Еуразия ұлттық университетінде Гейдар Әлиевтің аудиториясы ашылды
Еуразия ұлттық университетінде Гейдар Әлиевтің аудиториясы ашылды
493
оқылды
Бүгін Еуразия ұлттық университетінде Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің аудиториясы салтанатты түрде ашылды. Онда Гейдар Әлиевтің қолжазбалары, мемлекеттік қызметі туралы кітаптар, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектер ұсынылған. Іс-шараға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамоғланов, ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты. Салтанатты ашылу барысында Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті мен Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық белсенді дамығанын және ондаған әзербайжандық студенттер ЕҰУ қабырғасында оқитынын атап өтті.  width=
«Еуразия ұлттық университеті мен Баку мемлекеттік университетінің ғалымдары биотехнология бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуде. Жаңа оқу жылынан бастап биология бойынша «қос диплом» бағдарламасы басталады. Ынтымақтастық мамандарды бірлесіп даярлау шеңберінде ғана емес, сонымен қатар біздің елдеріміздің студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағдарламалары бойынша да дамуда. Біздің университет қабырғасында Әзербайжанның көрнекті қайраткерлері дәріс оқығанын атап өткен жөн», – деді Ерлан Сыдықов.
Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамоғланов биыл белгілі саяси қайраткер Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толатынына назар аударды.  width=
«Әр халықтың тарихында ұлы адамдар бар. Ең тағдырлы сәтте олар халықты алға жетелейді. Бауырлас қазақ елі Гейдар Әлиевті саяси қайраткер ретінде құрметтейтінін білеміз. Еуразия ұлттық университетінде осы аудиторияның ашылуы – соның жарқын дәлелдерінің бірі. Менің ойымша, біздің студенттер жаңа білім алуға және Әзербайжан мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Біз ЕҰУ-мен бірлесіп, осы атаулы аудиторияда мәдени іс-шаралар өткізетін боламыз»,– деді дипломат.
ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров көпжылдық ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде табылған Әзербайжан мемлекетінің сирек кездесетін көне 3 еуропалық картаны сыйға тартты. Ғалым өз еңбегінің нәтижесін Әзербайжан басшысына табыстау үшін елшілік өкілдеріне берді.
«Ескі карталарды зерттеу барысында мен бауырлас Әзербайжанның көптеген карталсын таптым. ХVІ ғасырдан бастап еуропалық және америкалық карталарда Әзербайжанның өзі және оның қалалары көрсетілген. Ең қызығы, ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығында Каспий теңізі еуропалық карталарда бірнеше рет әртүрлі атаумен атап өтілген», – деді ғалым.
Университет ғалымдары түркі халықтарының мәдениеті мен ғылымының дамуына да үлес қосуда. Бақтияр Вахабзаденің «Гүлстан» поэмасы, Жавид Хусейн, Зардаби Хасанбек Ахундзаде, Мырза-Фаталидің еңбектері түркітанушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Амантай Шәріптің арқасында Қазақстанның қалың оқырман қауымына қолжетімді болды.
«Біздің халықтарымыз арасындағы байланыс тамыры өте терең. Шығармашылық жұмыс барысында мен Гейдар Әлиевтің Әзербайжанның рухани мәдениетін дамытуға зор үлес қосқанына көз жеткіздім. Ол   саясаткер ғана емес, сонымен бірге Әзербайжанның ұлы мәдени қайраткері. 1982 жылы Гейдар Алиевтің арқасында Жавид Хусейннің сүйектері Әзербайжанға оралып, қайта жерленді. Онда оның үй мұражайы ашылды және оған Гейдар Әлиевтің өзі жиі баратын», – деді ғалым Амантай Шәріп.
Гейдар Әлиев аудиториясы Әзербайжанның тарихы, саясаты мен мәдениеті туралы білім орталығына айналады. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша түрлі тақырыпта дәрістер өтеді.