Редакциядан
Кез келген адам ыңғайлы салонда отырып, көлік басқарғанда қозғалыс еркіндігін керемет сезінеді. Бірқалыпты тербеліс тіпті ұйқыға тартады. Күшті және әлеуметтік бағдарланған экономиканы құруға бағытталған реформалар да осылай әсер етеді. Әлемдік пандемия, азық-түлік бағасының қымбаттауы, электр энергиясының тарифі қазіргі заманның өзекті мәселесі, сын-қатері саналады. Осы жағдайда Қазақстан үшін өмір сүрудің өзі межелі міндетке айналды. Жалақының аздығы, әлеуметтік теңсіздік үлкен алаңдаушылық туғызады. Сайып келгенде, мұның барлығы да мемлекеттік басқару мен жоспарлаудағы шетін мәселелерді көрсетеді. Алыс жол алғашқы қадамнан басталады Шығыс даналығы даңғыл жолға түсу үшін кем дегенде бірінші қадам жасауға шақырады. Сол секілді біздегі тәуелсіз реформалардың бастауындағы алғашқы қадамдар қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай ушыққан сәтте жасалды. Алайда тұтас елдің тағдыры, тәуелсіздігіміз таразыға түскен кезде жасалған бұл қадамдардың дұрыстығы күмән туғызбайды. Сол сәттер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басқару ісінің төңірегінде жүргендердің есінде болар. Аз ғана уақыттың ішінде дағдарысқа қарсы үкіметтік бағдарламаны түзу бойынша кешенді шаралар қабылданды. Бағдарламаны іске асыру 1994-1995 жылдар кезеңінде өнеркәсіптік өндірістің құлдырауын тоқтатып, ең күшті инфляцияны төмендетуге, өткір әлеуметтік бағдарламаларды шешуге мүмкіндік берді. Оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан, атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры арқылы инвестиция тарту шарасының мейлінше нәтижелі болғанын атап өткен жөн. Бұл экономикалық майданда алға жылжу үшін берік шеп құруға жол ашты. Бәрін кадрлар шешеді Қалай ойлайсыз, броундық қозғалысқа балама бар ма? Болмауы да мүмкін. Әлемдік экономиканың тасасында елді дамыған, бәсекеге қабілетті 50, кейіннен 30 елдің қатарына қосу сияқты ұрандарды тастап қойып отыра беруге де болады. Сәйкесінше, осы аралықта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың мүмкіндіктерін қарастыру, өзге елдермен сыртқы экономикалық қатынастарды түзіп, өзара тиімді мүдделерді ұстануға, елде бейбітшілік пен келісімді сақтауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге де мән берілсе құба-құп. Мұны шағын, бірақ нәтижелі қадам саясаты деп атайды. Біз жан-жақты ойластырылған әрекеттердің уақыт оздырмай нәтиже бере бастағанын байқамаймыз. Бірақ бұл ұзақ жолда «эстафеталық таяқша» бір командадан мемлекеттік мүдделерді жеке мүддесінен биік қоятындардан жасақталған екінші командаға ауысып отырады. 1997 жылдың соңында «Қазақстан– 2030» ұзақмерзімді стратегиясының қабылдану кезінде де осы принцип бойынша дамудың даңғылына түсу жоспары болған. Оншақты басым міндет пен оларды шешудің нақты алгоритмі түзілді. Ғылыми қоғамдастық ел дамуының стратегиялық бағыттарын ғылыми-әдістемелік айқындауда шешуші рөл атқарды. Ауқымды реформалардың бастауы ретінде бұл стратегия мемлекеттік басқарудың түрлі сатыларында және қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болды. Алайда арада көп өтпей, бұл стратегияны мерзімінен бұрын орындалды деп танып, көпшіліктің таңданысын тудырған «Қазақстан–2050» стратегиясы қабылданды. Осы кезден бастап шалағай, өзара байланысы жоқ, тиімділігі дәлелденбеген мемлекеттік, салалық және аймақтық бағдарламаларды қабылдау қарқын алды. Салада әлі күнге тәртіп орнаған жоқ. Қазір бірер жыл бұрын қабылданған еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын ешкім есіне алмайды. Тәжірибелі, стратегиялық тұрғыдан ойлай алатын және ойындағысын лайықты іске асыруға қабілетті басшылар түзген басқару жүйесіне дисфункция тудырудың себебі неде? Бүгінде түрлі деңгейде қабылданып жатқан оңды-солды шешімдер басқару ісіндегі көп мәселенің бір парасы ғана. Біздің ойымызша, олардың астарында жылдан-жылға мемлекеттік басқарудың тиімділігінің төмендеуі жатыр. 