Жаркент түрмесі
Жаркент түрмесі
921
оқылды
Тарихи мұрадан айырылып қалмаймыз ба? Жетісу жерінде тарихы терең, өткен ғасырлардан небір сырларды бүккен, бүгінге әупірімдеп аман жеткен қасіретті де қасиетті орындар баршылық. Алысқа бармай-ақ, ХІХ ғасырда осы өңірдегі бірнеше аймақта уезд орталықтары, әскери бекіністер мен қалашықтар орналасқанының өзінен-ақ, Жетісудың сол кезде шығысқа қарай құлаш ұрған патша үкіметі үшін де, сайын далада салтанат құрған қалың қазақ үшін де аса маңызды өңір болғанын аңғарасың. Сол өткен ғасырларда тұрғызылған ғимараттардың біразы бүгінгі күнге түрлі жағ­дайда болса да әйтеуір аман жеткен. Бір­ақ көбі назардан тысқары, ескерусіз, қа­раусыз, қорғаусыз және қамқорлықсыз қал­ғандықтан тозып, тоналып, құлап, жойыл­ғалы тұрғанын да жасырмаған жөн. Олар­дың қатарында Қапалда, Лепсіде, Қа­бан­байда, Жаркентте және тағы басқа да ірі елді мекендерде сақталып қалған та­ри­хи нысандар бар. Солардың бірі – қа­зақ даласындағы, оның ішінде Жетісу өңі­­­­­­­ріндегі қасіретті де, қайғылы кезең­дер­дің мәңгілік өшпес белгісіндей болып тұрған, ұлтымыздың талай беткеұстар тұл­ғалары тағдырының талқандалуына, жа­зықсыз жапа шегуіне, азапталып, мез­гілсіз ажалға байлануына куәгер бола ала­тын Жаркенттегі жарқабақ басында ор­наласқан, қарағайдан қаланған қа­быр­ғалары әлі қалқайып тұрған атышулы абақ­ты. Өкінішке қарай, осынау сыры мен мұңын ішіне бүккен, қабырғасында та­лай жанның наласы мен азабы қал­ған­дығы сыртқы көрінісінен-ақ байқалып тұратын тұнжыраған тарихи ғимараттың қазіргі жағдайы тез арада назар аударып, нақты шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл түрме туралы бірнеше рет жазылды да айтылды. Бірақ ешкімге керек емес. Соған қарағанда, еліміздің өткенін түгендеп, бар­ды бар, жоқты жоқ деп бүгінде алыстап ба­ра жатқан бүркемелі ақиқатты алдыңғы ұрпаққа сол қалпында жеткізуге тиісті орын­дарға қазақтың азапты тарихы қажет емес­тей көрінеді... Қытаймен шекарасы жүздеген ша­қы­рым­ға созылатын Жетісу өңірінің Ресей пат­шалығы үшін қай кезде де маңызы аса зор болғаны анық. Көршілес жатқан басқа мемлекеттерге қарағанда, даму жағынан біраз алда болған астамшыл империяның ады­мы ұзын, араны кең еді ол заманда. Ре­сей алып Қытай елімен екі арадағы қа­зақ даласының шекаралы өңірінде әскери бекіністер, қалашықтар мен елді мекендер салу арқылы отаршылдық арманын іске асырып қана қойған жоқ, болашақта бой бер­мейтін бәсекелеске айналуы әбден мүм­кін Қытай мемлекетінен төнуі мүмкін қауіп-қатердің алдын алудың да негізін қа­лады. Қытайда қуғынға түскен Іле ай­мағының ұйғырлары мен дүнгендеріне Же­тісудың Жаркент өңіріне тұруға рұқсат еткенінде де, орыс шаруаларын жаппай қо­ныстандыруында да, орыс-казактарды көп­теп әкеліп, оларға айрықша құзірет беруін­де де осындай басқыншылық және қол жеткізген жерлерді қорғап қалу мақ­сатының болғаны айқын. түрме ХІХ ғасырдың соңына таман Жаркент ше­кара өтіндегі күзетті қамтамасыз ететін әс­­керилендірілген