«Облыста тал егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгенімен, оны күтіп-баптау өз деңгейінде емес. Талды кесу, балақтау жұмыстары өз талаптарына сәйкес жүргізілмейді. Бір ғана мысал айтсам, Қызылорда қаласындағы Ықсанов училищесінің алдында өсіп тұрған талдарды соңғы алты жылдың ішінде үшінші мәрте кесіп жатыр. Жыл басында көршілес қоныстанған Жалағаш ауданының орталығында қаншама жасыл желек жаппай кесілді. Бертін келе, мұндай жағдай Жаңақорған ауданында да бой көрсетті. Осындай келеңсіздікті тоқтату мақсатында дабыл қақтық. Бірақ талды кесуге кімнің тапсырма бергені анықталмады. Басқармалар бір-біріне сілтеп отыр. Ал біздер мұндай бассыздық тоқтатуды талап етеміз. Осыдан 6 жыл бұрын да талдарды жаппай кесу жұмыстары көрініс тауып, қарсылық білдіріп, тоқтау салған болатынбыз. Сол кезде жайқалып тұрған жасыл желектерді кесуді қарғалардың талдарды топтасып паналап, қала көшелерін ластап жатқандығымен түсіндірген еді. Ал бұл жолғы келеңсіздікті ешкім түсіндірмей отыр», – деп наразылығын білдірді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.Табиғат жанашырының айтуынша, талды кесу үрдісінде топпинг деген ұғым бар. Жалпы, топпинг ұғымы, яғни, талды келте қылып кесу тарихы тым ертеден басталады екен. Дерекке сүйенсек, бұл үрдіс алғаш рет Америкада басталған. Сол уақыт талды кесіп, кесілген жерден шыққан жас шыбықтарды себет тоқу мақсатында пайдаланған көрінеді. Бертін келе, топпинг салдары үлкен мәселеге айналған. Себебі талдарды жөнсіз кесу салдарынан жас шыбықтар бас діңгектен шықпай, жанама діңгектен қаулап өсе бастаған. Артынша опырылып сынып, адамдарға қауіп туғызған. Соның салдарынан жабайы күйде өсе бастаған талдарды күтіп-баптау артық шығынға әкеп соқтырады. Қаланың кейпін қашырып, сүреңсіз күйге түскен жасыл желектер тұрғылықты халықтың да наразылығын арттыра түскен. Осылайша, талды келте қылып кесудің тиімсіздігі сол кездері өздігінен дәлелденсе керек. Кейіннен Америкада бұл тәсілді қолдануға қатаң тыйым салды. Сонымен қатар көп жағдайда талдарды жөнсіз кесу, оның ғұмырын да қысқартатыны ескерілмейді. Яғни, кесілген жерден көп жағдайда шірік түсіп, талдар ішінен шіріндіге айналады. Бұл да көп елдерде тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ал біздің елде бұл мәселеге әлі де атүсті қарайды. Сондықтан жасыл желектерді жөнсіз кесу, бүлдіру әрекеттері тыйылмай келеді.
«Біздің өңірде соңғы жылдары жасарту деген терминді жиі қолданып жүр. Бұл тұрғыда талдарды кесу арқылы оның орнына жас шыбықтар шығып, жасарған кейіпке енеді деп ойлайды. Алайда бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде мүлде болмаған. Яғни, талдарды кесу арқылы оны жасарту деген қате ұғым. Тәжірибеде жасарту тәсілі жеміс ағаштарына ғана қолданылады. Мәселен, белгілі бір уақытта алма ағашын кесіп, орнына жас шыбықты өсіру арқылы, мол өнім алу үшін осындай тәсілдер жиі жасалған. Ал күн көлеңкесінен қорғайтын саябақтағы жасыл желектерде жасарту ұғымы болмайды. Бірақ қазіргі уақытта талды кесіп жүргендер бұл ұғымды теріс түсініп жүр. Бұл жерде бірінші кезекте, талды кесу, балақтау жұмыстарымен айналысатын арнайы мамандар жоқ. Екіншіден, талдың әр жерінен өскен жабайы бұтақтарды бір-бірлеп кесуге жауапсыздықпен қарау, арнайы техникалардың болмауы салдарынан түбінен келте қылып кесе салады. Сол себепті қаланың өзінде жайқалып өсіп тұрған көптеген талдар жөнсіз кесілді. Соның салдарынан аптапты аймақта орналасқан қаламызда күн көзінен қорғайтын жасыл желектердің саны жыл санап азайып барады», – дейді қоғам белсендісі.Жалпы көп жағдайда табиғаты ыстық, шөлейтті болып келетін Сыр өңіріне қаратал ғана бейім келеді. Негізінен ғұмыры 100-200 жылдан асып жығылатын бұл тал көп күтімді де қажет етпейді. Ыстыққа да, шөлге де төзімді. Ал терек секілді өзге ағаштарды Сыр табиғатына бейімдеу оңай емес. Мұндай талдардың ғұмыры ұзаққа бармайды. Көп жағдайда өздігінен қурап қалады. Бір ғана қала көшелерінде талдарды жөнсіз кесу жұмыстарының жай-жапсарын білу мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөліміне сұрау салдық.
«Қызылорда қаласында тал балақтау, кесу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде «Реал строй снаб» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Келісімшарт 6 сәуір күні жасалды. Яғни, осы күннен бастап жоспарлы жұмыстар бастау алатын болады. Ал бұған дейін ауа райының қолайсыздығынан туындаған тал кесу, балақтау жұмыстары демеушілік есебінен жүргізілді», – деп түсіндірді бөлім мамандары.Қорыта айтқанда, онсыз да көк шүйгіні аз Сыр өңірінде жайқалып тұрған азғана талдарды жаппай кесу жұмыстарына тұрғындар қарсы. Бір жылда мыңдаған көшет отырғызып, артынша жайқалған талдарды түбіне кесу табиғатқа жасалған үлкен қатыгездік деп санайды. Оның есесіне, көп жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан ағын су мәселесін түбегейлі шешіп, Сыр өңірін жасыл желекті аймаққа айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қызылорда облысы