Кеше ел болып ғылым қызметкерлерінің күнін атап өттік. Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмаған. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз отандық ғалымдарға хабарласып, қазіргі қазақ ғылымының жағдайын сұрадық.Әлия СЕМБАЕВА,
«Ғылым қоры» АҚ басқарматөрағасының орынбасары:ҒЫЛЫМИ РЕФОРМАЛАР АШЫҚ ЖҮРГІЗІЛЕ БАСТАДЫ
– Соңғы бес жылдағы отандық ғылымның даму қарқыны артты. Яғни, ғылыми реформалар ашық жүргізіле бастады. Ұлттық ғылыми кеңестер тікелей эфирде көрсетіліп, шешімдердің барлығы ашық қабылданып жатыр. Ғылымды қаржыландыру бірнеше есеге ұлғайды. Негізгі конкурстардан бөлек жас ғалымдарға арналған конкурстар көптеп өткізілуде. Сонымен қатар қазір бизнес пен ғылымды байланыстыруға арналған түрлі алаңдар бар. Ол жерде негізінен ғылымды коммерцияландыру, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылы тақырыптары көтеріледі. Қазір ғалымдар қолданбалы бизнеске арналған идеяларын ұсынып жүр. Дегенмен ғылымның өндіріске енуі бір күнде жүзеге асатын құбылыс емес. Біраз уақыт қажет, ғылым баяу дамиды. Себебі ғылым төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Мен Назарбаев университетінде «Химия» мамандығы бойынша оқыдым. Кейін Ұлыбританияда білім алдым. Шетелмен салыстырсақ бізде химия саласында түрлі кедергі бар. Соған қарамастан, ғылым саласының мүмкіндігі мол деп ойлаймын. Гранттық қаржыландыру, бағдарламалық қамтамасыз етуді қаржыландыру сияқты конкурстар үнемі жарияланып тұрады. Ал барлық жас ғалым мұндай конкурстарға қалай өтініш беруге болатынын біле бермейді. Құжаттарды рәсімдеу тәртібін білмегендіктен мүмкіндіктерден құр қалады. Сондықтан ғылым саласында жол сілтейтін қаржыгерлер мен заңгерлердің болғаны абзал. Себебі ғалымдар тек өз идеяларына бас ауыртуы керек. Ал заңгерлер сол жобаның жүзеге асуына, түрлі конкурстарға қатысуына жағдай жасау қажет.
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ,
физика-математика ғылымыныңдокторы, профессор: ІРГЕЛІ ҒЫЛЫМДАРДЫ ДАМЫТУЫМЫЗ КЕРЕК
– Биотехнология, IT технология мен нанотехнологияның дамуына ден қоюымыз керек. Нанотехнология негізінде жаңа материалдар алуымыз қажет. Ол үшін ең бірінші, іргелі ғылымдарды дамыту маңызды. Біз осы жағынан артта қалып отырмыз. Себебі біз ғалымдардан бірден нәтиже сұраймыз. Ал іргелі ғылым дамымай, ғылымда нәтиже болмайды.
Жалпы іргелі ғылым қолданбалы ғылымның дамуына әсер етеді. Ол өз кезегінде инновациялық ғылымға ұласып, экономикаға пайдасын тигізеді. Ел дамимын десе, бірінші экономиканы қолға алуы керек. Бірақ экономика ғылым мен инновацияға негізделуі керек. Сонда ғана еліміз дамиды. Әлемдік тәжірибені алып қарасақ, дамыған мемлекеттердің бәрі бірінші ғылымға көңіл бөлген. Ел боламыз десек, ғылым мән берілгені керек. Қазір ғылымға қаржы бөлініп жатыр. Бірақ солардың барлығы дерлік ғалымдарға жетіп жатқан жоқ. Дамыған елдер ІЖӨ-нің 2-3 пайызын ғылымның дамуына бөледі. Ал біз жыл сайын ІЖӨ-нің 0,13 пайызын ғана ғылымға бөлеміз. Сондықтан әлемдік деңгейге сай қаражат бөлуіміз керек. Сонда ғана біз ғылымнан халықаралық дәрежедегі нәтижелерді алатын боламыз. Ғалым ретінде айтсам, қазір бөлінетін гранттық қаржы ғылым саласы үшін аз. Ғылым туралы қабылданатын жаңа заңның талқылауына қатыстым. Бірақ мәселенің барлығы ғылым саласына бөлінетін қаржының аздығына келіп тіреледі. АҚШ пен Германия ғылымға ІЖӨ-нің 3-4 пайызына дейін бөледі.
Еламан АЙБОЛДИНОВ,
«Жас ғалымдар» кеңесінің төрағасы:ЖЫЛ ТАРИХИ ШЕШІМДЕРМЕН БАСТАЛДЫ
– 2023 жыл отандық ғылым үшін тарихи шешімдермен басталды. Қаңтар айында Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес құрамын бекітті. Ол құрамда шетелде жұмыс істеп жүрген және ғылым саласына аты мәлім 42 ғалым бар. Сондай-ақ сәуір айының басында Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік статус берілді. Бұл реформалардан жас ғалымдар да тыс қалған жоқ. 2020 жылдан бері жас ғалымдарға арналған гранттық конкурс жеке өткізіліп келеді. Биыл гранттық қаржыландыру төртінші рет өткізіліп отыр. Бұл конкурс негізінде 451 жаңа бағыттағы ғылыми зерттеу жүзеге асырылды. Оның алғашқы легі, 161 гранттық жоба былтыр аяқталып, ғылым саласын комерцияландыру сатысына жолдама алды. Постдокторантура бағдарламасы бойынша 1 мың жас ғалым қамтылды. 500 жас ғалым шетелден тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Менің ойымша, жас ғалымдардың ізденістерін жаңа бағытқа қарай бейімдеу керек. Әлемде қандай ғылыми жаңалықтардың ашылып жатқанын жастар көріп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосуы тиіс. Қазір ғылым саласындағы ғалымдардың саны 22 мыңнан асты. Яғни, еліміздегі жүзеге асқан ғылыми жобаларда жас ғалымдардың үлесі бар.