бекініс ретінде пай­да­ла­нылған. Әскерилер орналасқаннан кейін олардың ішінде тәртіп бұзғандарды, қашқан-пысқандарды оқшаулап ұстау үшін абақтының қажеттігі де туындайды. Сонымен бірге туған, өскен өңірін емін-ер­кін жайлап жатқан жергілікті жұрт ара­сында да көпе-көрнеу басқыншылыққа қарсы тұратындар да кездесетін. Ондай телі-тентектерді де елден оқшаулау қажет дегендей. Өсек өзенінің жарқабағында қал­дығы әлі қалқайып тұрған түрменің та­рихы да сол кездерден басталады. Жар­кенттің тарихына қатысты қалам тартқан тарих­шылар мен өлкетанушылардың де­рек­тері әрқилы болғанымен, дені түрмені сол 1870-80 жылдары тұрғызылған дегенге сая­ды. Осылайша, ХІХ ғасырдың 70-жыл­дары­нан бастап азаптау орнына айналған Жаркенттегі абақты арқылы қазақтың не­бір марқасқалары жазаланып, ажалға бай­ланған десек, артық айтқандық бола қой­мас. «Түрлі айыптаулармен қамал­ған­дарды қазіргі түрменің астындағы жер­тө­ле­ге қамап, тергеуге патша әкімшілігі ше­неуніктерінің кеңсесі орналасқан бірін­ші қабатқа апаратын болған» дейді өл­кетанушылар. Патшаның отарлаушы сая­сатына қарсылық көрсеткен, нара­зы­лық білдірген жер мен су үшін қарулы қақ­тығысқа дейін барған жергілікті қа­зақтарды тұтқындап, тергеп-тексеретін, зом­былық көрсететін тозақты орында талай адам сотталып, жазаға кесіліп, жер аударылып немесе үкіметке қарсы қауіпті қылмыскер ретінде ату жазасына кесіліп, үкім табан астында орындалып отырған. Атылатындарды былайғы елдің көзінен тасалау үшін түрмеден өзеннің жарына дейін апаратын, ат арба жүре алатын же­расты жолы болғаны да айтылады. Сол арқылы түнделетіп жеткізіп, асығыс-үсігіс жар жиегіне тұрғызып атып, оқпанға құ­латып, өлі-тірісіне қарамай, шалажансар күйінде үстіне жардың топырағын опырып, құлата берген. Қара жерде тіл жоқ-ау, үн бітсе, талай сойқанның ақи­қаты ашылар еді. Қазір заманында биіктігі 15-20 метр болған жарқабақты уақыт желі мүжіп, қар мен жаңбыр суы шайып, барынша аласартты. Бұл абақтыда 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісіне қатысқан­дар, қазақтың еркіндігін аңсап, алғашында патшаға, кейіннен Кеңес үкіметіне қарсы тұрған Алаш зиялылары да қамалып, жазаланған деген деректер бар. «Азаптау мен қорлаудың орны болған бұл түрмеде небір сұмдық оқиғалар бол­ған. Мен көптеген адамдармен жолығып, әң­гімелесіп, айтқандарын қағазға түсір­дім. Ондағы деректер қасіретті жылдардың бергі бетіндегілер ғана. Тереңдей берсең, небір сұмдықтарды білесің. Қаншама қасіретті оқиғалар болды, жазықсыз жапа шеккен адамдардың тағдыры белгісіз, хабар-ошарсыз кетті. 