Бауырлас елмен байланыс беки түсті
Бауырлас елмен байланыс беки түсті
688
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстанға ресми сапармен кел­ген Әзербайжан Прези­денті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Келіссөздер алдында «Ақор­да» резиденция­сында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне рес­ми делегация мүшелерін таныс­тырды. Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшылары­на рапорт беріп, екі елдің мемле­кеттік әнұраны шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын құрамдағы кездесуден кейін екі мем­лекеттің ресми делегацияларының қа­тысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жал­ғастырды. Тараптар саяси, сауда-эко­номикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастықты нығай­туға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Әзербайжан ара­сындағы стратегиялық серік­тес­тік пен одақтастықтың негізгі мәсе­лелерін жан-жақты талқы­лады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Прези­дентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.
– Әзербайжан – бізге ма­ңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Ғасырлар бойы қа­лып­тасқан достық пен өзара қол­даудың мызғымас байланыс­та­рына сүйене отырып, біз бү­гінде шынайы стратегиялық серік­тестік пен одақтастық ру­хында дамып келе жатқан тиімді мемлекетаралық ынтымақ­тас­тық­ты жолға қойдық. Елдеріміз арасында қарқынды және сенім­ді саяси диалог орнады. Үкімет деңгейінде үйлесімді жұмыстар ат­қарылып, көпжақты платфор­малар аясында сындарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқанына тоқталды.
– Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі са­парыңыз аясында ынтымақ­тас­тығымыздың саяси тұғырна­ма­сына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қаты­настарға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттер екі елдің сау­да-экономика саласындағы қа­рым-қатынастарының ай­тар­лықтай ілгерілеп келе жатқа­ны­на көңіл­дері толатынын мәлім­деді. Был­тыр екіжақты тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан мен Әзербай­жанның эко­номикалық әлеуетін толық­қан­ды пайдалана отырып, бұл көр­сеткішті 1 миллиард дол­ларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды. Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Өз кезегінде Ильхам Әлиев Астанаға шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжай­лығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.
– Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келе­шегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ын­ты­мақтастықтың барлық сала­сының әлеуеті мол. Гумани­тар­лық саладағы ынтымақтас­тық­тың айрықша маңызды еке­нін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдасты­рылуы елдерімізді одан әрі жа­қындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мем­лекетаралық қарым-қатына­сымыздың негізі – осы гумани­тарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ын­тымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жа­тырмыз, – деді Әзербайжан Президенті.
Ильхам Әлиев бүгін екіжақты қарым-қатынастар бойынша ауқымды мәсе­лелер көтерілгенін және халықаралық мәселе­лер жөнінде жан-жақты келіс­сөздер жүргізілгенін айтты. Келіссөздердің қорытындысы бо­йын­ша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қа­зақ­стан Республикасы мен Әзербайжан Рес­публикасының Жоғары мемлекет­аралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды. Шағын және кеңейтілген құрамда өт­кен екіжақты келіссөздер қорытын­дысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иль­хам Әлиев бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері үшін бірлескен мәлім­деме жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде шақы­руын қабыл алып, Астанаға ресми сапар­мен келгені үшін Әзербайжан Пре­зи­дентіне ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі сапардың маңызы ерекше. Екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделген. Яғни, екі­­жақты ықпалдастықты одан әрі ны­ғай­­туға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін ша­ғын және кеңейтілген құрамда маз­мұнды келіс­сөздер өткіздік. Сауда-эко­номика, кө­лік-транзит, энергетика са­ла­ларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін тал­қы­ладық. Сондай-ақ мә­дени-гуманитар­лық байланысты терең­детуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев толық фор­матта өткен келіссөздердің нәтижесін жо­­ғары бағалады. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыс­тарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақ­тастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ой­ларын ортаға салды. Сондай-ақ екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі терең­детудің пер­спективалары мен бағыт­тарын тал­қылады. Мемлекеттер басшылары өткен жыл­дың қорытындысы бойынша екі ел ара­сын­дағы тауар айналымы жарты мил­лиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де, сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тарап­тар экспорттық-импорттық тауарлар но­­мен­клатурасын одан әрі кеңейту үшін пәр­менді шаралар қабылдауға уағ­далас­ты.
– Елдеріміздің мүдделі құрылым­да­рының (Экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сауда-экономикалық миссиялар, Іскер­лік кеңес, сауда үйлері) үйлесімді қызметі экономикалық ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте Транс­каспий халықаралық көлік бағытының (орта дәліздің) әлеуетін толық пайда­лану­дың маңызы зор. Бұл жерде логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логис­тикалық циклды қа­лып­тастыру туралы сөз болып отыр. Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жыл­дарға арналған Жол карта­сын тиімді жү­зеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың арт­қанын толыққанды пайдалана оты­рып, оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп ұйғар­дық. Бұл шаралардың барлығы, сондай-ақ халық­аралық серіктестерімізбен ара­дағы ты­ғыз ынтымақтастық «Шығыс-Ба­тыс» ба­ғыты бойынша жүк жеткізудің тұ­рақ­тылығы мен жеделдігіне кепілдік беруге ықпал етеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында энергетика сала­сындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энер­гия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.
