Сот сараптамасы қандай да бір іс бойынша шешім шығаруда нақты дәлел-дәйек ұсына алады. Сауатты жүргізілген сараптама істің соңғы нүктесін қоюда шешуші мәнге ие. Оның үстіне, әр істің артында адам тағдыры тұрғанын ескерсек, сараптаманың сапасына айрықша мән берілгені жөн. Әйтсе де, саладағы маман тапшылығынан сарапшылардың жүктемесі еселеп арта түскен. Бұл сайып келгенде, әлгінде айтылғандай сараптаманың сапасына кері әсер етуі бек мүмкін.
Білікті сот сарапшылары істің құпиясын ашуда тергеушіге тың мәліметтер ұсынып жатады. Ғылымға негізделген сот сараптамалары объективті тергеу жүргізудің алғышарты. Біздегі мемлекеттік сот сараптама қызметіне Әділет министрлігі жауапты. Аталған министрлікке қарасты Сот сараптамалары орталығында сот-сараптамалық зерттеудің 57 түрі жүргізіледі. Алайда жыл өткен сайын мекеме жүргізетін сот сараптамаларының саны артып, күрделене түскенімен орталықтағы штаттық бірлік 1998 жылдан бері өзгермеген екен.
Осыдан барып сот сарапшыларына артылатын жүктеме 2 есеге дейін артқан. Оның ішінде сот-психиатриялық, құрылыс, экономикалық, өрт-техникалық бағыттарда сараптама жүргізетін мамандардың жүктемесі тіптен 3 есеге дейін ұлғайған көрінеді. Әрине, жекелеген мамандарға шектен тыс жүктеме арту сараптама жүргізудің мерзімін сақтауға мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Сәйкесінше, сараптаманы бұған дейін 1 айдың ішінде аяқтайтын мамандар енді оны 6-8 айға дейін созуға мәжбүр. Бұдан жұмыстың сапасы төмендеп, халық тарапынан сот сараптама қызметіне деген сенімсіздік туындап жатады.
Сенатор Ақмарал Әлназарова сот сарапшыларының тапшылығын бірнеше фактормен байланыстырады.
«Зиянды ортада және шектен тыс психоэмоционалды жүктемемен жұмыс істеу, осы кәсіп беделінің тым төмен болуы тәжірибелі сот сарапшыларының басқа салаға кетуіне ықпал етіп жатыр. Оған қоса жалақының аздығы да мемлекеттік сот сараптама қызметінде еңбек еткісі келетіндердің құлшынысын жойып жібергендей. Оның үстіне, бұл мамандарға жүктелген міндет те жеңіл емес. Өткен жылы сараптамалар саны 13,5 мыңнан 184 мыңға дейін өсті. Есесіне қазір бұл салаға 133 маман жетіспейді», дейді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Ал Үкімет сот-сараптама қызметін жетілдіру тетігі Ұлттық даму жоспарында, құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында жан-жақты қарастырылғанын хабарлады. Аталған құжатта қызметті мемлекеттік және жеке секторға теңдей бөлу, сот сараптама орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жан-жақты пысықталған екен. Қызметкерлердің айлық жалақысын өсіру үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен 1 млрд 953 млн теңге бөлініпті. «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасы шеңберінде, сала мамандарының орташа жалақысын республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен 2029 жылға дейін ұлғайту көзделген.
Қысқасы Үкімет құр бекерге қарап отырмаған сыңайлы. Әйтсе де, қолға алынған кешенді шаралардың аз уақыт ішінде нәтиже көрсете қоймайтыны анық. Ал сот ісін жүргізуде сапалы, сауатты сараптамаға деген сұраныс артпаса, кеми қойған жоқ.
Білікті сот медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров бұл мәселенің туындауының негізі себебі ретінде салаға маман даярлау ісіне лайықты көңіл бөлмеу мен қолда бар ресурсты дұрыс пайдаланылмайтындығын атайды.
– Бұрын медициналық жоғары оқу орындарында «Сот-медициналық сараптама» кафедрасы болатын. Қазір маман даярлаушы кафедра тұрмақ, болашақ сот медициналық сарапшыларды оқытып-үйрететін профессор-оқытушылар да жоқ. Кезінде арнаулы мамандық ретінде оқытылған сала қазір элективті курсқа айналды. Яғни, бұл курсқа қатысып-қатыспауды студенттер өздері шешеді.
Рас, соңғы жылдары медициналық жоғары оқу орындарында сот-медициналық сараптамасы бойынша интернатурада оқыту қолға алынды. Бірақ оларды оқытатын білікті мамандардың өзі тапшы болып тұрғанда, жас мамандардың сапалы білім алатындығына күмән бар, – дейді спикер.
