Ғылымды дамыту – басты бағдар
Ғылымды дамыту – басты бағдар
1,141
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Пре­зи­дент жа­нындағы Ғылым және тех­но­логиялар жө­ніндегі Ұлттық кеңес­тің алғашқы оты­рысын өткізді. Жиын­да еліміздің ғылыми-техни­калық саясатының алдағы басым­дықтары айқындалды. Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті.
– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қа­зіргі озық техноло­гия дәуірінде ғы­лым­сыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойын­ша сайлау алдындағы бағдар­ла­мада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғы­л­ымды дамыту – мемлекет саясатын­да­ғы ең маңызды бағыттың бірі. Өкініш­ке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған бас­а назар аударылған жоқ. Соған бай­ла­нысты шешімін таппай жатқан мә­се­лелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деу­ге болады. Біз өркениетті ел боламыз де­сек, осы олқылықтың орнын толты­руы­мыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ғылым мен техноло­гия­ның өте қарқынды дамып жатқанына тоқ­талды. Оның ай­туынша, ғылым сала­сы қаржы айналымы мил­лиардтаған дол­ларды құрайтын алып ин­дус­трияға ай­налды. Технологиялық ірі кор­пора­ция­­лардың құны триллион долларға жет­кен. Ней­рожелі және жасанды ин­тел­лект революциялық үдерістерге бас­тау болып жатыр.
– Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейім­делуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғы­лынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетіс­тіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әр­дайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре ал­сақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс бол­ғанын атап өтті. Атап айтқанда, ғылымды қар­жыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр.
– Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюд­жеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұм­салады. Қалған 18 пайызы ғана тәжі­рибе­лік-конструкторлық зерттеулерге арнал­ған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия сала­сындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндіріс­тің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микро­электро­ника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көр­сетеді. Ғылымның анағұрлым озық сала­лары бойынша тым артта қалып келе жа­тырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырма­шылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мә­селе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса ма­ңызды рөл атқаруға тиіс, – деді Мем­лекет басшысы.
алғашқы отырыс Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақ­станда ғылымның ашық моделін қалып­тастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды да­мы­тудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекі­тіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Оның ай­туын­ша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен ин­вестициялық преференцияларды «ау­қым­ды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет ко­декстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.
– Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылыми-жара­тылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен инсти­туттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн деп санайды. Президент сондай-ақ уәкілетті органға жыл сайын докторантураға қабыл­дана­тындардың санын 5 мыңға дейін жеткізуді тапсырды. Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төле­нетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру міндетін жүктеді.
– Елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек. Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осын­дай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, грант­тармен қамтамасыз етілген ғылыми жоба­лар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет. Қа­зір көптеген ғылыми мекеменің мате­риал­дық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жа­лақысы төмен. Сол себепті кейбір дарын­ды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс. Ғылыми-зерттеу институттарының жұмы­сы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес, Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерек­ше болатынын айтты. Жақында Ғылым академиясына Президент жанындағы ор­ган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріп­тестігіне негізделуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдары­мызға толық сай келеді. Президент сөзін қорытындылай келе, елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалым­дардың жаңа буыны шығатынына нық сенімді екенін айтты және жиынға қатыс­қан ғалымдарды Ғылым күнімен құт­тықтады. Кеңес отырысында Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті Күнсұлу Закарья, Пурду университеті (АҚШ) Ядролық энергетика мектебінің профессоры Зине­тола Еңсепов, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, Густав Рози инсти­тутының (Франция) директоры әрі қауым­дастырылған профессор Мұрат Сапарбаев, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Экономика институты жаһандану және халықаралық ынтымақтастық бөлі­мінің бас ғылыми қызметкері Оразалы Сәб­ден, Аустрия ғылым және технология ин­ститутының қауымдастырылған про­фес­соры Жәнібек Әлпейішев және Лос-Аламос ұлттық зертханасының (АҚШ) ғылыми қызметкері, техника ғылым­дарының кандидаты Дияр Талбаев сөз сөйледі.