше ем-дом жасаймыз. Алматыда да арнайы дәрі-дәрмек дүкендері бар. Ол жерде жоқ болып қалса, тапсырыс беріп алдырамыз. Былайша айтқанда, отандық омарташылар өз қотырын өздері қасып күн көріп жатыр. Мемлекет отандық бал өндірісін дамытамыз десе, алдымен осындай мамандар даярлауды қайта жолға қоюы керек.
Аралар да түрлі ауруға ұшырайды. Сол кезде қажетті дәрі-дәрмекпен емдеуге тура келеді. Мәселен, араның жауы – Варатоз деген кене. Сол кене араның желкесіне жабысып алады. Сол жерде отырып араның аузындағы ұяшыққа алып келе жатқан шырынды құстырып тастайды. Ол аздай арамен бірге ұяшыққа кіріп алатындары бар. Ол жерде отырып араның қанатын жеп қояды. Одан бөлек, көктем, жаз, күз мезгілдерінде беріп отыратын арнайы дәрілері болады. Осындай жұмыстармен ыждағатты түрде айналысып отырмасаң, еңбегің еш кетуі мүмкін.
– Омарташылық кәсіпке мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма?
– Шынын айтқанда, қолдау жоқтың қасы. Мәселен, біраз уақыт бұрын омарташыларға Үкімет субсидия беретін болыпты дегенді естігенмін. Кейін сұрастырсам, бір ұяшыққа бар болғаны 5 мың теңге береді екен. Айтуға да күлкілі. Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тұрған шағында Бердібек Сапарбаев жылдары жергілікті омарташыларға көп қолдау көрсетті. Соның арқасында ол өңірдегі бал өндірісі біршама көтеріліп қалды. Меніңше, әр облыс әкімі жергілікті омарташыларға осындай көмек көрсетуі керек. Бұл отандық омарташылық кәсіптің дамуына айтарлықтай септігін тигізер еді. Қазір елімізде республикалық Бал ара омарташылар одағы деген ұйым бар. Кезінде ол ұйымды Сергей Терещенко деген кісі ашқан. Сол қоғамдық ұйым ғана қазір омарташылықтың тікелей жанашыры болып жүр. Бірақ ол бар болғаны қоғамдық ұйым. Соған қарамастан, отандық омарташылар арасында балды экспортқа шығарып жатқандары да бар.
– Өзіңіз омарташылыққа әкенің жолымен келгеніңізді айттыңыз. Балаларыңыздың ішінен осы кәсіпке қызығущылық танытып жүргені бар ма?
– Ұлым қазір қасымда омарташылықтың қыр-сырын үйреніп жүр. Негізгі жұмысынан қол босай бермейді. Тек балды жинайтын кезде ғана қасыма ертіп апарамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алматы қаласы