KazSAT: керек тастың ауырлығы жоқ
KazSAT:  керек тастың ауырлығы жоқ
512
оқылды
Қазақстан тағы бір жер серігін ұшыруға дайындалып жатыр. Бұл жайында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты. Оның сөзіне қарағанда, жобаның құны 40 млрд теңге болады екен. Бұл дегеніңіз – қарапайым халық үшін әжептәуір мол қаржы болып көрінері сөзсіз. Бірақ ғарыш саласы үшін әлгі ақша аз ба, жоқ па, соған үңіліп көрсек. Министрдің сөзінен ұққанымыз – жаңа жер серігі телекоммуникациялық бағытта болады екен. Демек, 40 млрд теңгелік бұл құрал – Жердің геостационарлық орби­тасына орналасады деген сөз. Бұл топқа кіретін жер серіктері 35 мың 786 шақырым биіктікте қалықтайды. Ал 2018 жылы желтоқсанда Илон Масктың Falcon-9 зымыраны ғарышқа шығарған KazSTSat микро жер серігі мен KazSciSat-1 нано жер серігі небәрі 570 шақырым биіктікте ұшып жүр. Қазақстанның жерді қашықтан зондтауға арналған тағы бір топ жер серіктері 750 шақырым биікте қалықтауда.  

40 млрд – өзін-өзі ақтайтын қаржы

Ғарыш технологиясының қыр-сырына қанық емес азамат үшін 40 млрд теңгені шашып, жер серігін ұшырудың еш мәні жоқ тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда түрлі орбитада орналасқан барлық жер серіктерінің бізге тигізетін пайдасы зор. Қазақстан геостационарлық орбитаға да, жақын ортибаға да жер серігін ұшырған елдердің қатарына кіреді. Әрі ғарышқа көз тігу арқылы әлемдегі ғарыштық держа­валармен бәсекеге түсіп отырған жайымыз бар. Күн өткен сайын бұл бәсеке қызып келеді. Өйткені ғарыш технологиялары нарығындағы өсім жыл сайын 30 пайызға артып барады. Соңғы жылдары ғарышты әскери мақсат үшін қолдануға бел буған мемлекеттердің де қарасы көбейді. Ал Қазақстан ғарыш технологияларын әзірге бейбіт мақсатқа пайдаланып келеді. Асқар Жұмағалиев айтқан жер серігі де осы бағыттан ауытқи қоймас деген болжамымыз бар. Өйткені министр жаңа жер серігінің KazSat жүйесіне кіретінін айтты. Қолда бар деректерге қарағанда, Қазақстан 2023 жылы KazSat-2 жер серігін алмастыратын KazSat-2R құрылғысын ұшыруды көздеп отыр. Шамасы, министр айтқан жасанды жер серігі осы болса керек. Демек, Қазақстан өзінің ғарыштағы құрылғыларын бәсекеге қабілетті қыла түсуге барын салып жатыр деген сөз. Әрі бұл саладан түсетін пайданы да еселеп алмақ. Пайда демекші, ғарышқа арналған технологиялардан, тәуір пайда көріп келе­міз. Мәселен, KazSat жүйесіне кіретін жер серіктері 2011-2018 жылдар аралығында 20 млрд теңге табыс түсірген. Осынау жер се­ріктерінің көмегі арқылы отандастарымыз интернеттің қызығын көріп, телехабар та­ра­туда аналогтық жүйеден digital форматқа ауысты. «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­ма­сын толық әрі сапалы жүзеге асыру үшін де осы ғарыш аппараттарының көмегі қажет. Содан да болар, ел аумағын тұтас кең жо­лақ­ты интернетпен қамтамасыз ету үшін оп­тикалық-талшықты желі тартқаннан гөрі жер серіктерін пайдаланған дұрыс дейтін ұс­танымды жақтаушылар бар. Қазір елі­міз­дің оңтүстік аймақтарында жер серіктері ар­қылы интернет тарату сынақтан өтіп жатыр. Ал Жерді қашықтан зондтау қызметін экспорттаудан түсетін пайда бөлек. Мә­селен, былтыр «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы жерді қашықтан зондтау үшін 273 мың долларлық келісім жасасыпты. Бұл көрсеткіш 2018 жылы небәрі 23,5 мың доллар еді. Одан бөлек, осынау құрылғылар арқылы ел экономи­касына пайдалы шаруаларды да атқаруға болады. Оның да өзіндік құны бар. Тағы бір мысал келтірсек, 2019 жылы жерді қа­шықтан зондтаудың нәтижесінде 54 мың 450 гектар жердің егіні жиналмай қалғаны анықталған. Әрі аталған құралдардың жәрдемімен ауыл шаруашылығы алқап­тарының сандық векторлы картасы әзір­ленді. Сонымен қатар ғарыш техноло­гиясының көмегімен еліміздегі 17 қаланың төңірегінде 9 мыңнан астам стихиялық қоқыс үйінділері жатқанын анықтадық. Орман-тоғай ішінен заңсыз ағаш кесілген 46 полигон табылды. 11,1 млн гектар жер­дің өртенгені анықталды. Ақмола, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 мың 801 шаршы шақырым жерді көктемде су басқаны да белгілі болды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді де осы қашықтан зондтау тәсілі арқылы тауып алуға болады. Қыс­қасы, ғарыш технологияларының пайдасы мол. Ендеше 40 млрд теңгелік жаңа жер серігі KazSat-1 тәрізді «бағынбай кетпейтін» болар деп үміттенеміз.  