90-шы жылдары жүз­ге келіп қайтыс болған Әмірақын де­ген кісі Жаркент түрмесінде 1930 жылдары оты­рып, осында 25 жылға кесіліп, жаза­сын итжеккенде өтепті. Өжет, қарулы, ірі кісі қажырлылығы арқасында бір өзі екі адамның жұмысын атқарып, көзге түседі де, 18 жыл отырғаннан кейін босатылады. Ел­ге оралған соң да жұмыстан қалмай, кол­­хоздың түйесін, қойын бақты. Жар­кент түрмесіндегі болған оқиғаларды кө­зімен көріп басынан өткізген Әмірақын ақсақал талай нәрсенің бетін ашып кетті», – дейді жергілікті тарихшы-өлкетанушы Молот Солтанаев. ескерткіш Жаркент түрмесінің өлке халқы үшін нағыз тозаққа айналған кезеңі ХХ ғасыр­дың басы. Жетісу жерін шарпыған көте­рі­лістер барысында қолға түскендердің бә­рін ұстап әкеліп қамаған, жаппай жа­за­лаған. Кейін Кеңес өкіметі орнағаннан соң «халық жауы», «жапон тыңшысы», «контрреволюциялық әрекеттері үшін» де­ген жаламен тұтқындалғандар тірі шы­ғу­дан үміттерін үзіп, үкім күтіп, «күніміз не болады?» деп сарғайып, тар қапастарда жат­қан. Өлім жазасына кесілгендердің үкімі Өсектің жағасындағы жарқабақта орындалған. Ел ішінде осы жер жайлы небір қорқынышты әңгімелер айтылады. Бір кездері өзеннің осы тұсын бөгеп, адам­дардың суға шомылуы үшін тоспа жасамақ болып, жарқабақты қазғанда адамдардың сүйектері шығады. Соған қара­май, демалыс орны ашылғанда, де­малу­шылар суға кетіп, қайғылы оқиғалар көбейеді. Сол кезде ақсақалдар түрмеден өзеннің жарқабағына дейін жерасты жолы болғаны туралы, түнделетіп адамдарды сонымен осында әкеліп атқаны жайлы айтып, аруақтарды мазаламауды сұрайды. Содан кейін тоспа бұзылыпты. Жуан-жуан бөренелерден қиюлас­ты­рып қаланған ескі ғимараттың үңірейген есік-терезелері әлі күнге үрей шақырады. Бастапқыда патша әскерінің казармасы ре­тінде салынып, кейіннен абақтыға ай­нал­ған көне түрме өткен ғасырдың 60-70-жылдары Панфилов педагогикалық учи­лищесінің жатақханасы болыпты. Сол кезде осында тұрған студенттер арасында түн ортасында әлдеқандай елестердің кө­рі­не­тіндігі, азапталған жандардың қи­нал­ғанда шығаратын аянышты дауыстары естілетіні туралы әңгімелер де тараған де­седі. Қалай болғанда да, мыңдаған жан қамалып, торыққан, азапталып, қиналған, атылған орынның қасіретті құпиясы көп. Ес­кі абақты жөніндегі аңызға бергісіз алып-қашты әңгімелер әлі күнге айты­ла­ды. Соның салдары болар, өзінің бір жа­рым ғасырлық тарихында небір мекемелер ор­наласып, елге қызмет еткен ғимарат соң­ғы жарты ғасырға жуық уақыт бос тұр. Қараусыз, күзетсіз болғандықтан тозып, ке­теуі әбден кеткен. Күндердің күні қа­быр­ғалары құлағаннан кейін жермен бірге тегістеліп кетері күмәнсіз. Жергілікті жұрт, ауданның ел сыйлай­тын азаматтары анда-санда тарихи ны­сан­ның тағдырын айтып, ескерткіштер ті­зі­міне алу, халқымыздың, оның ішінде Жетісу өңірінің, Жаркент аймағының өткенін елге таныстыратын мұражайға ай­налдыру жайлы дабыл қаққанымен, ес­тір құлақ, жанашыр жан табылмай тұрғанға ұқсайды. Осыдан екі жыл бұрын рес­публикалық бұқаралық ақпарат құ­ралдарында бұл мәселе көтеріліп, ау­дан­дағылар мен облыстағылар «барлығын реттейміз» деген еді. Оның барлығы бос сөз болып қалды. Содан бері өткен екі жыл­да жылт еткен жаңалық тіркелмеді. Сол жолы телеарналарда сөйлеген алаш­тану­шы Елдос Тоқтарбай: «Бұл түрмеде Се­мейден Түркістанға айдалып бара жат­қанда Мұхаметжан Тынышбаев отырған. Сон­дай-ақ Тоқаш Бокин, Әубәкір Жай­шыбайұлы, Әшім