Жамбыл облысында 400 оқушы 4 бөлмелі мектепте оқып жүр
Жамбыл облысында 400 оқушы 4 бөлмелі мектепте оқып жүр
1,165
оқылды
Тараздағы Қызылабад алқабында 400-ден астам оқушы  4 бөлмелі мектепте білім алып жүр. Мектептің тарлығынан ұстаздар бір сәт болса да отыруға орын таппай, тікесінен тік тұрып сабақ өтуге мәжбүр. Оның үстіне,  аядай мектепке сыймаған оқушылар қалаға қатынап оқиды, – деп хабарлайды “Информбюро” арнасы. Балалар оқып жатқан мектептегі бар-жоғы төрт бөлменің үшеуі дәрісхана. Ені екі метрге жетпейді. Ал мектепке жетпейтіндер бұдан да көп.
“Асхана керек, спорт алаңы керек, акт зал керек балалар кішкене іс-шараларға қатысатын. Кітапханамыз да жоқ. Ауылға газ кірген. Бірақ мектепте газ жоқ. Көмірмен жағамыз пешті”, – деді №58 бастауыш мектебінің директоры Ләззат Ешенқұлова.
Бірақ директор айтқан мектеп 45 оқушыға арналған. Ал алқапта 400-дің үстінде оқушы бар. Сондықтан екінің-біріне ауылда оқу бұйырмайды.
“Қызылабадта халық саны күннен-күнге көбейіп  жатыр.  Мектепке баратын бала саны көп. Өте қиын болып жатыр балалардың қатынап оқуы. Әсіресе, қыстың күні”, – дейді Қызылабад ауылының тұрғыны Теміргүл Сәмбетбаева.
Шағын мектепте оқушылар 40 жылдан бері оқып келеді екен. Бүгінде ауылдың аумағы кеңейіп, адам саны да артқан. Алайда жаңа мектеп орындалмас арманға айналған. Бірақ жергілікті билік те бейқам емес екен. Алдыңғы жылы ең болмағанда спортзал сұраған ұжымға, онсыз да тар оқу ордасының ішінен дәретхана салып беріпті. Үш бөлмелі дәрісханаға 13 камера қойып берген. Енді оқушылар тек орынға таласып жүр. Ал Білім басқармасының басшысы оқу орны биыл бой көтермейтіні анық деп отыр. Әзірге ойша жаңа мектеп жобасын түзіп жатыр. Оның өзінде республикалық бюджеттен қаржы бөлінбесе, жергілікті әкімдіктің әмияны көтермейтінін айтады.
“Қазір республикаға 7 мектепті қаржыландыру мәселесін 2025 жылға дейін салуды  көтеріп отырмыз. Бұл жерде 300 орындық мектеп салу керек деген тұжырымға келдік. Сметалық құжатын дайындау керек әлі. Оның өзі уақыт алады. Мерзімдері бар. Сол себепті құрылыс сол 2025 жылы салынады деген жоспар бар”, – деді Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.
Дегенмен  жауаптылар биылдан қалмай газ тарту жолын жасаймыз деп отыр. Ойдағы іс жүзеге асқанша тұрғындарға осылай жан бағуға тура келеді.