Сарапшының айтуынша, сала бәсекелестік ортаға берілгенімен мемлекеттік және жекеменшік сот-медициналық сараптама қызметінің мүмкіндіктері теңдей пайдаланылмайтын көрінеді. Мемлекеттік сот сарапшылар жүктемеден бас көтере алмай жатқанда жеке сектордағы білікті сарапшылар ескерусіз қалғандай.
– Біраз уақыт бұрын Әділет министрлігі сот-медициналық сараптама қызметін аутсорсингке берген. Кейіннен ведомство бұл бағдарламаны тиімсіз деп тапты. Қазір жеке сектордағы тәжірибелі сот сарапшыларына көп жүгіне бермейді. Өзім де 2017 жылдан лизенция алып, жеке сот-медициналық сарапшы болдым. Байқағаным, жеке сектордағы сарапшылар адвокаттардың сұранысы бойынша қорытынды әзірлесе оны судьялар мен прокурорлар жаратпай жатады. Жеке меншік сарапшыларға сенімсіздікпен қарайды. Ал заң тәуелсіз сарапшылардың қызметіне тыйым салмайды.
Негізінен жеке сот медициналық сарапшы ретінде лицензияны 10-15 жылдық тәжірибесі бар мамандар алады. Демек, олардың біліктілігі жоғары. Қарым-қабілеттері де жеткілікті. Мемлекеттік және жеке сот-медициналық сарапшылардың жүктемесі теңдей болса, онда салада маман тапшылығы байқалмай қалар еді, – дейді Тахир Халимназаров.
Құқық қорғаушылар да істі жүргізудегі, ол бойынша тиісті қорытынды шығарудағы сот сараптамасы қызметінің рөлін жоққа шығармайды. Олар да сарапшылардың тапшы болуы істі қарау мерзіміне әсер ететінін тілге тиек етеді.
– Әрине, сотта қаралып жатқан іс бойынша судьяның қандай да бір шешім қабылдау кезінде сот сарапшыларының іс бойынша жасаған қорытындысының маңызы зор. Бірақ, сарапшының берген қорытындысын істі қарау барысында қабылданатын шешімнің негізіне алу-алмауды төрағалық етуші судья шешеді. Сараптаманы, көп жағдайда, сотта төрағалық етуші судья өзі немесе іске қатысушылардың өтінішхаты бойынша тағайындайды. Ал, сараптаманың қорытындысы қылмыстық іс бойынша кінәлі тұлғаның (сотталушының) қылмыстық құқықбұзушылық әрекетін дұрыс саралануына ықпал етеді. Ал азаматтық істер бойынша сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығында бағалануға тиiс екені «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 12 тармағында көзделген (бекітілген). Өкінішке қарай, мемлекеттік сот сараптама қызметінде жалақының төмен болуынан білікті сарапшылар бұл саладан жеке сарапшы ретінде Сарапшылар палатасына мүше болып, дербес жұмыс істейді. Оның үстіне, сарапшылардың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша іс жүргізетін сарапшыға мәйітке сараптама жүргізіп, қайтыс болған адамның өлімінің себебін анықтауға тура келеді.Бұл дегеніңіз, оңай шаруа емес. Мұнда сот-медициналық сарапшының білімі және біліктілігі, қабілеті жан-жақты сыналады. Ал олар күніне түрлі іс бойынша бірнеше мәйітке сараптама жүргізуі мүмкін. Шектен тыс жүктеме мен еңбектің лайықты бағаланбауынан сарапшылардың мемлекеттік сот сараптама органдарынан кетіп қалуынан, сарапшылардың тапшылығы туындайды. Бұрын-соңды өз тәжірибемде кәсіби біліктілігі жоғары сарапшылардың жетіспеушілігіне байланысты істер бойынша сараптама қорытындысы дайын болмауынан азаматтық, қылмыстық істерді қарауды кейінге қалдырған сәттеріміз де болды, – дейді заңгер Мирас Тұрғынбаев.
Қысқасы, сот сарапшыларының тапшылығы соттың қарауындағы іс бойынша «қара қылды қақ жарған» шешім шығаруға кедергі келтіруі ғажап емес. Ал бұл фактор адам тағдырына әсер ету мүмкін екенін ескерсек, сот сарапшыларының азаюы мәселесіне баса назар аудару керек-ақ. Сарапшы қызметінің беделін өсіру, білікті маман даярлаудан бастап оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасауға дейін жалғасатын ауқымды шараларға селқос қарауға болмайды.