"Қуандықтарыңды құлаттық": Қызылордада жасөспірімдер баланы тепкілеген видеоны желіде мақтанышпен бөліскен
"Қуандықтарыңды құлаттық": Қызылордада жасөспірімдер баланы тепкілеген видеоны желіде мақтанышпен бөліскен
© qaz365.kz
3,937
оқылды
Қызылорда облысы Қазалы ауданында мектеп оқушыларының арасында төбелес орын алды. Оқиға Әйтеке би кентіндегі саябақта күндізгі уақытта болған. Әлеуметтік желілерде тараған видео түсірілімде 5 бала жалғыз балаға жабылып, тепкілеп жатқаны жұртшылықты шошытып, қоғамдық резонанс тудырды. Қазалы ауданы әкімдігінің мәлімдемесіне сүйенсек, Қазалы ауданында болған төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілді, – деп хабарлайды Qaz365.kz. Нәтижесінде кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы анықталып, 7 сәуір күні түнгі 00:00 шамасында аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
“Бүгінгі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заң аясында қатаң шара қолданылып, жазасын алатын болады. Қазір бала ауруханада ем қабылдауда. Бүгін аудан әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысы арнайы барып, баланың жағдайын көрді. Жағдайы бірқалыпты”, –  делінген мәлімдемеде.
Соққыға жығылып, ауруханада жатқан жеткіншектің қал-жағдайын сұрамақ болып анасына хабарластық. Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, ұлы Қуандық Сәбитұлы он бесте. Қуандық ауданның намысын таэквондо спортынан республика көлемінде қорғап жүрген, өзі оқитын №70-ші мектептің мақтаулы оқушысы. Осы уақытқа дейін ұлының тәртібіне байланысты мектеп мұғалімдерінен ешқандай шағым, ескерту жасалмағанын айтады.
“Оқиға балам түскі уақытта сабақтан қайтып келе жатқанда болған. Видеода көргендеріңіз 5-6 бала ғана, шын мәнісінде менің баламмен сөйлесуге келген жеткіншектердің саны көп болыпты. Кейбірі қашып үлгерген. Баламды саябаққа сөйлесемін деп алдап апарып, бас жағынан қатты затпен ұрып құлатқан. Әрмен қарай көрініс видеодағы көргендеріңіз. Баламды соншалықты аямай, асқан қатыгездікпен не үшін тепкілегенін білмей отырмын. Балама видеоны көрсетсем, соққыдан кейін ешнәрсе білмей қалғанын, тіпті кім тепкілеп жатқанын білмейтінін айтады. Видео түсірілімді 5 баланың ішіндегі біреуі түсіріп, ватсап желісіне “Қуандықтарыңды құлаттық” деп мақтанышпен салғанын білдік. Кейін видео инстаграмға салынып, барлық желіге тарап кетті.  Балам қазір Қазалы теміржол ауруханасында тиісті  емін қабылдауда. Соққыға жыққандарға қатысты айтар болсам,  полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын  жүргізуде”, – деді анасы.
Қазалы аудандық полициясының “жасөспірім жаңбырлы күні құлап, басын жарақаттап алған” деген түсініктемесі көпшіліктің ызасын тудырды.
“Осындай түсініктеме беріп, жұмысына салғырттық танытқан полиция қызметкерлеріне қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қызметтік жұмысына баға беріліп, алдағы уақытта шешім қабылданатын болады”, – дейді жергілікті билік өкілдері.
Бұл оқиға тікелей аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бақылауында.