Омаров, Шамай Шы­на­сылов сияқты қазақтың мықтылары жа­засын өтеген. Абақтыдағы азаптау ка­мераларында талай-талай тұлғаның тағ­дыры талқандалып, елін ойлаған аза­маттардың ертеңгі күнге деген үміттері өш­кен, өшірілген. Олардың арасында қа­зақ интеллегенциясының айтулы тұл­ға­лары болғаны да анық. Зерттеулер ба­ры­сында осында өлім жазасы да орын­дал­ғаны анықталды», – деген еді. Жаркент «Жаркенттегі ескі түрме ғимараты хал­­қымыздың тәуелсіздік жолындағы жан­­кешті күресіндегі қайғылы да, қа­сі­рет­ті кездердің бүгінгі күнге жеткен бел­гісі. Қазір балалар мен болашақ ұрпақтың сол тарихты білуі үшін ғимаратты сақтап қалып, бұрынғы қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ретінде пайдалану қажет», – дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов. Біз осы мәселеге байланысты аудан­дық әкімдікке хабарласқанымызда, он­да­ғылар барлығын облысқа сілтеді. Облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасындағылар болса, ескі түрменің мемлекеттің қорғауына алынған тарихи орындар немесе ескерткіштер тізбесінде жоқ екенін айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға арнайы барып, ғимараттың жағдайымен танысып, тізімге алу үшін атқарылар жұмыстардың, жиналатын құжаттардың жай-жапсары түсіндіріл­ге­ні­мен, аудандағылар қозғалмапты. Әй­теуір, нақты әрі дұрыс жауап беретін жауап­ты орын немесе адам жоқ... Дәл осындай жағдайды Қапалдағы та­рихи ғимараттар туралы да айтуға бо­ла­ды. Әйтеуір, мұнда жергілікті жерден жа­нашырлар шығып, өз қаржыларына бір­неше нысанды қайтадан қалпына кел­тіріп жатыр. Ал Жаркенттен ондай жаңа­лықты көре алмадық. Түрме ғимараты тағы бірнеше жыл осылай тұрса, мүлде құритыны сөзсіз. Ал өңірде осындай мем­лекет қарауында болуға тиісті орындар қараусыз қалып жатқан дәл қазіргі кезде Жетісу облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей болмай тұр. Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы осындай музей Алматы облысына кетті. Биыл 31 мамырда біздің облыстың тұр­ғын­дары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін қайда барары әлі белгісіз. Осыдан 30 жыл бұрын Талдықорғандағы Абай және Қабанбай көшелерінің қиы­лысындағы мектеп жанындағы шағын саябаққа үлкен қара тас қойылып, оған «Бұл жерге саяси қуғын-сүргін құрбан­дарына арналған ескерткіш қойылады» деп ойылып жазылған болатын. Осыдан оншақты жыл бұрын бұл жер мүлде қарау­сыз қалып, қаңғыбастардың қонысына ай­налғанда газет арқылы дабыл қақ­қан­быз. Сол кезде тастың маңайы реттеліп, орындықтар қойылып, тастағы жазу: «Қа­зақстандағы 1931-33 жылдары аштық нәубетіне ұшырағандарға ескерткіш» деген екіұшты тіркеске өзгертілген еді. Сол кезде-ақ үлкен ескерткіш салынбай­тынын сезген болатынбыз. Сол сезім алдамапты. Шағын ғана қаратас ескерткіш ретінде әлі күнге тұр. Осындай былайғы көз­ге елеусіз болып көрінгенімен, іс жү­зін­де ескерусіз қалған дүниелер Жетісуда жетерлік.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы