Болашақ ұстазға кумир керек – Жайнагүл Дүйсебекова
Болашақ ұстазға кумир керек – Жайнагүл Дүйсебекова
1,671
оқылды
Мықты мұғалімдерді даярлау үшін жоғары оқу орындарында қандай амалдар іске асырылуы керек? Саладағы жаңа бағыт­­­тардың бірі – әлеуметтік педаго­­­гика нені үйретеді? Ұлттық біліктілік емтиха­нынан педа­­гогтар неге сүрінді? Осы мәселелер жөнінде Сулей­­­ман Демирель атындағы уни­­вер­­­ситеттің педа­­­гогика және гумани­­­тарлық ғылымдар фа­­­культеті дека­­­ны, PhD, қауым­­­дас­тырылған профес­сор Жайнагүл Дүйсебе­ко­вамен сұхбаттастық. – Елімізде мұғалім мамандығының мәрте­бесін көтеруге бағытталған іс-шаралар қолға алынғалы бері педагогикалық бағытты таңдай­тын мектеп түлектері көбейді. Бұл үрдіс бола­шақта саны бар, сапасы жоқ мамандар толқынын қалыптастырмай ма? – Иә, жалақының өсуі, мұғалімдер мүмкін­дігінің кеңеюі, грант санының көбеюі деген сияқты амалдар, бір жағынан, шынымен бұл мамандықтың қоғамдағы мәртебесінің жоға­рылуына ықпал етіп жатыр. Бастапқыда мектеп түлектерінің педагогикаға бет бұруына сондай тәсілдерді де қолдануға болатын шығар. Бірақ бұлар – қысқамерзімді әсер ғана беретін, белгілі бір деңгейге дейін ғана қызығушылықты ұстап тұра алатын дүниелер. Сондықтан түлектердің педагогиканы саналы түрде таңдап келуіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Ол үшін, біріншіден, мектепте кәсіби бағдарлау жұмыстары мықты жүргізілуі керек. Қазір алдымызға келген мектеп түлектерінен сұрасаң, жазуы керек төрт маман­дықтың қайсысына басымдық қоюды біле бер­мейді. Негізі мамандықты 10-11 сыныптарда таң­дау өте кеш: бала ес біліп, ішкі дауысын естіп, өз қабілеттерін тани алатын 7-8 сыныпқа көшкен кезінен бастап оған дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Қазір бұл рөлді кейбір мектептерде – сы­нып жетекшілері, кей мектептерде ішінара пси­хологтар атқарып жүр. Асылында осындай мә­се­лелерге әлеуметтік педагогтарды тарту керек. Екіншіден, қоғамда мұғалім мамандығын популизациялап, оларға қатысты қате стерео­типтерді жою қажет. Бізде, мәселен, «мұғалімдер үнемі қағазбасты», «мектепте жұмыс істеу қиын», «сабақ беріп қана жүре береді, өзін-өзі дамытуға уақыты жоқ» деген сияқты пікірлер қалыптасып қалған. Солар жойылғанда ғана баланың бұл мамандыққа қызығушылығы ашылады, ата-ана да қорықпай баласын педагогикалық оқу орнына түсіреді. Сосын ІТ саласы дегенде бірден Билл Гейтс, Илон Масктың есімдері қатар аталады ғой. Сол секілді, педагогикада да үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау керек. Мектеп жасындағы балалар еліктеуге бейім, олардың сол қасиетін жақсы жаққа пайдалану керек. Тағы бір назар аударарлық тұс мынау: педагогиканы таңдаған түлектерге арнайы емти­хан бар. Бұл – өте жақсы бастама. Ол бізге, ең азында, алдымызға келген түлектің педагогикаға бейімдігін анықтауға мүмкіндік беретін жақсы құрал. Жоғары оқу орындары өзара бірігіп, соны жүйелі түрде жасау жолдарын жетілдірсе жөн болар еді. Жүйелі емтиханның нәтижесінде «мы­на баланың мынадай проблемасы бар екен, сондықтан біз мына тұсқа көбірек көңіл бөлуіміз керек» деген секілді тұжырымдар, нақты қадам­дар жасай алар едік. ұстаз – Әлгінде әлеуметтік педагог деп қалдыңыз. Бұл жаңадан қосылған мамандық па? Оны бітірген түлектер немен айналысады? – Әлеуметтік педагогика – біздің универси­тетте соңғы екі жылда ашылған жаңа маман­дықтардың бірі. Оның атауына министрлік та­ра­пынан ребрендинг жасалды. Бастапқы атауы – өзін-өзі тану мұғалімдерін даярлау болатын. Кейін бағдарламадан бұл пән алынып тас­талғандықтан, жоғары оқу орындары оны өзде­рінше түрлендіріп, сәйкесінше атауын ауыст­ыр­ды. Біз сол маман­­дықты әлеуметтік педагогикаға қарай бейімдеуге тырысып жатырмыз. Қазір мек­тептің өзінде де әлеуметтік педагог не істейді десе, ешкім тап басып айта алмайды. Өйткені оның функцио­налдық