Жер серігі қымбат емес пе?

Ақыры ақша санаған екенбіз, ендеше министр айтқан аппараттардың жаһандағы нарығына да шолу жасаған жөн тәрізді. Біздің пайымдауымызша, министр Асқар Жұмағалиев айтқан 40 млрд теңге тым қымбат емес. Бұл сома шамамен алғанда, 105 млн доллар көлемінде болады. KazSat-ты жасауға жұмсалатын бұл қаржының ішіне жер серігін әзірлеу, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған жер бетіндегі құрылғылар және өзге де шы­ғындар кіреді. Бірақ министр оны ұшыру құны туралы ештеңе деген жоқ. Егер жер серігін ғарышқа ұшыру шығыны да осы сомаға кіретін болса, онда ұтамыз. Өйткені ресейлік «Протондардың» бір реткі сапа­рының құны әзірше 60 млн доллар ша­масында болып тұр. «Роскосмос» бұл со­маны 50-55 млн-ға түсіруді көздейді. Сөй­тіп, И.Масктің SpaceX-імен бәсекелеспек ниетте. Алайда «Протондарды» бір рет ұшыру 50 млн доллардан арзан бола қоюы неғайбыл. Бұл соманы шығару үшін зымы­ранға біраз аппарат тиеп жіберу керек. Демек, бір жер серігін тиесеңіз, кемі 25-30 млн доллар төлейсіз. Әрине бұл жерде әңгі­ме көлемі үлкендеу телекоммуни­ка­циялық аппараттарға қатысты болып тұр. Ал KazSat-тың микро немесе нано жер серіктерінің қатарына кірмейтінін, салмағы тоннадан асып кететінін ескерсек, ұшыру құны кемі 20 млн долларға дейін жетуі мүм­кін. Өйткені ғарышқа түрлі құрылғыларды арзанға ұшырып жүрген Space X-тің өзі зеңгір көкке шығаратын құрылғылардың әр келісін 15-17 мың доллар көлемінде ба­ғалайды. KazSat-3-тің салмағы 1281 кг болғанын назарда ұстасақ, жаңа жер серігі де сол төңіректе болатын шығар деп бол­жаймыз. Егер бұл сома KazSat жасау ба­ғасына кірмесе, онда қазақтың тағы бір жер серігі бюджетке шамамен 120-130 млн дол­лардай салмақ салады. Тек мәселе қандай зымыранды пайдаланады дегенге ғана барып тірелмек. Министрдің жер серігін ұшыруға қа­тысты емес, жасауға байланысты мәлімет бергенін ескерсек, 40 млрд тек KazSat-тың өзіне бағытталуы мүмкін. Ал енді осы сома қазіргі ғарыш нарығында аз ба, көп пе соған тоқталсақ, әрине 105 млн доллар бір қара­ғанда мол ақша. Бірақ ғарыш үшін тым мол сома емес. Мәселен, Қазақстан KazSat-1-ді 65 млн долларға жасатып, кейін ғарышта жоғалып кеткендіктен сақтандыру­шы­лар­дан 2011 жылы 40 млн доллар шамасында қаржы өндіріп алған. KazSat-2-нің құны 115 млн долларға түсті. KazSat-3 24 млрд теңгеге бағаланғаны бар. Әлгі аппаратты ғарышқа ұшырған 2014 жылы 1 доллардың айырбас бағамы 181 теңге төңірегінде болғанын назарда ұстасақ, үшінші жер серігіміздің құны шамамен 131 млн доллар болды. Ал сол жылы ғарышқа ұшырылған түріктердің TurkSat 4A және TurkSat 4B жер серіктерінің құны 571 млн доллар еді. Яғни, әрқайсысы 285 млн долларға түсіп отыр. Ал Түркия инженерлері 2020 жылдың соңына дейін жасап бітуді көздеп отырған TurkSat 6А жер серігінің құны 200 млн доллар болайын деп тұр. Демек, біздің ұшырмақ болып отырған құралымыз қымбат емес.  

ТҮЙІН

Әрине, ғарыш технологияларының пайдасы мол екенін аузы аққа жарыған елдер тәжірибесінен байқап жүрміз. Қазақстан әзірге телекоммуникация, ғылыми-зерттеу, ауылшаруашылығы мен экономиканың өзге салалары үшін ғарыш технологияларын пайдаланғанымен, әскери мақсаттағы жер серігін ұшыра қойған жоқ. Егер әскерилеріміз көпшілікке білдірмей ғарышқа самғатып жіберген болса, «бәрекелді!» дейміз. Бірақ біздің білуімізше, ондай құралымыз жоқ. Ал бауырлас Түркия қазір ғарышта әскери мақсат үшін Göktürk-1 және Göktürk-2 жер серіктерін ұстап отыр. Ал біз былтыр жазда Арыста жарылыс болған кезде өзгелердің ғарыштан түсірген фотоларына қарап, апат­тың масштабына куә болғанбыз. Кәдімгідей «жалаңаш» екенімізді сонда байқағанбыз. Жер серігін жасайды екенбіз, біреуін әскери мақсатқа арнап жіберсек те жарар еді.

     width=Амангелді ҚҰРМЕТ