2000 жылдардың басында жоспарлы экономика алдыңғы қатарға шығып, басқару жүйесінде мемлекеттік басқаруды бұлыңғырлау процесіне кезек берілді. Әрине, нарық заманы өз дегеніне көндіріп, нарықтық басқару әдістерін анықтайды. Осылай нарықтық қатынасқа бейім, бірақ идеологиясы белгісіздеу менеджерлердің жаңа толқыны пайда болды. Тест жүйесінде тәрбиеленген әлсіз, еріксіз менеджерлер маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетсіз болып шықты. Олар әлеуметтік жүйедегі өндірістік қатынастарды реттейтін ғылым – саяси экономиканың негіздерінен хабарсыз еді. Өйткені олар бухгалтерлік есептерді ғана шешумен айналысатын экономиканы оқыды. Нәтижесінде, мемлекетшіл тұлғалар мен жаңа тұрпатты менеджерлер арасындағы алшақтық барған сайын ажырай түсті. Ал мемлекетшіл ұғымының астарында не жатыр? Бұл теңеу шешім шығаруда әрқашан халықтың мүддесін биік қоятын басқарушыларға қатысты қолданылады. Бүгінде іс жүзінде мұндай менеджерлер қалмады. Министрліктердегі басшылық лауазымдардағы олардың «соңғы тұяғын» «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жас мамандардың алғашқы толқыны алмастырды. Бірақ аз ғана уақыт «билік» құрып үлгерген олар да басшылықтан тез «кетті». Есесіне, ол шенеуніктер халық санасында игі ісімен қалмады. Қазіргі топ-менеджерлерде стратегиялық ойлау қабілетінің болмауы басқару ісінде шешімін күткен көптеген мәселені туындатты. Жылдар бойы мемлекеттің жоғары басқару аппаратындағы басшылар бір кадрлық топтан тағайындалып келді. Бұдан қоғам санасында кадрларды тұрақты жетілдіру туралы иллюзия қалыптасып, бекіді. Барлық мәселе мемлекеттік басқару жүйесіне жастық шағы немесе балалық шағы 90-жылдардың басындағы идеологиялық вакуумға түскен жастардың келуінен басталғандай. Өйткені оларда бұрынғыларға туғаннан бастап санасына сіңген және қызметте ең төменгі лауазымнан бастап сатылап өскендердей жауапкершілік пен түпкілікті нәтиже үшін есеп беру сезімі жоқ. Тіпті, бұлайша күйреу жаңа басқарушылардың қорқынышты түсіне де кірмейді. Олардың корпоративтік қызметінің нәтижелері көңіл көншітпейді. Осылайша, биліктің жоғарғы эшелонының үнсіз келісімімен бір топ қаржыгер өз уақытында «ТМД-да үздік қаржы жүйесін» құру туралы баяндады. Дегенмен экономиканы әртараптандыруға бөлінген қаржы активтерін арнайы құрылған даму институттары арқылы тиімді басқарғаны соншалық, осы уақытқа дейін мемлекет инвестицияны толық көлемде қайтара алмады. Олар мұнымен шектеліп қалмай, «әлемдегі ең мықты мемлекеттік қызмет жүйесін» құрғанын хабарлады. Бірақ онысы да сәтсіздікке ұшырады. Бүгінде мемлекеттік қызмет реформасы басқарушы кадрлар қалыптастырудың корпускулалық қағидаты идеясы арқылы жалғасып жатыр. Және мұны да кім көрінген сынайды. Тиімді мемлекеттік қызметті қалыптастыру бойынша күш-жігерді теңестіретін командалық тәсіл де өркендеп келеді. Сондықтан біз бүгінде ықпалды топтардың арасында бөлінген экономикаға иелік етеміз. Айтып-айтпай не керек, бізде касталық жүйедегі қоғам қалыптаса бастағандай! Жоғарғы сатыдағылар қалауынша өмір сүреді, ал төменгі сатыдағылардың мүмкіндігі шектелген. Экономиканы индустриялық-инновациялық негізде оны дамытудың шикізаттық сипатынан алшақтату үшін әртараптандырудың жиырма жылға созылған процесі елдің шикізат ресурстарына иелік ететін кландарға қызмет көрсететін басқарушылар есебінен тежелгендей көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін құбырларға және мемлекеттер арасындағы қатынастардағы өзгермелі саяси аспектілерге қатаң тәуелділікте бола