Жүректің қалауына ешкім қарсы шыға алмайды. Демократиялық қоғамда талғамға талас тудыру да қиын. Оның үстіне, біреудің жеке өміріне қол сұғу да заңға қайшы екенін қоссақ, аралас некені қалыпты жағдай ретінде қабылдаудан басқа амал жоқ. Аралас некеге қатысты қоғам белсенділері ауық-ауық мәселе көтеретіні бар. Жақында бұл тақырып Мәжіліс депутатының аузынан шыққаны сол екен, сыздап тұрған жараның беті қайта ашылып, елдің пікірі екіге жарылды. Көтерілген тақырыпты бірі қолдаса, енді бірі қарсылық танытып әлек.
Депутат Қарақат Әбден Парламентке келмес бұрын аралас неке туралы мәселені азамат ретінде сайлауалды бағдарламасында көтерген. Мәжіліске келген соң журналистердің сауалына жауап берген ол «қалыңдық салығын» әлі де қарастыру керектігін жеткізген болатын. Депутаттың айтуынша, шетелдіктермен некеге тұруға салық салу туралы ұсынысына себеп болған жайт көп. «Жастар мұндай қадамға шынайы, таза сезіммен барса, онда «Бақытты болыңдар!» деп айтқым келеді. Өкінішке қарай, бұл қадамға басқа есеппен баратын жастардың саны көбейіп барады. Сондықтан шетелдіктермен некелескен кезде салық салу керек», дейді депутат.
Ұсынысты құп көретін Үкімет жоқ
Алайда бұл жолы ұсыныс қаралып кетуден қатты қорықты ма екен, аралас некені қолдаушылардың өзі елден бұрын атқа қонуға бекінген секілді. Құқық қорғаушы, NeMolchi.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қарақат Әбденнің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желіде «депутат әйелдердің құқықтары туралы конституциялық нормаларды сақтамай отыр» дегенді алға тартып, депутаттық мандатынан айыру үшін петиция жариялап үлгеріпті. Оның айтуынша, ол әйелдердің құқықтарын кемсіту, жыныстық және ұлттық негіздер бойынша конституциялық емес нормаларды ілгерілету ниетін растаған. Қоғам белсендісі «Бұл Қазақстан Конституциясының 39-бабын бұзу болып табылады» дейді. Ал «қалыңдық салығы» туралы ұсыныс тастаған депутаттың өзге әріптестері жеке ұсыныс пен азаматтық пікірі үшін мандаттан айырудың дұрыс еместігін алға тартады. Мұндай мәлімдеме жасалған күннің өзінде әзірге «қалыңдық салығын» міндеттейтін заң қабылдау мүмкін емес. «Кез келген заң алдымен логикаға құрылады. Бірақ бұл біздің заңнамаға да, ұлттық менталитетімізге де келмейтін дүние. Өзім қарсымын. Себебі Конституцияда әйел, не ерлерге қатысты жекелеген шектеу жоқ. Жалпы бұл ұсыныс заңымыздың негізіне қайшы келеді. Меніңше, мұндай заң қабылдау мүмкін емес», – дейді Абзал Құспан.
– Біріншісі, шекара ашық. Бұл қазақстандықтардың да әлемнің барлық елімен саяси-мәдени қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді. Екіншіден, қыз-келіншектер көп жағдайда экономикалық дамыған, өмір сапасы жоғары мемлекеттердің азаматтарына тұрмысқа шығып жатыр. Бұл олардың аралас некенің артында экономикалық қызығушылықтардың да рөл ойнайтынын растайды. Үшіншіден, әлеуметтік желілердің дамуы да аралас некенің артуына себеп болып отыр. Ерлерге қарағанда қазір шетелдікке тұрмысқа шыққан әйелдер көп. Ал аралас некенің қандай қаупі бар? Алдымен демографияға қауіп. Еліміз адам саны бойынша көршілес елдерге қарағанда өте төмен. Сондықтан әйел адамдарды демографиялық әлеуетті жоғарылататын ресурс ретінде қарайтын болсақ, елімізден ана болуға лайықты жастағы қыздардың басқа елдің ұрпағын көбейтуі демография өсіміне едәуір кедергісін келтіреді. Одан кейін шетелге кеткен қыздардың көбісі жоғары білімді. Көзі ашық, көкірегі ояу мамандардың тапшылығы еңбек нарығына кері әсерін тигізеді. Ең маңыздысы бұл емес. Аралас некенің қоғамға қауіп-қатерінен гөрі қыздардың жеке басына түсетін қауіп одан да жоғары. Мысалы, шетелге кеткен қыздардың арасында да ажырасу бар. Олар ажырасқан жағдайда заң тұрғысынан шетелдік күйеуінен көп ұтылып жатады. Сондай-ақ көп жағдайда өз мамандығы бойынша жұмыс табуға қиналады. Жат жұртта кәсіби маман ретінде өздерін көрсетуі де қиын, – дейді Жанар Әбдіуақанқызы.
