Қазақстанда алғаш рет Artdocfest/Asia авторлық деректі фильмдер фестивалі өтіп жатыр. 8-15 сәуір аралығында Алматыда фестиваль аясында шетелдік және отандық кинематографистер бас қосты.
АРТДОКФЕСТ – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын ең үздік авторлық деректі фильмдердің қобдишасы деуге болады. 2007 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараның міндеті – деректі киноның тілін дамыту, жекелеген авторлардың шығармашылық еркіндігіне жағдай жасау. Ал мақсаты – бүгінгі һәм болашақ кинематографияның көкжиегін кеңейтетін жарқын туындылар мен олардың көрерменінің арасына алтын көпір құру. Биыл Алматыда өтіп жатқан фестиваль бағдарламасына бірқатар Еуропа және ТМД елдерінің авторлары ұсынған 23 деректі фильм енді. Өкінішке қарай, отандық авторлардың туындылары бұл тізімде жоқ.
Шығармашылық ұжымның айтуынша, ArtDocFest/Asia шеңберінде көрсетілетін барлық деректі туындының ішінде ерекшеленетіні – «Манифест» – мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі бейнероликтерінен жиналған сенсациялық деректі фильмі. Бұл картинаның режиссері Энджи Винчито халықаралық фестивальдерде бүркеншік есіммен танылды, бұл идеясын автордың өзі фильмнің көрсетілімінен кейінгі ықтимал қауіп-қатерден сақтану мақсатымен түсіндіреді. Фестиваль ұйымдастырушылары авторлардың лақап атпен жариялану сұранысы ешқандай ерекшелік емес, соңғы жылдардағы қайғылы үрдіс екенін мойындайды. Өйткені фест шеңберінде көрсетілетін картиналардың көбі ащы шындықты әшкерелеуден тартынбайды. «Манифест» те сондай жарқын жұмыстардың бірі. Фильмнің көрсетілімінен кейін режиссер Энджи Винчитомен Q&A сессиясы өтеді. Винчитоның аноним болу ниетінің себебінен «Манифесттің» тұсаукесерінен кейін автормен дәстүрлі талқылаулар болмаған еді әрі көрерменнің көп сауалы жауапсыз қалды. Бұл орайда автормен өтетін сессия нағыз эксклюзив болмақ.
Бұдан басқа, Ангел Ангеловтің «Байконур. Вторжение», Маруся Сыроечковскаяның «Как спасти мертвого друга», Юрий Пивоваровтың «Секретарь по идеологии, Виталий Манскийдің «О любви и о свободе» және тағы басқа туындыларды тамашалауға болады.
ArtDocFest деректі кинофестивалі алғаш рет Мәскеудегі «Художественный» кинотеатрының алаңында өтті. Оны «Лавр бұтағы» ойын-сауық емес кино саласындағы ұлттық премия дирекциясы ұйымдастырды. Фестиваль ең алдымен «Үздік авторлық деректі фильм» және «Үздік дебют» номинацияларына қатысатын «Лавр бұтағы» жабық кәсіби байқауының фильмдерін қолдау және насихаттау үшін құрылды. Бастапқыда фестиваль бағдарламасына қалың көрерменге аса танымал емес картиналар кірді. Уақыт өте келе фест шеңберінде көрсетілетін ресейлік және шетелдік туындылар мен көрермендер саны арта түсті. 2014 жылдан бастап әлемдік фильмдер, шетелдік және ресейлік премьералар саны бойынша Ресейдегі ең ірі деректі фильмдер фестивалі болып келеді. ArtDocFest түрлі халықаралық кәсіби рейтингтерде топ жарып жүр. «Белый слон» премиясын жылдың үздік кино оқиғасы аталымында екі рет жеңіп алды. Италиядағы Trieste Film Festival және басқа да халықаралық байқаулардың да үздігі атанды.
2014 жылы фестиваль жетекшісі Виталий Манский Латвия Республикасына қоныс аударып, сол жылы алғаш рет ArtDocFest деректі фильмдердің жеке бағдарламасын Ригада көрсетті. 2018 жылы фестивальдің барлық жұмысы, байқаулары Ригаға толыққанды көшті. Фестивальдің дирекциясы – Artdoc Fest & Media латвиялық қоры.
Шығармашылық шара 15 сәуір күні аяқталады. Оның аясында бірқатар туынды мен авторлар марапатталмақ.