«AMANAT» партиясының дәстүрге айналған қоғамдық қабылдау шаралары еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасуда. Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Азаматтарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов қабылдады. Азаматтардың арыз-өтініштері бойынша онлайн-офлайн форматта өткен қоғамдық қабылдауға 7 тұрғын өз мәселесімен хабарласты. Өңірдің әр ауданынан келген тұрғындар көптен бері шешімін таппаған құжаттандыру мәселесі, алаяқтық, қасақана жасалған қылмыстық әрекеттер бойынша наразылықтарын білдірді. Полиция қызметкерлерінің атына ұрып-соғу, қорлық көрсету, тіпті адам жоғалу фактілері бойынша да шағым айтқандар болды. Атап айтқанда, қабылдауға Кентау қаласынан келген Ирода Затирова есімді тұрғынның үйіне 2022 жылдың желтоқсан айында ұры түскен. Ол құқық қорғау қызметкерлеріне шағымданған. Алайда қазіргі таңда күдікті анықталса да қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстары тиісінше атқарылмай отыр, сот ісі созылып кеткен. Сонымен қатар Нұрлан Арынбаевтан созбалаңға салынған сот ісі мен заң бұзушылықтарды қалпына келтіріп, аталған проблемаларға көмек көрсетуді сұрағандар да болды. Азаматтарды қабылдаған басқарма басшысының бірінші орынбасары оларға барлық мәселе заң аясында шешілетінін айтып, ұсыныстары мен талап-тілектерін жазып алды. Сонымен қатар Нұрлан Керімханұлы мәселенің маңыздылығына қарай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне келіп арыз жазу керектігін айтып, жеке қабылдауына шақырды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі Отырар ауданы Арыс ауыл округінде де кезекті мобильді қоғамдық қабылдауын өткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, ұйымдастырылған мобильді қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Б.Құлжанов, облыстық мәслихат депутаты Н. Сейтжанов, 15 астам облыстық басқарма қызметкерлері және аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, сондай-ақ Жастар рухы жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы төрағасы Ж.Жұман қатысты. Оларға отырарлық 19 тұрғын өз мәселесін айтып көкейтесті сауалдарын жолдады. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым мәселесін алға тартты. Жарықтандыру, жол, мектеп құрылысы мен спорт алаңшаларын салу жөнінде де тұрғындар өз сұрақтарын айтты. Тіпті жуырда басталғалы тұрған 2,5 пайызбен берілетін несиелендіру мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Жергілікті халықтың толғандырған мәселесі қатарында ауданның өзекті проблемасына айналған «Арыс» өзенінің апатты жағдайы да бар. Емхана мен көп балалы отбасыларға және жастарға көмек көрсету бойынша қолдау күткен ағайын да қабылдауға арнайы келген. Мәселен, қабылдауға келген Шытты елді мекенінің тұрғыны Төкен Сәрсенбай есімді азамат, қазір өзекті болған жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы мен Көкмардан каналын «КазСуШар» мекемесі тазалап берсе екен деген ұсынысын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов жанар-жағармай бағасы қазір тұрақтандырылып, канал мәселесі аудандық мәслихат тарапынан шешілетіндігін айтып жауап берді. Мұнан өзгеде 47 тұрғын бір емес, бірнеше проблемаларды ортаға салып, көңілге қонымды жауаптарын алды. Әр облыстық және аудандық мемлекеттік қызметкерлер мен халық қалаулылары барлық айтылған ұсыныстарды назарға алып, жазып алды.