– Қол жеткізген уағдаластық­тары­мыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан ар­қылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу ба­ғытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пай­далана отырып, аталған маңызды бас­тамаларды жеке қолдағаны үшін Әзер­­байжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым ке­леді. Біз экономикамыздың жаңа «өсім дең­гейі» бола алатын серпінді инвес­ти­ция­лық жобаларды іске асыруға арнайы тоқтал­дық, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ын­ты­мақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қар­қынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стра­тегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Со­ны­мен қатар әзербайжандық серіктес­тер­ге мемлекеттік қызметтерді цифрлан­дыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пай­далану ұсынылады. кездесу Бұдан бөлек, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстың мазмұнын байыту үшін жан-жақты ық­пал етуге ниетті. Әзербайжанда Қазақ­станның мәдениет күндерін өткізу осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Елі­міз­де Әзер­байжанның мәдениет күндерін ұйымдас­тыру туралы уағдаластық бар. Қазақстанда өткізілетін бірқатар іс-шара Әзербай­жанның жалпыұлттық көш­бас­шысы Гей­дар Әлиевтің 100 жылдығына арналады. Тараптар жастар саясаты, білім беру, ме­диасфера және контент алмасу салала­рындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қабылданып жатқан шараларды құптады. Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарна­лар­дың хабарын таратудың, сондай-ақ ани­мация­лық фильмдер дистрибуциясы ту­ра­лы уағдаластықтарды жүзеге асыру­дың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар тараптардың халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы ай­тылды.
– Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпжақты құрылымдар аясында өзара табысты ынтымақтастық орнатқан. Көп­теген өзекті халықаралық және өңірлік мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ. Осы ретте Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы келіспеу­шіліктерді дәстүрлі түрде дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтынын, сондай-ақ тараптардың бейбітшілік шартын тезірек жасау жөніндегі күш-жігерін құптайтынын атап өткім келеді. Жалпы, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті ны­ғайту үшін өзара қолдауды жалғастыру және бірлескен шаралар қабылдау қа­жеттігі туралы пікірлеріміз ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға жасаған ресми са­парының қорытындысына көңілі тола­тынын жеткізді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы, мен Қазақстанда өз үйімде жүр­гендей сезінемін және жиі келемін. Қазақстан Президентін қоғамның барлық саласын қамтитын реформаларды сәтті жүзеге асыруымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ бауырлас елді дамыту ісі­нде табыс тілеймін. Біздің өңірде бейбітшіліктің сақталуын көздейтін Қазақстанның ұста­нымы зор құрметке лайық. Қазақстанның халықаралық аре­надағы беделін, аса маңызды жаһандық мәселелер жөніндегі салмақты ұста­нымын ерекше атап өткім келеді. Қазақ­стан әлемдік қоғамдастықта үлкен құр­метке ие. Мен өз тарапымнан Әзербай­жанда Сізді құрметтейтін, баға­лайтын бауырларыңыз тұрады деп тағы да айтқым келеді. Біз Қазақстанның көр­сеткен және көрсетіп келе жатқан тілеу­лес­тігі үшін ризашылығымызды білдіре­міз. Бауырлас Қазақстан халқына деген туыстық сезімді арттыра беру үшін бәрін жасаймыз, – деді Ильхам Әлиев.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Әзербайжан Президентінің ресми сапары аясында «Астана» халықаралық қар­жы орталығын аралап көрді. Мем­­­ле­кеттер басшылары АХҚО-дағы Ха­лы­қаралық соттың жұмысымен та­нысты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Орталық Азиядағы ағылшын құқығы нормалары мен қағидаттарына не­г­із­­делген ең алғашқы сот жүйесі тура­лы баяндады. Ол соттың АХҚО-дағы аза­маттық және коммерциялық дау­ларды шешу үшін ең үздік халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Орталықтың Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің, бизнесті дамыту жөніндегі тобының, «АХҚО-дағы венчурлық қаржыландыру және техно­логиялық инновацияларды дамыту ту­ралы» Тех Хабының жұмысымен та­ныс­ты.Сонымен қатар екі ел президенттеріне Экспат орталығының «АХҚО-да тіркел­ген компанияларды «бір терезе» қағи­даты бойынша қолдау қызметі» туралы мәлімет берілді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ре­нат Бек­тұров мемлекеттер басшыларына АХҚО-ның жұмысы туралы баяндады. Іс-шара соңында Әзербайжан Пре­зиденті «Ас­тана» халықаралық қаржы ор­талы­ғының Құрметті қонақтар кіта­бына қолтаңба қалдырды.