міндетін кей жерлерде – мектеп директо­рының орынбасарлары, кей жерлерде сынып жетекшілері атқарып жүр. Расында оның қызме­тіне көп нәрсе кіреді. Әлеу­меттану ғылымында әлеуметтік топ деген ұғым бар, оның бір мысалы ретінде мектептегі көп­балалы отбасылар, жағдайы төмен отбасыларды айтуға болады. Олардың қоғамға адаптациялануы үшін, басқалармен тең дәрежеде білім алуына әлеуметтік я болмаса психологиялық кедергі болмас үшін белгілі бір шаралар керек. Бастауыш, орта, жоғары деп бөлінетін сыныптардың өзі – әртүрлі әлеуметтік топ. Мектептегі іс-шаралар шарт­ты түрде бөлініп жасалады, бірақ олардың ғылыми түрде негіз­де­месі, қазақстандық реалия­ларға арналған зерт­теулер жоқ. Сол зерттеулерді жасайтындар – әлеу­метік педагогтар. Олар бүкіл пән оқытушыларына көмектесуі керек, мек­теп­терде психологпен тығыз жұмыс істеуі керек. Кәсі­би бағдарлау жұмыстарын да әлеуметтік педагог атқарса жақсы болар еді. Қазір біз соны да оқу бағдарламасына қосуға әрекет жасап жатырмыз. – Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын, мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендететінін, сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сіздіңше, отандық оқу орындарында педагогиканы оқытудағы қандай олқылықтар бар? – Ең әуелі, педагогика деген сөздің өзін тек практика ретінде қабылдауды тоқтату керек. Педагогика – үлкен ғылым. Кез келген тәжіри­бе­нің қазығы – зерттеулер. Бірақ қазір елімізде нағыз педагогикаға бағытталған, әсіресе тәуел­сіздік алғаннан кейінгі қазақстандық реалияларға негізделген зерттеулер аз болып тұр. Мысалы, бүгінде мектепте мұғалімдер әдіс-тәсілдерге ғана көңіл бөліп кетті. Түрлі байқауларға қазылар алқасының құрамында отырып байқаймын, «мына сыныпқа мына методиканы қолдандым» дейді де, дәл сол әдістің дәл сол сыныпқа келетіні туралы негіздеме бар ма десең, жауап бере алмайды. Ең басты мәселе осы. Мектептерге кадр жетіспейді дейміз, шын­дығында ЖОО-да осы кадрларды даярлайтын кадрлар жетпейді. Профессор-оқытушылық құрамды қарасақ, онда кеңестік кезеңде білім алған жасы үлкен кісілер бар, сосын өте жас буын бар. Орта буынды таппайсыз. Көбі өндіріске кетіп қалған. Мойындау керек, кейде тіпті бір педагогтарға ЖОО-лар өзара таласып жүреміз. Кей мұғалімдер мына университеттен де, ана университеттен де жүктеме алады. Біз қазір өз оқу ордамызда «Жас маман» деген бағдарлама ашып жатырмыз, соның аясында түлектерімізді алып қалып, магистратурасын оқытып, докто­рантурасын жалғастыруына жағдай жасап, кадр жетіспеушілігін осылайша толтыруға әрекет етудеміз. Үшіншіден, жоғары оқу орындары арасын­дағы коллаборацияларды күшейту керек. Қазір әрбір ЖОО шетелдік серіктес табуға тырысады да, бірақ өз арамызда коллаборация аздау. Төртіншіден, бағана айтқанымдай, зерттеу­лер аз болғандықтан, әдебиеттер де аз. Мысалы, бүкіл педагогикалық мамандықтарда оқыты­латын «Педагогика» деген міндетті пәніміз бар, сол пән бойынша ұсынатын оқулықтарды санасақ, онға жетпейді. Кейбірінің мазмұны өзара ұқсас. Бесіншіден, біздер, педагог даярлайтын ЖОО-лар өндіріспен, яғни мектеппен және балабақшамен байланысымызды үзіп алдық. Кімді даярлап жатқанымызды кейде білмей қаламыз. Бұрын оқу бағдарламасын универ­ситеттер өздері жасайтын, ендігі уақытта онымен ақылдастық кеңес айналысады. Сол ақылдастық алқасына практиктерді қосу керек, солайша жұмыс берушілермен байланысты тығыз орнату керек. Практик мамандарға университеттерге сабақ беруге мүмкіндік жасаған дұрыс. Сон­дықтан бұл тұста мемлекеттің ЖОО мамандарына деген талаптары (мәселен, маманның PhD дә­режесі болуы керек деген ескілді) қолды бай­ла­мас үшін оларды жұмсарту керек те шығар, бәлкім. болашақ ұстаздар Тағы бір қынжыларлық жайт, педагогикада жаңа бетбұрыстарға дайындық нашар. Заманның ілгерілеуімен инклюзивті білім беру, кибер­педагогика, арнайы педагогика