Аралас некенің артында азаматтық алу бар
Заңгер Ердос Хамзиннің айтуынша, әлемдік тәжірибеде де, біздің елде де шетел азаматтары азаматтық алу үшін некеге тұру арқылы «жеңілдікке» ие бола алады екен. Мысалы, шетел азаматы Қазақстан территориясына азаматтық алу туралы арыз берген күннен бастап 5 жыл Қазақстанда тұратын тұрса, азаматтық алуға кандидат болуына құқығы бар. Ал қазақ азаматымен некеге тұрса, 2 жылға қысқарады. Сонда аралас некеге тұрса үш жылда «Қазақстан азаматы» атана алады. Ал КСРО елдерінің азаматтары Қазақстан азаматымен некеге тұратын жағдайда некеге тұрған күннен бастап азамат атануына мүмкіндік берілген. Дегенмен «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес, мақсаты отбасын құру емес, азаматтық алу екені расталған жағдайда неке жарамсыз деп танылады. «Біздің тәжірибеде де «некені жарамсыз» деп таныған оқиғалар болды. Бір жылдары Алматыда шетел азаматтары Қазақстанда қалу үшін біздің елдің қыздарымен екіжақты келісіммен ақша беріп некеге тұрған. Оны құқық қорғау органдары анықтаған еді. Тағы бір мәселе, Араб елдерінде қыздарды өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына тыйым салынған заң қолданыста бар. Бірақ бұл заңды айналып өтетін әлемдік келісімшарт бар. Мысалы, араб қыздары басқа елдің азаматының заңымен тұрмысқа шығып кетуі мүмкін. Ондайды заң ғылымында «ақсақ неке» деп айтады. Мысалы, бізде де ондай бар. Қазақ қызы Иранның азаматына екінші әйел ретінде тұрмыс құрса, бұл некені біздің ел мойындамайды. Бірақ ол сол елдің заңымен заңды.
Фольклортанушы, этнограф Берік Жүсіпов аралас некені «ұлтты дүбара етудің тура жолы» деп отыр. Оның сөзінше, бұл үдеріс бұрын, ата-бабамыз аттың белі, атанның қомында жүріп, көшпелі мәдениет үлгісін тұтынған кеңбалақ дәуірде онша қауіпті емес еді. Ал бүгінгі таңда, ұлт қалалық өркениеттің игілігі мен қасіретін тең бөліп отырған дүдамал дәуірде ең қатерлі жағдайға айналды. Бұрынғы қазақ жаугершілік заманда олжаға қыз алған, біздің баһадүр бабалардың асыл аналарының дені қалмақ қыздары. Кейбір қазақ ертегілері сюжетіндегі «алтын шашты» арулар славян текті халықтардың сұлулары болуы бек мүмкін. Әкелеріміз Ұлы Отан соғысы жылдары, ағаларымыз кеңес әскері қатарында, Отан алдындағы борышын өтей жүріп те, орыстан қыз алу үрдісін тоқтатқан жоқ. Осылай деген ол: «Сол үшін біздің ұлдарымыз да, қыздарымыз «қазақ жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалсын, ұлттық сипатымыз мәңгі жасасын» десе, ойлану керек. Ал алғаны орыс, жатқан жатыры шүршіт, тигені зәңгі мен қытай болса, мұны намыс санамай-ақ қойса да болады. Өйткені енді олардан қазаққа қайыр жоқ!», – дейді.
Шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытын басқа ұлттан тапқан жеке адамдардың тағдыры ұлттық трагедияға айналса, қайтпек керек? Сондықтан «қалыңдық салығын» қолданысқа енгізіп, бұрымдылардың басқа ұлттың түтінін түтетіп, ұрпағын көбейтуіне тыйым салу заңға қайшы шығар. Алайда аралас неке арқылы азаматтық алуды көздейтіндердің жолын бөгеп, шетелдік күйеубалаларға берілетін «жеңілдікті» қайта қарастыру Конституцияға қайшы келмесе керек-ті.