«Біздің таланттар»: елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында байқау өтті
«Біздің таланттар»: елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында байқау өтті
©www.gov.kz
423
оқылды
Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында «Біздің таланттар» республикалық байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады. Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың талантын ашу. Республикалық байқаудың I (қалалық) іріктеу кезеңіне 80-ге жуық ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жатыр. «Өнер байқауы осымен екінші рет өткізіліп жатыр. Оған 3 пен 10 жас аралығындағы балалар қатысуда. Олар сахнада ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетеді. Бастысы, әр бала назардан тыс қалмайды. Ал байқау соңында өнерпаздарға грамоталар мен сыйлықтар табыс етеміз», – деді Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы Гүлшат Исинова. Байқауға 3 пен 10 жас аралығындағы 80-ге жуық бала қатысып жатыр. Олар 6 номинация бойынша өнер көрсетеді. Олардың қатарында «Алтын дауыс», «Үздік декларатор», «Кішкентай биші», «Жаңа бастаған әртіс», «Оркестр» және «Бармағынан бал тамған» номинациялар бар. «Бүгінгі байқауға 6 жастағы қызымды алып келдім. Медина «Алтын дауыс» номинациясы бойынша «Мама – первое слово» әнін орындайды. Қызымның көңіл-күйі – жақсы. Таңертең үйден шыққанда «Көйлегімді киіп, сахнаға шығып, ән айтамын» деп келді. Әрбір ананың жүрегі балам деп соғады. Қызым сахнаға шығып, өнер көрсеткенде уайымдаймын», - деді ата-ана Меруерт Мұхамеджанова. Жалпы қазіргі уақытта Астанада ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және әлеуметтендіру мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Табысты әлеу¬меттену шартының бірі – баланың шығармашылықтың сүйікті түрімен айналысып, құрдастарымен қарым-қатынас жасаудың табиғи тәжірибесін және жағымды әсерін алуы. Сондықтан қазіргі заманғы арнайы білім беру жүйесінің басым бағыты – жас ұрпақтың бойында шығармашыл тұлғаны дамыту. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мектеп жасына дейінгі балалық шақ – шығармашылық қабілеттің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бұл жаста балалар өте ізденімпаз, олардың айналадағы әлемді білуге деген құлшынысы орасан. Бүгінгі басты мақсат – осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру болып табылады.