отырып, мұнай мен газ экспортының бағыттары мен мүмкіндіктерін әртараптандыруға тырыспағанын түсінуге болады. Екінші жағынан, бізде «есеп беретін» экономика бар, ол ықпалды топтар мен олардың экономикадағы мүдделерін қорғаушы рөлін атқарады. Статистика «құбылмалы» цифр Қолдан жасалған иллюзиямен адамның ойына келетін аңыздарды салыстыруға келмейді. Олар нақты жағдайдан мүлдем өзгеше сипатта болуымен және ақпараттық базаға сүйенуімен қауіпті. Статистика – көңілге тыныштық сыйлайтын факті. Бірақ арада бір жыл өтер-өтпестен шынайы жағдай статистикалық деректің құр цифр екенін айқындап береді. Осылайша, өкінішке қарай, әлемнің дамыған және бәсекеге қабілетті 50, содан кейін 30 еліне кірудің құралына айналған, құр елестен тұратын есеп беретін экономика сәтті құрылды. Мұндай міндеттерді бізден басқалар бірінші орынға қоя ма? Ондайды құлағымыз шалмады. Еш жерден оқымадық. Алайда біздің санамызда әлі де түсініксіз сенімділік бар. Шынында, өзге елдерде жоғары басқарушылар мен өндіріс ошақтары өнімді еңбек етіп, қателіктен сабақ алуға тырысады. Осылайша, олар шынымен дамыған елге айналып, халықаралық рейтингтерде көш басында жүреді. Және бұған масаттанбайды. Осы орайда тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Біз мемлекеттік жоспарлау жүйесімен жұмыс істеу тәсіліне көштік. Осыған байланысты Қазақстанда Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың ортамерзімді бағдарламаны іске асыруы үшін саяси жауапкершілігі әлде кездейсоқ, әлде қасқана жойылуы мүмкін. Қазір Үкімет бұрынғыдай ортамерзімді іс-қимыл бағдарламасын әзірлемейді. Сондықтан Үкімет жұмысының тиімділігін бағалау қиын. Мемлекеттің стратегиялық жоспарларын, мемлекеттік бағдарламаларын, салалық бағдарламаларын және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын елдің атқарушы билігінің өзі (Үкімет, Президент Әкімшілігі) бағалайды. Ал бұл жүйе дұрыс па? Нақты жауап беру қиын. Жүйенің дұрыс-бұрыстығын бірнеше жылдан кейін өмірдің өзі көрсетеді. Мүмкін мұндай басқару формасы мен әдістерінің тиімсіздігіне көзіміз жетер. Есесіне, біз қажетті реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт жоғалтып аламыз. Бірақ қазіргі топ-менеджерлер тым асығыс, есеп беретін, уақытша психологиясы бар. Сондықтан негізгі процестерді уақытша «қолмен басқаруға» көшуге болады. Сонда сізде кем дегенде өз әрекетіңіз үшін жауапкершілік пайда болуы мүмкін. Алайда егер бұл ретте басқарудың негізгі тетігі қайтадан Ұлттық қорға келіп тірелетін болса, ол ешқандай да жақсылық әкелмейді. Басқарушы элитаны қалыптастыруға корпускулалық көзқарастың барлық фикс-идеяларына қарамастан, кадрлық құрамды толығымен өзгерту мүмкін. Оны жүзеге асыруға болатын сияқты. Саяси реформалар мен соны өзгерістер аясында биліктің жаңартылған өкілді тармағы ұсынылып отыр. Қазір экономистердің айтқанына сенбей, экономистер сияқты ойлау керек! Аймақтарға айрықша мән беру қажет Реформалардың алғашқы жылдарында макроэкономикалық күш-жігер қажет болды. Сондықтан барлығы макроэкономиске айналды. Сол кездегі реформаторлар реформаларды облыс, аудан, тіпті қарапайым кәсіпорындар деңгейіндегілер кері тартатынын жақсы біледі. Және олар бұл қадамға реформаларға кедергі келтіру үші емес, керісінше реформалардың мән-маңызын, бұл процестердегі өз орнын түсінбегендіктен барды. Бүгін бәрі қиындай түсті. Экономикалық әлеует салалардың, кәсіпорындар мен аймақтардың дамуында көрініс табуы үшін әлдеқайда күрделі-микро деңгейде күш салу қажет. Дегенмен басқару психологиясы өзгеріссіз қалды. Нақты және біртұтас аймақтық саясат жоқ. Алайда жергілікті өзін-өзі басқарудың толық заңнамалық базасымен қамтамасыз етілмеген агроөнеркәсіптік кешенін стратегиялық дамыту шеңберінде ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламалары бар. