Қызылорда облысындағы төбелес: полиция бөлімінің басшысы және 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды
Қызылорда облысындағы төбелес: полиция бөлімінің басшысы және 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды
1,433
оқылды
Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы жасөспірімдер арасындағы төбелеске байланысты полиция бөлімінің басшысы және 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оған байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып-соққан барлық жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қазір Қазалы ауданында криминогендік ахуал тұрақты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері рейдті жалғастырып жатыр. Облыстық полиция департаменті бастығының тапсырмасымен жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Қазалы ауданында арнайы құрылған жедел штабтың құрамында жұмыс істеп жүр. Құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жүргізбеген Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен босату жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолданды. Тағы 10 қызметкер қатаң сөгіс, сөгіс және ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.