деген бағыттарға қоғамда сұраныс артып жатыр, сол сұранысқа жауап бере алатындай дайындық керек. Одан бөлек, педагогтарды даярлайтын универ­­ситеттерде педагогикалық этиканы, педагогтың сөйлеу мәдениетін үйрететін, педагогикалық шеберлікті ұштауға көмектесетін орталықтар, алаңдар болса игі. – Ұлттық біліктілік емтиханынан педа­гогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі өте алмағаны белгілі, мұның себебі неде деп ойлайсыз? Министрлік дайындаған тап­сырмалар тым күрделі болды ма, әлде бұл жайт отандық педагогтардың білім деңгейінен хабар бере ме? – Кез келген жүйе бас­тапқыда кемшіліктер болады. Осыған педагогикалық оқу орындарын бітірген тү­лектердің ұлттық білік­тілік емтиханын тапсыру мәселесін де жатқыза аламыз. Иә, қазір педа­гогикалық мамандық­тарда оқыған түлектердің шекті ұпайды жинау көрсеткіштерінің төмен болғандығы тілге тиек етіліп жүр. Мұның жоға­ры оқу орындарында оқы­тылатын оқу бағдар­ламалары мен Ұлттық біліктілік емтиханындағы сұрақтардың сәйкес келе бермеуі (қазіргі таңда кәсіби пәндердің маз­мұнын әр ЖОО өзі дайын­дайды, ал сұрақтарды құрастырған мамандар оны ескермеуі мүмкін), алғашқы жылдары бітіруші түлектердің емтихан тапсыруға деген психо­логиялық тұрғыдан дайын еместігі, әсіресе педагогика және психология пәндерінен оқу әдебиеттеріміздің әлі де аударма мәтіндерінің үдесінен шыға алмауы сияқты бірқатар себебі болуы мүмкін. Әрине, педагогика кадрларын даяр­лаушы жоғары оқу орындары ретінде түлек­теріміздің дайындық сапасын да жоққа шығар­маймыз. Қазіргі осы үдеріске жауапты әр тарап өзіне тиісті жауапкершіліктерді толық түсінді деп ойлаймын. Біз де өз кезегімізде сондай оқу орын­дарының бірі ретінде түлектерімізді нағыз емти­ханға дейін сынама емтиханнан тегін өткізу, бі­лім алушыларды дайындап отырған өз оқыту­шыларымызға осы емтиханды тапсыруға мүм­кіндік беру, педагог мамандарға қажетті базалық кәсіби пәндеріміздің мазмұнын жетілдіру секілді жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз. – Бұрнағы жылдары оқулықтардың тіліне, мәтіннен тыс аппаратына қойылатын психолин­гвистикалық талаптар деген үлкен жобаны жүзеге асырушылардың бірі болған екенсіз. Зерттеу нәтижесінде қандай тұжырымдар жасай алдыңыз? – Бұл жобаны минисрлікке қарасты Білім беру мазмұнын сараптау (бұрынғы «Оқулық») орталығымен бірлесе 27 ай бойы жасаған едік. Зерттеу барысында оқулықтардағы мәтіндерге, олардың сапасына, терминологияға және иллюстрацияларға мән бердік. Баланың даму онтогенезі деген бар, яғни өмірге келгеннен бастап ақыл тоқтатқанға дейін қандай кезеңдерді бастан кешіреді, қандай дүниелерді қабылдауға бейім тұрады – міне, оқулық авторлары соның бәрін ескеріп жазуы керек. Сондай-ақ оқулық мазмұнының ұлттық танымға сәйкестігіне де барынша көңіл қойдық. Зерттеу аясында Оңтүстік Кореяға ісса­пармен бардық, сонда байқағанымыз – ондағы оқулық баспалары мектептермен, мұғалім­дермен тығыз жұмыс істейді, мұны бақылайтын министрлік құзырындағы арнайы бөлім де бар. Бізде қазір «зет ұрпақ», «альфа ұрпақ» деген тіркестер сәнге айналып кетті ғой, мағынасын сұрасаң тәптіштеп көбі айтып бере алмайды. Мәселен, «альфа ұрпақ» өкілдері топтық жұмыстан гөрі жалғыз жұмысты жақсы көреді, топтың алдында шығып өз қабілеттерін паш етуді ұнатады. Сәйкесінше, оларда тапсыр­маларды да балалардың осы қабілетіне бейімдеп береді немесе кейде оларды, керісінше, топпен жұмыс істеуге ынталандыратын коррекциялық тапсырмаларды көбейтеді. Ғылымдағы зерт­теулер нәтижесін практикада осылайша тиімді пайдаланып жатыр. Біз осы зерттеу жобасы кезінде көп еңбек жаздық. Жалпы, Білім беру мазмұнын сараптау орталығында педагогтарға көп жақсы дүние жасалып, жазылып жатыр. Осы істер жалғаса берсе және оны педагогтар өз тәжірибелерінде пайдаланса, бес-алты жылда жемісті нәтижесін көреміз деп сенемін. – Әңгімеңізге рақмет!