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару орталық пен өңірлердің бюджетаралық қатынастар жүйесіне әлі толық сәйкес келмейді. Мұндай жағдайларда өңірлерде Индустрияландыру картасының инновациялық-инвестициялық жобаларын іске асырудың нәтижелерін күту қиын болды. Себебі олардың көпшілігі еңбек, инфрақұрылым және өзге де жергілікті ресурстар бойынша өңірлердің нақты әлеуеті ескерілмей түзілген еді. Ғылымның әлеуеті ескерусіз қалмаса Басқару әлеуетін арттыру үшін ғылымның мүмкіндігін пайдалануға болады десек, көп қателесе қоймаймыз. Жоспарлы экономика уақытында, тәуелсіз реформалардың алғашқы кезеңдерінде де солай болды. Ғылым сол кездегі қоғамдық дамудың алға сүйреушісі болды. Ал зор беделге ие ғалымдардың пікіріне жоғары жақ құлақ салатын. Тағдыршешті бағдарламалық шешімдер ведомстволық және орталық ғылыми институттардың сараптамалық-талдамалық және болжамдық негіздемелерін ескере отырып қабылданды. Бірақ бүгінде ғылым шетте қалып, еңсесін тіктей алмай жатыр. Біз бұл тақырыпты бірнеше рет көтердік. Сондықтан мәселенің түп-тамырын үңілудің қажеті жоқ. Жаңарған, толыққанды ғылым ғана басқару ісінің сапасының өсуіне қажетті барлық факторды жұмылдыра алады деген сенім бар. Енді бәрі салалық ведомство осы маңызды мәселені шешудегі қабілетіне байланысты. Сайып келгенде, сындарлы скептиктердің реформа жолында реформаторлармен бірдей жұмыс істеді. Уақытпен сыналған бұл фактіге қарсы келу қиын. Басқарушылық орта барған сайын бұлыңғырлана түскенде бұл мәселе өзекті. Заманауи топ-менеджерлерге оларды тыңдауға кеңес беруге болады. Өйткені сындарлы скептиктерде әрқашан қонымды идеялар болады. Менің ойымша, реформалар басқарушылық ортадағы «бәрі уақытша» деген психологиядан құрдымға кетеді. Шынында да, егер сіз ертең мүлдем басқа қызметке ауысып кететініңізді білсеңіз, қазіргі жұмысыңызды ынта-шынтамен атқаруға құштарлық таныта қоймайсыз. Осыдан бастап кабинеттегі басқару стиліне сай келмегендіктен, қоғамдық пікір де елеусіз қалып жатады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Елордадағы жағалаулардың бірінде сырғанақ тебуге рұқсат берілмей келеді. Ол бойынша тұрғындар әкімдікке талай өтініш жолдаған. Алайда ештеңе өзгермеді. Қаланың кезекті әкіміне қол астындағылар елорданың ішкі және сыртқы туризмнің орталығына айналғанын баяндап әлек. Есесіне, шетелдік туристер мұндай тағылықты көріп таң қалады. Халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, әлемдік қоғамдастықта экономикалық тұрақты және бәсекеге қабілетті мемлекет құруға ұмтылсақ, сөзсіз реформа жүргізілуі керек. Және де реформалар тиімді болуы үшін көкжиекте құр елес емес, нақты қол жеткізуге болатын мақсаттарды көреміз десек, келесі принциптерді ұстану маңызды: – тәуелсіздіктің бірінші онжылдығындағы елдің даму оптимизмін түбегейлі бұзып, қиялдан арылып, нақты әлемде өмір сүруге ұмтылу керек. – өткенді түсінуге, бүгінді түсінуге және болашақ ерекшеліктері мен даму жағдайларын болжауға сәйкес, дұрыс және нақты қол жеткізуге болатын мақсаттар қою; – қойылған мақсаттарға кезең-кезеңімен қол жеткізу үшін іс-қимылдар жоспарын түзу; – реформалардың орындалу барысына басқарушылық ықпал ету бойынша салмақты шешімдер қабылдау үшін нәтижелерді мониторингілеу жөніндегі шаралар шеңберінде кері байланыс қағидатын толық көлемде іске асыру. Бәрі қарапайым болып көрінеді, бірақ іс жүзінде мұның бәрін іске асыру қиын. Бізден мұнан басқа жол жоқ. Әйтпесе, реформалар келесі проформаларға айналады.Еділ МАМЫТБЕКОВ, VII шақырылымдағы Парламент Сенатының депутаты, ф-м.ғ.к., доцент, ҚР ҰИА академигі, ХАА академигі Хаслан ҚҰСАЙЫНОВ, э.ғ.д., профессор, ХАА академигі